Бас тақырыпБасты тақырып

Қазақстан теңгесі қалай пайда болды?

Ұлттық валютамыздың соңғы екі-үш апта көлемінде күрт құнсыздануы халыққа да, елдің жалпы экономикасына да оңай тимейтіні белгілі.  Айналысқа енгізілгеніне 31 жыл өткен теңге осы уақыттың ішінде бірнеше мәрте құнын төмендеткені сондай, валюта айырбастау пункттеріндегі бағасы қанша екеніне көпшілік қатты мән бермейтін сияқты. Мысалы, 1993 жылды 1 АҚШ доллары 6.31 теңге бағамен аяқтаса, 1994 жылы бірден 54.26 теңгеге көтерілген екен. АҚШ валютасының одан кейінгі «үлкен секірісі» 1999 жылға дөп келеді: алдындағы жылы 1 доллар 78.29 теңгеге бағаланса, екінші мыңжылдықтың соңында бірден 119.64 теңгеге жетіпті. Одан әрі, Жұмекен Нәжмиденов айтқандай, «сол жығылу, жығылу, жығылу боп кетіпті». Қазір 1 АҚШ долларының құны 530 теңгенің үстінде. Экономистер бұл құнсыздану шегі емес екенін ашық айтуда.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Бүгінгі таңда қадірі кетіп, бағасы күн асқан сайын құлдырап бара жатқан теңгені әзірлеу және Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің құралына айналдыру оңай жүзеге аспаған екен. Осы міндетті атқарған тұлға, мемлекет және өнеркәсіп қайраткері, түсті металл саласындағы мықты ғалым (техника ғылымдарының кандидаты), Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауық Тәкежанов туралы аз-кем әңгіме өрбітпекпіз.

Сауық Темірбайұлы Қазақстанның экономикалық әлеуеті қалыптасуы мен тәуелсіздігі баянды болуына орасан үлес қосқан азамат, ерекше тағдыр иесі. Кеңестік билік тарапынан жасалған мемлекеттік террор салдарынан қазақ халқының үштен бір бөлігі аштан қырылған үлкен нәубеттің алдында, 1931 жылы 18 қарашада Нұраның бойындағы Шұңқыркөл аулында дүниеге келген Сауық өмірдің ызғары мен азабын сәби шағынан тартып өседі. Елде «халық жауларын құрықтау» науқаны басталған саяси қуғын-сүргіннің алғашқы легінде-ақ әкесі Темірбай ұсталып, ұлының алты жасында атылып кетеді. Анасы емшектегі қызымен «АЛЖИР» абақтысына айдалып, Сауық әкесінің ағасы Құсайынның қолында тәрбие алады.

Құсайын Тәкежанов өз дәуіріндегі сауатты адамдардың бірі, шығыстың бірнеше тілін білген, аударма жасаған. Сауыққа жетімдік көрсетпей, әкелік қамқорлыққа бөлеп, ұлтын сүйетін азамат етіп тәрбиелейді. Ақын Құсайын Тәкежановтың «Таңдамалы шығармалары» оны құрастырған Сауық қайтыс болған соң жарық көріпті.

Коммунистік идеологияның құлдары халықтың қызыл қанын шашып орнатқан қоғам тағдырын тәлкекке салып, тарыдай қуырса да өмірге өкпесін артпай, табиғат бойына дарытқан талантын ұштап, білім алуға ден қояды. Орта білім алған соң Томск политехникалық институтын физика-технология мамандығы бойынша 1956 жылы тәмамдаған (кейін, 1980 жылы Мәскеуде КСРО Халық шаруашылығын басқару институтын бітірген). Еңбек жолын Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында зауыт жұмысшысы болып бастаған Сауық Темірбайұлы одан әрі шебер, цех бастығының орынбасары, бастығы, комбинат бас инженерінің орынбасары, бас инженер, Қазақ КСР түсті металлургия министрінің орынбасары, министр, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Жоспарлау комитетінің төрағасы, «Қазқорғасын» қорғасын-мырыш кәсіпорындары өндірістік бірлестігінің бас директоры, «Қазметалл» АҚ өнеркәсіптік-қаржы компаниясының президенті лауазымында қызмет жасады. Полиметалл шикізатын кешенді пайдалануға оңды әсерін тигізетін экстракционалдық үдерістерді жасағаны және Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына енгізгені, сонымен бірге сирек металдардың өндірісін жолға қойғаны үшін 1985 жылы бір топ ғалыммен бірге техника саласында КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 108 ғылыми еңбектің, 100-ден астам өнертапқыштық жұмыстың және 43 патенттің авторы.  

