Қазақстан өндірісінің қара нары
Биыл Қарағанды торқалы 90 жылдық мерейтойына табан тіреді. Бұл – кезекті дата ғана емес, тарихы терең таңғажайып шаһардың тарихы, мәдениеті мен дамуының байлығын бейнелейтін көл-көсір қуаныш. Өткен уақыт бедері Қарағандыны Қазақстанның стратегиялық орталығына айналдырды. Сондықтан, бұл мерейлі күн Қарағандының ғана емес тұтас Қазақстанның тұғырлы тарихы деп бағамдасақ, сірә да жарасатындай!
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында бай көмір алабы мен кен орындарының осы тұстан ашылуы жер тағдырын түбегейлі, адам танығысыз етіп өзгертті. Шахталар, зауыттар салу әрі көмір өнеркәсібін қарышты дамыту үшін инфрақұрылым құру Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен жұмысшыларды бес саусақтай жұмылдырды.
Сонау 1934 жылдың 10 ақпаны күні жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс туралы Қаулыға сәйкес, Қарағандыға ресми түрде қала мәртебесі берілді. Егер мұрағатта сақталған құжаттарға сүйенетін болсақ, Қарағандыда қалалық кеңес 1931 жылы 21 желтоқсанда құрылғанын білеміз. Сонымен қатар, қалалық кеңестің құрылысы шаһар тыныс-тіршілігінен бұрынырақ басталып кеткенін де аңдатады. Ол кезде қала халқы 100 мыңнан асып жығылған. Қарағанды көмір бассейні жарты әлемге бүкілодақтық құрылыс деп жарияланды. Бәзбіреулер Қарағанды атауын «Қара қанды» атты көмір түрімен шендестірсе, кеңірек таралған тағы бір нұсқасы Қарағанды саймен байланыстырылды. Не десек те, қазақы нақышпен ныспыланған бұл атау кейінше республиканың ғана емес, одақтың атын дүние жүзіне мәшһүр етті. «Где-где? В Караганде!» деген ресей тіліндегі мәтел күні бүгінге дейін көп жайдан ақпар беретіндей. Ал, 1940 жылы Қарағанды 165 мың халқы бар ірі өнеркәсіптік және мәдени орталыққа айналды. Мұндағы көмір бассейні кеңестік державаның үшінші көмір кеніші болып қалыптасты. Соғыстан кейінгі жылдар мен елуінші жылдардың аралығында Қарағанды билігі қаланың құрылысы мен сәулетін жандандыруға уақыт пен қаражат тапты. 1958 жылдың өзінде қалада 24 аурухана, 5 перзентхана, 11 емхана, 82 күндізгі және 30 кешкі мектеп, 4 жоғары оқу орны және көмір профиліндегі 7 ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істеді.
Әлеуметтік мәртебемен бір мезгілде қаланың өнеркәсіптік әлеуеті де артты. Сексенінші жылдары «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің құрамында 66 кәсіпорын жұмыс істеді. Оның құрамында 26 шахта, екі қуатты разрез, 8 байыту фабрикасы болды. Онда 80 мыңнан астам адам жұмыс істеді. 1978 жылы Қарағанды көмірінің миллиардтаған тоннасы өндірілді. «Қарағандыкөмір» «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталды. 22 кенші «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Сол жылдары Қарағанды өсіп, гүлденді, дамыды. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алды. 1970-1980 жылдары 2 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Мұнымен бірге, жаңа мектеп, аурухана, балабақшалар салынды. Дәп сол кезде жаңа Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының құрылысы бастау алды.
Қарағандының қаз-қаз басқан алғашқы қадамдарынан бүгінге дейін саналы адам таңырқайтын таңғажайып белестерді бағындырумен болды. Әуел баста қос қолымен қайла көтерген алақандай кеншілер ауылынан заманауи қалыптағы жарты миллионнан астам тұрғыны бар мегаполиске айналды. Қарағанды экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті бойынша мемлекет аумағында жетекші орындарды иеленді. Әрбір үшінші тұрғыны кенші иә болмаса, металлург болып еселі еңбек ететін қала ел аузында кеншілер астанасы деп тегін аталмаса керек. Қарағандының қарамағында қапталдасып жатқан жиырмадан астам қалашық пен кент еліміздегі жалғыз спутник-қала.
Бүгінде қала барынша көркейіп, қарышты қадамдармен дамып келеді. Жаңа құрылыстар мен одан да ерекше нысандар бой көтеруде.
Қарағанды белгілі бір тұрақты өткізу нарықтары бар ірі сауда орталығына айналды.
Қаһарманның қажырын қайраған қала, ақынның жүрегін тербеткен жыр болып төгілді. Қазақтың қасиетті кенішті шаһарының торқалы 90 жылдық тойы жай ғана бір мерейтойлық сәттің ұштасуы ғана емес. Тарлан тарихын таразылар тағылым. Болашаққа бағдар қыларлық мәуелі меже. Бұл қала – тірі тарих. Бұл қала – мәдениет мәйегі. Бұл қала – қарақан жұртымыздың қара нары! Қасиетті де қазынасы ортаймас қамбамыз. Келер күн байрағы күнмен шағылысып желбіреген өркенді елге тек шаттық пен баянды бақыт сыйлайтынына сенім кәміл!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz