Спорт

Қазақстан құрамасы Бельгиямен тең түсті

Қазақстан футбол құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін сүреңсіз бастағанымен, соңғы үш ойында керемет өнер көрсетті. Командалық ойын. Командалық рух. Жеңіске деген жігер. Дәл осы қасиетті Бельгия құрамасына қарсы өткен ойында көрдік. Қарымта кездесуді өз алаңымызда өткізіп, 1:1 есебімен тең түстік. Ал, бұл нәтиже үлкен сенсацияға айналды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бельгия – азулы қарсылас. Әрі топтың көшбасшысы. Өткен жолы бірінші кездесуде ұлттық құрама 0:6 есебімен жеңіліп қалған болатын. Осы жолғы қарымта кездесуге команда «Ең болмаса ұпай жоғалтпайық» деген мақсатпен шыққан. Сол ой жүзеге асты. Қарсыластарға қарсы мінез көрсете білдік. Әрі бірінші болып есеп аштық. Құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов матч алдындағы брифингте: «Біздің команда тек шабуылға бағдарланған», – деп айтқан еді. Бұл жолы бапкердің болжамы да, тактикасы да толықтай орындалды деп айтуға негіз бар.

Кездесудің небәрі 9-минутында Дастан Сәтпаев есеп ашты. Нақтысын айтсақ, қарсыластардың өрескел қателігін пайдаланып, өзіне келген мүмкіндікті мүлт жібермеді. Әрине, Дастан – басқа деңгейдегі ойыншы. Жанкүйерлер оны еуропалық клубтың шабуылшыларымен де салыстырып жатады. Онысы – рас енді. Бойында мінез де, қайсарлық та бар. Кәсібилік деңгейі өз алдына бір төбе. Өзі бұған дейін де ұлттық құрама сапында жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүрген талантты футболшы. Бұл жолы да жарқ етті.

Одан бөлек, қақпашы Темірлан Анарбековтің еңбегін де ерекше атап өтпеске болмас. Бельгия құрамасы негізгі ойыншыларымен толық құрамда келмесе де, Еуропа алаңында доп теуіп жүрген мықты футболшылары бар. Сол футболшылардың өзі Темірланның қақпасынан саңылау таба алмады.

Қазіргі таңда елдің аузында – Анарбековтің ерлігі. Бұл футболшы өзгелер секілді бір күн ойнап, бір күн ойыннан тыс қалмайды. Тұрақты өнер көрсетіп жүр. Тіпті, біраз уақыттан бері еуропалық клубтар да Темірланға көз тігіп отыр. Әрине, еуропа төрінде қазақ баласы доп тепсе, қалай қуанбасқа?!

Ұлттық құрама Әли Әлиевтің жетекшілігімен әлем чемпионатын бастаған еді. Сол кезеңде құрамамыз Солтүстік Македония, Уэльс және Бельгия құрамасынан қатарынан жеңіліп, қиын сәттерді бастан өткерді. Кейін бас бапкер лауазымынан босатылып, орнына Талғат Маруанұлы тағайындалған. Оның алғашқы ойыны – Лихтенштейн құрамасына қарсы кездесу. Нәтижесінде, өз алаңымызда үш ұпай еншілеп, командаға сенім оралды. Одан кейін, Солтүстік Македониямен тең түсті. Енді міне, Бельгиямен де қарымта кездесу тең аяқталды. Бұған дейін жеңілістен көз ашпай келе жатқан ұлттық құрама жігіттері алаңға үлкен күшпен қайта оралды. Егер бұл жалғаса берсе, нәтиже сөзсіз жаман болмасы анық. Бір сөзбен айтқанда, жанкүйерлердің ұлттық құраманың жетістігіне деген үміті қайта жанды.

Бүгінде ұлттық құрама әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі жорығын аяқтады. Өз тобында 8 ұпаймен IV орынға табан тіреді. Ал, бұл көрсеткішке жанкүйерлер қауымы өз бағасын бере жатар. Дегенмен, келер жылға үміт мол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button