Сурет https://abai.kz

Сауық Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VІІ – ХІІ шақырылымдарына және ҚР-ның алғашқы Парламентіне депутат болып сайланды. Ол КСРО-ның Ленин орденімен, төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақстанның «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген өнертапқышы (1970) және Еңбек сіңірген металлургі (1972). Өмірін «халық жауының» баласы атымен бастап, ұлттың мәртебесін асқақтатқан ерен тұлға болып түйіндеген оны ұлтының нар перзенті деп айтпасқа амалымыз жоқ.

С.Тәкежановтың өнертапқыштығына қатысты бірер мысал: Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалғаннан кейін, Мәскеу болат және қорытпалар институтындағы әріптестері Норильск өндірістік комбинатында өндірісті жолға қоюға көмектесуді өтінеді. Онда жаңадан салынған сұйық ваннада балқыту пешінде апат өте жиі болатын. Сауық Темірбайұлы Балқаш кен-байыту комбинатында осындай пештің тәжірибелік-өндірістік сынақ бағдарламасын құрастырады. Оған Өскемендегі тәжірибесінен ұсыныстар енгізіп, сынаққа өзі басшылық жасайды. Сынақ нәтижесінде пеш жұмыс істейді. Қазір осындай пештер Балқаш, Норильск, Орал комбинаттарында жұмыс істейді. Сауық Тәкежанов Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында қызмет атқарған кезде оның басшылығымен Ертіс мыс балқыту зауытында жаңа КИВЦЭТ технологиясы жасалып, іске қосылды. Соның арқасында авторлар тобы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Бұл технология өндіріске даярлық уақытын, артық шығынды жойды, мыс өндіру көлемін ұлғайтты, тазартылатын газ мөлшерін 20 есеге азайтты. Мұндай технология соңғы уақытқа дейін әлемнің алпауыт елдерінің өзінде жасалған жоқ. Өскемен ҚМК өндірген титан Лондонның металл биржасында «тазалық эталоны» болып мойындалды. Сондықтан, КИВЦЭТ технологиясының лицензиясын Мәскеу әлденеше елге сатып, көл-көсір пайдаға кенелді. С.Тәкежанов кеңестік металлургияны ондаған патентпен, лицензиямен, сансыз өнертапқыштық ұсыныстарымен байытты.

С.Тәкежанов металлургия саласын Қазақстан өнеркәсібінің іргетасы деп санады. КСРО-да қайта құру үдерісі басталғанда республиканы басқарған Г.Колбинға түсті металлургияға тиіспеңіз деп өтініш жасады. Осы мезгілде елде 48 тау-кен және металлургия кәсіпорындары жұмыс істеді.

Қайта құру Қазақстанда күрделі жағдайда басталды. Инженерлердің үлкен тобы жайлы тұрмыс іздеп республиканы тастап кетті. Тәжірибелі мамандар қатары сақталсын, басқа елдерге кетпесін деп Тәкежанов өнеркәсіп компаниясын құрды. 1992 жылы республикада 3 мыңға тарта инженер болды, Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының үштен бірін инженерлер құраған еді. Ол елдегі аса өзекті мәселе инженер кадрларды сақтау екенін көрсетті. Сол себепті Қазақстан Инженерлер одағы, Еңбек партиясы, Ұлттық инженерлік академия құрылды.

