Қазақстанда 145 мың колледж студенті мемлекеттік тапсырыспен білім алуда
2025–2026 оқу жылында еліміздің колледждеріне 189 мың талапкер қабылданды. Оның ішінде 145 мың студент мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Ortalyq.kz.

Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, барлық 9-сынып түлектері машина жасау, IT, энергетика және құрылыс сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша тегін оқу мүмкіндігімен қамтылған.
Қазіргі таңда дуальды оқыту жүйесі 108 мың студентті қамтиды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 135 мыңға жеткізу жоспарлануда.
Орта буын кәсіби білім беру жүйесін дамыту халықаралық ынтымақтастық арқылы да жүзеге асырылуда. Қытай, Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Италия, Ұлыбритания және Швейцарияның колледждерімен 50-ден астам келісім жасалған. Бұл әріптестік академиялық ұтқырлықты, салалық аккредитацияны және тәжірибе алмасуды қамтиды.
Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық құрама командасы Данияда өткен Euroskills Herning 2025 кәсіби шеберлік чемпионатында табысты өнер көрсетіп, бес құзырет бойынша жеті марапат иеленді. Олардың ішінде веб-технологиялар, мехатроника, графикалық дизайн, желілік және жүйелік әкімшілендіру, инженерлік CAD-дизайн, сондай-ақ «Ел үздігі» номинациясы бар.
Аяулым СОВЕТ



