“Қазақстан Халық партиясы” Қарағандыда жаңа Конституция жобасын талқылады
Бүгінде елдің саяси күн тәртібіндегі басты тақырып – Конституциялық реформа. Ел дамуының жаңа кезеңінде Конституция тек құқықтық құжат қана емес, қоғамның болашаққа деген ортақ бастамасын бедерлейтін басты бағдарға айналып отыр. Мемлекет басшысы бастаған бұл жаңғыру тұтас қоғамды бейжай қалдырмай, саяси партиялар мен қоғамдық кеңестердің белсенді талқылауына ұласуда. Осы орайда «Қазақстан Халық партиясының» Қарағанды облыстық филиалы жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелде Конституциялық реформаның мәні мен мазмұны жан-жақты таразыға салынып, талқыланды. Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен партияның белсенділері қатысты. Қатысушылар жаңа Конституция жобасын елдің стратегиялық даму бағытын айқындайтын, саяси жүйені жаңғыртуға арналған маңызды құжат ретінде бағалады.
– Конституциялық реформа Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жарияланған бастамалардан бастау алды. Сол кезде саяси жүйені түбегейлі жаңғырту, билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейту және қоғам сұранысына сай басқару моделін қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Ұсынылған жаңа Конституция жобасы осы мақсаттардың нақты құқықтық көрінісі, – деді «Қазақстан Халық партиясының» облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов.
Халел Мұқатайұлының айтуынша, реформаның өзегінде Парламенттік жүйені жаңарту, атап айтқанда, бір палаталы Парламентке көшу бастамасы тұр. Бұл қадам саяси шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, ал, биыл қаңтар айында елдің барлық өңірінен, әртүрлі әлеуметтік топтардан өкілдер енген 130 адамдық Конституциялық комиссия жұмысын бастады. Комиссияның қызметі ашық өтті, қоғамдық пікір ескерілді, сарапшылар мен заңгерлер тартылды. Соның нәтижесінде Конституцияның 77 бабы қайта қаралып, жаңа редакцияның негізі қаланды», – деді филиал төрағасы.
Оның сөзінше, бүгінгі дөңгелек үстел – партия активі үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін ашық әрі шынайы пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Партия өкілдері жаңа Конституцияның әлеуметтік әділеттілікке, адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыруға қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, мәжіліс аясында партия мүшелері жаңа Конституция жобасындағы жекелеген нормаларға қатысты өз пайымдарын да ортаға салды. Атап айтқанда, заңгер Асылбек Айдарбеков құжаттың 86-бабына қатысты бірқатар маңызды ескертпелер айтты. Оның пікірінше, аталған бапта адвокаттардың мәртебесі нақты айқындалғанымен, «өзге тұлғалар» ұғымының көмескі берілуі құқықтық көмек көрсету саласында теңсіздік туындатуы мүмкін.
Жиын барысында партияның Жастар қанатының өкілдері де Конституция жобасындағы әлеуметтік-еңбек мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсем Байтасованың айтуынша, жобаның 27-бабында «еңбек ету бостандығы» ұғымының «еңбек ету құқығына» ауыстырылуы – мемлекет жауапкершілігінің жаңа деңгейін айқындайтын түбегейлі өзгеріс.
– «Еңбек ету бостандығы» жағдайында мемлекет сырттай бақылаушы рөлінде қалып келеді. Ал «еңбек ету құқығы» деп бекітілсе, мемлекет азаматты жұмыспен қамтуға нақты жауапты болады. Білім алып шыққан жас мамандардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жағдай жасау, лайықты әрі қауіпсіз жұмыс орындарын құру – мемлекеттің тікелей міндет. Бұл өзгерістер арқылы ендігіде еңбек жүйесі халықаралық еңбек стандарттарына сай келіп, әлеуметтік мемлекеттің мәнін айқындайды, – деді Әсем Амангелдіқызы.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, талқылау барысында көтерілген құқықтық, әлеуметтік және еңбек қатынастарына қатысты бастамалардың барлығы да «Қазақстан Халық партиясының» алдағы ұстанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Жиын соңында партия өкілдері өңірде айтылған ұсыныстарды жүйелеп, ескертпелерді ескеріп, партияның Орталық кеңсесінің қарауына енгізілетінін жеткізді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