Сауық Тәкежанов көптеген өзекті, ұтымды идеялардың генераторы еді. Оның ұсыныстары таза ғылыми және өндірістік мәселеден бастап қоғамдық-экономикаға дейінгі ең кең салаларды қамтыды. Оның іргелі идеяларының бірі маңызы бар табиғи ресурстарды қалдықсыз қайта өңдеу арқылы кешенді пайдалануға бағытталды. Билік органдары оның ұсыныстарын қолдағанда еліміз көптеген экономикалық, экологиялық мәселелерді ұтымдылықпен шеше алар еді. С.Тәкежанов көздеген алуан салалы бағдарламаны сауатты мамандар сәтімен ұйымдастырып, орындау үшін қоғамның техникалық білімі бар базалық табын – жоғары техникалық оқу орындарының, колледждер мен КТУ түлектерін қалыптастыру қажет. Оларды оқыту бағдарламалары индустриялық-инновациялық саясатқа сай болу керек. ЖОО және КТУ түлектеріне сапалы білім беру мен Қазақстанның өнеркәсіптеріне, өндіріс орындарына жұмысқа орналастыруды қатар жүргізуді көздеді. Оның мемлекетшіл қасиеттері мен әмбебаптығы министр орнында байқалды. Сол сияқты, парламент депутатының мінсіз үлгісі ретінде есте қалды. Сауық Тәкежанов отаншылдықтың параметрін негіздеген, заманауи сын-қатерлерді түсінуге және оларға лайықты жауап беруге қабілетті адам еді.

Сауық Темірбайұлы республика Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың соңында қабылдаған нарықтық экономикаға ауысу және тұрақтандыру бағдарламасын әзірлеуге қатысты және экономикалық реформаның бастауы болған, Қазақстанда заңдар әзірлеген және қабылдаған бірінші комиссияны басқарды: жеке меншік туралы, шетелдік инвестициялар туралы, жер туралы, кәсіпорын туралы және қазақстандық түсті және қара металл, т.б. бойынша іргелі еңбектер жариялады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында КСРО-ның іргетасы шайқала бастады. Мемлекет басындағы М.С.Горбачев саяси реформалар жасауға, өндірістік қатынастарды қайта құруға талпынғанымен, жағдай күннен күнге күрделене берді. Одақтың ыдырайтыны белгілі болғанда, экономикалық дербестік пен тәуелсіздік туралы мәселе табан астында пайда болды. Бұған дейін қолдағы бар игілікті Одақтың ортақ қазынасына құйып келсе де, өзін КСРО-ның мұрагері санаған Мәскеуден валюталық үлес алу мүмкін еместігін, онсыз экономикалық дербестікке қол жетпейтінін сауатты экономистер мен өндірісшілер, әсіресе Ресеймен көп істес болған, ол кез-келген жерде «лақтырып» кететінін Сауат Темірбайұлы жақсы түсінді. Республикада жедел құрылған Экономикалық қауіпсіздік комитеті – С.Тәкежанов, М.Оспанов, С.Түгелбаев, П.Своик (кейін оларға А.Қонысбаев, Г.Алдажамаров және т.б. қосылды) кез-келген мемлекеттің тәуелсіздігі кем дегенде үш шартқа жауап беруі тиістігін – мемлекет шекарасы, оны қорғауға арналған әскері және экономикалық қауіпсіздігі үшін дербес ұлттық валютасы қажеттігін басшылыққа алды. Ең алдымен КСРО-да әрекет еткен, аумақтық баға жөніндегі саясатқа құрылған ақша-кредиттік қатынастар жүйесінен бас тарту керек еді.

