Бас тақырып

Қазақстанда 10,5 млн әйел бар

Еліміздегі әйелдер саны 10 488 074 адамды құрайды. Бұл ел халқының жартысына жуық бөлігін құрайтын маңызды әлеуметтік топ болып табылады. Әйелдердің жас бойынша құрылымына қарасақ, олардың 29,1%-ы 0-15 жас аралығында, 55,5%-ы 16-60 жас аралығында, ал 15,4%-ы 61 жастан жоғары екенін байқаймыз.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақтар бойынша әйелдер саны ең көп Алматы қаласында – 1,2 миллион, Түркістан облысында – 1 миллион, Астана қаласында – 803,5 мың, Алматы облысында – 778,5 мың адамды құрайды.

Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1 жас, ал олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,4 жыл болып бағаланады.

Жұмыс күші құрамында әйелдердің үлесі де айтарлықтай: жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ын әйелдер құрайды, оның ішінде жалдамалы жұмысшылардың 50%-ы, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың 45%-ы әйелдер.

Еңбек нарығында әйелдер ең көп білім саласында (20%), сауда секторында (19%) және денсаулық сақтау саласында (10%) жұмыс істейді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікте әйелдердің үлесі 50,8% құрайды, бұл олардың экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жұмыс істейтін әйелдер арасында 35-44 жас аралығындағы топ ең көп, оның саны 1,3 миллион адамға жетеді. Бұл жас аралығы әйелдердің кәсіби дамуы мен еңбек нарығында белсенділігі ең жоғары кезең екенін көрсетеді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button