Қазақстанда ана өлімі 12%-ға төмендеді
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Ана өлімі көрсеткіші 12%-ға төмендеді. Сондай-ақ неонаталдық өлім 20%-ға, сәби өлімі 11%-ға, ал бала өлімі 8%-ға азайды.
Елімізде 2024 жылы алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп, 71 жатырішілік (ұрыққа) операция жасалды. Нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Жаңа туған сәбилер хирургиясы қолға алынып, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында туа біткен даму ақаулары бар 600 нәрестеге ота жасалды.

Осы орайда бір күндік клиникалар, Ұрықты қорғау орталықтары ашылды. Балаларға туғаннан бастап неонаталдық, аудиологиялық, психофизикалық және офтальмологиялық төрт түрлі скрининг жүргізілді. Бұл жұмыс нәтижесін беріп, туа біткен ақаулары бар балалар арасындағы бастапқы мүгедектік 7,5%-ға төмендеді, ал жаңа туғандардың өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін артты.
Балаларға көрсетілетін көмекті жақсарту үшін әрбір АМСК ұйымында педиатриялық бөлімдер ұйымдастырылуда. ЮНИСЕФ қолдауымен емханаларда Балаларды дамыту және ерте араласу орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде осындай 100 орталық жұмыс істейді, онда дамуында қиындықтары бар балалар кешенді көмек алады. Балалар арасында аутизм диагнозы қойылғандар санының көбеюіне байланысты олардың реабилитациясына арналған төсек-орын саны 4 есеге артты.
Аналарды қолдау үшін алғаш рет әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар шалғай ауылдардағы әйелдер үшін жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала госпитализациялауға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылып жатыр.
Аяулым СОВЕТ