Сурет https://abai.kz

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. 1990-1991 жылдары республиканың ғылыми-инженерлік қауымдастығы және жоғарыдағы Комитет Украина, Балтық маңы республикалары, Қырғызстан дербес ұлттық валюталарын енгізу арқылы қандай жетістікке жетіп, қандай қиындыққа тап болғанын зерттеді. Алынған деректерді басшылыққа ұстап, дербес ұлттық валюта енгізуге алтын қорын, тұтастай алғанда алтын-валюта қорларын және басқа жоғары өтімді банк активтерін жасауды ретке келтіру алдын ала жүруі керектігіне көз жеткізді және осы мәселені республика басшылығының алдына қойды. Бұл кезде әлі де Одақтың үлкен лауазымынан дәмелі болған, КСРО-ның күні батқанына сенбеген Қазақстан жетекшілері рубльдік аймақта қала беруге ден қойды.

«Ұлттық валютаны дайындауда ойластырылған бағдарламамен маған бірінші келген Сауық Темірбайұлы Тәкежанов болды. Бұл өзінің бастамаларына табанды және өз ұсыныстарын салмақпен негіздей алатын адам болды. …Ұлттық валютаны дайындауды қатаң құпиялылық жағдайында жүргізуді шештік. Президент біздің долбарларымызды мақұлдады және жұмыс басталып кетті… », деп жазды кейін Қазақстанның сол кездегі вице-президенті Е.Асанбаев.

1991 жылы 1 қарашада аталған Комитет дербес ұлттық валютаны – теңгені айналысқа енгізу қажеттігі туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына ресми ұсыныс жасады. Ақыры ҚР Президенті «Қазақ КСР-нда алтын қорын және алмаз қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойып, Ұлттық банкке Мемлекеттік құндылықтар қоймасын ұйымдастыруды тапсырды. Теңгенің кескінін жасау үшін Қазақ КСР ҒА Тарих және археология институтының мамандары және республиканың бір топ дизайнері шақырылды. Бірақ, республика басшылығы теңгені айналымға кіргізуге асықпады. Қазақстан мен Белоруссия рубль аймағында қала берді. Тек 1993 жылғы 26 шілдеде Ресей жаңа ақшасын енгізіп, біздің елде кеңестік ескі ақша қаптап кеткен кезде, орыс федерациясы жаңа ақшасымен дербес экономикалық саясатын жүргізіп жатқанына екі жарым ай өткенде ғана, 1993 жылы 12 қазанда ҚР Парламенті Қазақстанның ақша жүйесін Ресейдің ақша жүйесімен біріктіру жөніндегі келісімді ратификациалауды қарады. Әрқашан «мақұл» депутаттарымыз құжатты бекітуге кіріспек болғанда С.Тәкежанов табандылықпен сөз сұрап алып, Ресейдің орталық банкі көзбояушылық жасап отырғанын, келісімде екі жақтың құқықтары мен міндеттемелері тең дәрежеде көрсетілуі қажет екенін, мұнда тек Қазақстан тарапының міндеттері ғана көрсетілгенін айтып, Парламентті өз пікіріне әзер иліктіреді. Биліктегі шенділердің экономикалық сауатсыздығы мен жауапсыздығы салдарынан Қазақстанның орасан зор шығынға батқан тауар рыногын әупірімдеп қорғап қалған Сауық Темірбайұлы теңге айналымға енген 1993 жылғы 15 қарашаға «Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн!» деп анықтама беріпті. Яғни, Қазақстан теңгесінің шынайы авторы – Сауық Тәкежанов! 

Мәскеу Қазақстанды әрдайым шикізат базасы ретінде ғана пайдаланып, бүкіл байлығын борсықша сорып келгені белгілі. С.Тәкежанов 1974 жылы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарғанда, республикада «ұлттық табыс», «ішкі жалпы өнім» деген терминдер осыған дейін мүлде болмағанына таң қалады. Жалпы, тапсырылатын есепте ондай графа бар екен, оны жоғары жақ толтыратын көрінеді. Келесі есепте аталған графаны өзі жасаған есеп-қисап бойынша «төменнен» жіберген күннің ертеңінде Сауық Темірбайұлын ҚКП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы шақырып, «ұлттық табыста» жұмысың қанша, ұлшылдықты аңсап жүрмісің деп дүрсе қоя береді. Оған «ұлттық табыс» экономиканың негізі екенін, бұл терминді пайдалану одаққа, партияға ешқандай нұқсан келтірмейтінін әзер түсіндіріпті.

