Бас тақырыпРесми

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш бойынша ел Ресей мен Қытай сияқты ірі экономикаларды да басып озды. Бұл туралы Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жариялаған деректерде айтылған.

Сурет www.imf.org

Қор мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 770 АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін, Ресейде бұл көрсеткіш 14 260 доллар болса, Қытайда 13 690 доллар деңгейінде қалыптасты.

Қазақстан аймақтағы өзге мемлекеттерден айтарлықтай алда келеді. Мәселен, Түрікменстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 340 долларды құраса, Өзбекстанда – 3 510 доллар, Қырғызстанда – 2 750 доллар, ал Тәжікстанда небәрі 1 430 доллар болды.

Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдері арасында да көш бастап тұр. Ел Грузия (9 570 доллар), Армения (8 860 доллар), Молдова (8 260 доллар), Беларусь (7 880 доллар), Әзербайжан (7 600 доллар) және Украина (6 260 доллар) көрсеткіштерінен озып тұр.

Халықаралық валюта қоры ЖІӨ-ні ағымдағы бағалар бойынша есептейді. Бұл әдіс елдегі жалпы әл-ауқат деңгейі мен сатып алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жоғары көрсеткіштеріне табиғи ресурстардың мол қоры ықпал етуде. Әсіресе, энергетикалық ресурстар мен шикізат экспорты экономикалық өсімнің негізгі драйвері болып қала береді.

Соңғы жылдары елде шикізатты өңдеу саласы дамып, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісі артып келеді. Сонымен қатар, бизнес-ортаны жақсарту бағытындағы реформалар, шетелдік инвестициялардың артуы және инфрақұрылымды жаңғырту да оң әсерін тигізуде.

Экономиканың өсуіне көлік, логистика, технология, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге салынған инвестициялар да ықпал етуде. Бұл ішкі сұраныстың артуына және еңбек өнімділігінің өсуіне жол ашады.

Қазақстанның географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ел Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік көпір саналады және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында халықаралық саудада маңызды орынға ие.

ХВҚ бағалауынша, макроэкономикалық тұрақтылық инфляцияның қалыпты деңгейі, теңге бағамының тұрақтылығы және теңгерімді бюджет саясаты арқылы қамтамасыз етіліп отыр.

Ұлттық банк пен Үкіметтің үйлесімді саясаты жаһандық сын-қатерлер жағдайында да экономиканың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беруде.

Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көшбасшылыққа шығуы – ел экономикасының тұрақты дамуы мен тиімді жүргізілген саясаттың нәтижесі. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да сақталып, экономикалық өсім жалғасады деген сенім бар.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button