Қазақстан Мазари-Шариф–Кабул–Пешавар теміржол құрылысына қатысуға дайын
Қазақстан Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Мазари-Шариф–Кабул–Пешавар теміржол трансауған көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалап отыр. Бұл бағыт сауда-экономикалық ынтымақтастық динамикасына жаңа серпін береді. Қазақстан оның құрылысына қатысуға дайын.
– Ауғанстан Қазақстанға жеміс, көкөніс, жаңғақ сияқты өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсына алады. Одан бөлек, жоғары сапалы және ерекше дизайнда дайныдалған кілемдері тағы бар. Аталған елдің Герат провинциясында өсірілген жоғары сапалы шафран Брюссельдегі халықаралық дәм және сапа институтының бағалауы бойынша байқауларда бірінші орынға ие болып келеді. Бірақ бағасы бәсекелестерден айтарлықтай ерекшеленеді, Ауған өндірушілерінің көтерме бағасы бір грамм үшін 1,5 доллардан 10 долларға дейін, ал жоғары деңгейлі мейрамханалар оны 30-35 еуроға сатып алуға дайын, – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Сонымен қатар, Қайрат Төребаев ЭКСПО-дағы Конгресс-орталықта 4-5 тамыз аралығында өтетін көрмеде сапалы Ауған тауарларымен танысуға шақырды. Көрме аясында Ауған кәсіпкерлері өздерінің ең танымал тауарларын ұсынатын болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz