Қазақстан халық партиясы еңбек адамдарына құрмет көрсетті
Қарапайым еңбек – елдің тірегі. Кеншілер өлкесінде Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған
«Еңбек адамы – 2025» байқауының облыстық кезеңі өтті. Бұл – қарапайым жандардың ерен еңбегін елеп, олардың қоғамдағы орнын айқындайтын тағылымды бастама. Байқаудың мақсаты – әр күн сайын көзге көрінбей, үнсіз еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысын бағалау, олардың табандылығы мен кәсібилігін үлгі ету.

Шараға партияның орталық аппаратынан арнайы өкілдер қатысып, түрлі салада тер төгіп жүрген еңбек иелеріне лайықты марапаттарды табыстады. Байқау жеңімпаздары түрлі мамандық иелері. Олар ортақ мүдде жолында қажырлы еңбек етіпжүрген жандар. Жетістігі – елге қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісі. Мысалы, Қарашаш Бүкеева «Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінде» вахтер болып еңбек етеді. Ол өз жұмысына деген жауапкершілігімен және сабырлы мінезімен «Тыныштық кепілі» атанды. Ал, Дмитрий Дудко (ЖШС «Kristallstroy») еңбек қауіпсіздігі саласында кәсіби шеберлігімен
танылып, «Еңбек қауіпсіздігі мен сапасына қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды. Шнайдмиллер Ирина ЖИТС-пен күрес орталығының тәжірибелі дәрігері ретінде «Үздік медицина қызметкері» аталымында топ жарды.
Одан бөлек, Қалқаман Әбілғазиев көпшіліктің даусымен таңдалған, күн сайын аула тазалап, қаланың көркі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым сыпырушы. Ол – «Халық таңдауы» номинациясының иегері. Ал, «Еңбек әулеті» аталымында жеңіске жеткен Құдабаевтар отбасы бірнеше буын бойы «Қарағанды Су» мекемесінде қызмет атқарып келе жатқан іргелі еңбек династиясының өкілі. Жастар арасынан ерекшеленген «Balpan» орталығының дефектологы Сабина Ержанова «Жас маман» ретінде жаңа буынның сенімді өкілі екенін дәлелдеді.
Мамандыққа деген шексіз адалдығы үшін Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» кір жуу машинисі Назигүл Рысбаева марапатталды. Ол өз ісін тиянақты атқарып, көптің алғысына бөленген жан. Сонымен қатар, қайырымдылық пен еріктілік қозғалысын қолдап жүрген «Қарағанды медициналық интерколледжінің» оқытушысы Әсем Байтасова «Еріктінің жүрегі» аталымының лайықты иесі атанды. Байқау аясында Балқаш қаласынан да озат еңбеккерлеранықталды. «Үздік механизатор» – «Тастемир» ЖШС келген Саят Садвақасов, «Үздік жүргізуші» – «Балқаш жылу» ЖШС атынан қатысқан Манарбек Смаилов, «Үздік тракторшы» – «Зеленстрой-Т» ЖШС қызметкері Алтыбай Сағындықов, «Үздік энергетик» – «Балқаш энерго» ЖШС келген Нұрлан Отыншин, ал, «Үздік құрылысшы» атағына «Жібек Жолы» ЖШС өкілі Қаныш Калауов ие болды. Бұл азаматтар – Балқаш қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген нағыз кәсіби шеберлер.
«Еңбек адамы – 2025» байқауы – қоғамдағы нағыз батырларды танытатын жоба. Қарапайым еңбек иелерінің өмірі мен қызметі – қашанда жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақстан Халық партиясы осындай бастамалар арқылы еңбекке құрметті күшейтіп, ел ішіндегі әлеуметтік әділеттілік пен адам еңбегін бағалауды басты орынға қойып отыр.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»