Қарастырып отырған кейіпкеріміздің өміріне, еңбегіне қатысты бұрын-соңды жарық көрген не бар екен деп еліміздегі газет-журналдар мен ғаламтор желісін қарастырғанда марқұмның қайтыс болғанына жыл толуына орай О.Квятковский шығарған «Тәкежанов» деген кітабы мен белгілі жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевтың өте тамаша очеркін ұшыраттық. Басқа толымды дүние көзге түспеді. Сауық Темірбайұлының Қазақстанды шынайы экономикалық тәуелсіздікке жеткізуге бағытталған бастамалары мен табанды күресін, мақсатына жетуіне кедергі болған бюрократизм мен жалтақтықты, ұлттық мүддеге жаны ашымайтындардан көрген қиындықтарын әсіресе Бейбіт аға көркем тілмен, нақты деректер мен дәйектерді келтіре отырып баяндаған екен. Осы авторлардың еңбегін біз де пайдаландық.

Қазақстанның тұңғыш Парламенті таратылғаннан кейін ашық пікірлері үшін қайтадан депутат болып сайланбаған ол шикізатты кешенді түрде пайдалану жөнінде «Қазақстан алтыны», «Конверсия алтыны» секілді құнды бағдарламалар жасап, олардың орындалуына басшылық етті. «Қазметалл» компаниясының және «Қазалмазалтын» консорциумының негізін қалады, президенті болды.

Қазақстанның экономикалық дамуына, соның ішінде металлургия саласын тиімді пайдалануға қатысты С.Тәкежановтың озық ойлары болды. Өкінішке орай, олардың көбін көзі тірісінде жүзеге асыра алмады. Ол соңына елеулі мұра қалдырды. Әсіресе, көп жылғы пайымдаулар негізінде жазылған «Қазақстанның түсті металлургиясы. Тарих фрагменттері, нәтижелер мен тенденциялар» еңбегінде Қазақстанда түсті металлургияның пайда болу, даму кезеңдеріне тоқталып, рыноктық экономика жағдайында оның өркендеу ерекшеліктерін сараптады. «Кешенді шикізатқа – жаңа технологиялар» атты кітабы түсті, қара металдар өндіру технологиясын қайта жарақтандырудың болашағын талдайды. Металды сыртқа сату үшін ғана шығарудың болашағы жоқ екенін айта келіп, ол тұтынуға дайын өнімге айналғанда ғана елімізге пайда түсіретінін атап көрсетеді. Әріптестері мен шәкірттерінің айтуынша, Сауық Темірбайұлының минералдық шикізатты кешенді өңдеуді ұсынған тұжырымдары, республиканың экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін ұстанған принциптері – нақты техникалық философия. Бұларда оның инженерлікпен қатар, мемлекетшілдік, реформаторлық ойлары, көзқарастары шоғырланған. Бірақ, автор өз қаражатымен шығарған, таралымы аз құнды еңбектері ғылыми-зерттеу орталықтарының, өндіріс пен оқу орындарының назарынан тыс қалып келеді.   

2003 жылы 20 тамызда қайтыс болған С.Тәкежанов металлургтер отбасының негізін қалады. Сауық ағаның зайыбы Клара Зейноллақызы Қуанышева да инженер-металлург, Өскемен қорғасын-мырыш зауытында, ҚазКСР ҒА Металлургия және байыту институтында зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, қазіргі ҚазҰТУ-да дәріс берді. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, жетпіске тарта ғылыми еңбектің, 15 өнертабыстың және 7 патенттің авторы. Қызы Мәдина – металлург, ұлы Жанболат – физик-химик әрі металлург.

Ұлтының нар тұлғасы Сауық Тәкежановтың біз біліп, таныған кескін-келбеті мен еңбегі, соңына қалдырған мұрасы осындай.

 Ермек БАЛТАШҰЛЫ

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button