Қазақстан құрамасы Словениядан жеңіліп қалды
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы өз алаңында Словения құрамасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Отандастарымыз үшін матч сәтті басталған. 24-минутта сол қапталдан әуелете көтерген қорғаушы Ян Вороговскийдің добын шабуылшы Максим Самородов қақпаға тоғытты. Осылайша, ойынның алғашқы кезеңі жерлестердің пайдасына шешілді.
Өкінішке орай, екінші таймда ойын күрт өзгерді. 47-ші минутта қарсылас команда қорғаушысы Давид Брекало есепті теңестірді. Ойынның 78-ші минутында словениялық шабуылшы Жан Випотник есепті еселеді. Осылайша қарсыластар жеңісті қолдан жұлып алды.
– Ойынды жақсы бастадық. Алайда, екінші айналым басталысымен гол жіберіп алдық. Содан болар, жігіттердің еңсесі түсіп кетті. Стандарттан кірген гол жігіттердің психологиясына қатты әсер етті. Енді ойынның бәрін қайта бір қарап, қателіктермен жұмыс істейміз. Қолдап келген барша көрерменге Алғысымыз шексіз! Өкінішке қарай сіздерді қуанта алмадық. Алдағы уақытта Дания құрамасымен кездесеміз. Сол кезде жеңіске жетіп, керемет көңіл күй сыйлаймыз деген ойдамыз. Футбол болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, – деді Қазақстан Ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов.
Ербол ЕРБОЛАТ.
Оrtalyq.kz