Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына ресми сапары аяқталды
3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына арналған және жапон милитаристеріне қарсы күресте қол жеткізген жеңістің құрметіне арналған әскери парадқа қатысып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұйымдастырған ресми қабылдауда болды.

Бұған дейін, 2 қыркүйекте Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысына қатысып, Қытайды сенімді көрші әрі стратегиялық серіктес деп атап өтті. Ол Қытайдың Қазақстан экономикасына 27 млрд доллардан астам инвестиция салғанын, «Қытай–Еуропа» транзиттік дәлізінің өткізу мүмкіндігі 5 есеге артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, энергетика, органикалық өндіріс және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. Кеңес нәтижесінде құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын 70-тен астам келісім жасалды.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Жамбыл облысында жел энергетикасына арналған зауыттың ашылуына қатысты. Сондай-ақ CNPC, Huawei, Sany Group, China Energy Engineering және CNNC компанияларының жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп, Қазақстанның Қытайдағы мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты.
1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінде және «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыста сөз сөйлеп, көпжақты әріптестік пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне тоқталды. Ал, 30 тамызда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты келіссөздер өткізген болатын.
Жамал АКПАРОВА