«Қазақстан халқы» көмегі
Кейінгі жылдары аймақта онкологиялық ауруларды ерте анықтау, алдын алу және емдеу ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, былтыр жаңа радиология бөлімі ашылып, заманауи құрылғылар әкелінген. Аппараттарды «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жеткізген еді. Кеше қор өкілдері өңірге келіп, облыстың онкологиялық қызметінің әлеуетін бағамдады. Биыл тағы жаңа аппараттарды жеткізетінін мәлімдеді.
Қарағанды облысы онкологиялық аурулардың таралуы жағынан көшбасында тұрғаны белгілі. Мұнда 100 мың адамға шаққанда 322 адам. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 100 мың адамға 205 адам. Ауруды ерте анықтау 32% деңгейінде. Дегенмен, мамандар атап өткендей, асқынған жағдайлар да азаймай тұр.
Былтыр алынған америкалық Halcyon желілік жылдамдатқышы арқылы 400-ге жуық науқас ем алды. Ал, Германияда шыққан КТ-симулятордың қызметін 600-ден астам адам көріпті.
– Онкологиялық орталықтарды заманауи құралдармен жабдықтау – Президент тапсырмасынан кейін қолға алынған шаралар, – дейді №3 көпсалалы аурухананың директоры Гамаль Тоқсамбаев. – Мемлекет басшысы онкологиялық науқастардың ем алу үшін шетелге кететінін айтып, оларға елімізде жағдай жасауды тапсырған болатын. Содан кейін кешенді жоспар қабылданып, материалдық-техникалық жабдықтау басталды. Ол кезде біздің материалдық базамыз әбден ескірген еді. Енді қазір «Еуропада да, АҚШ-та да осы біздегі аппараттар тұр» деп айта аламыз. Бұл медициналық көмекті қолжетімді ете түседі. Мұның барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жасалады.
Сәулелік терапия жасалатын аппарат сау тіндерге тиіспей, зақымданғандарын ғана емдейді. Ол ісікті толығымен жоюға мүмкіндік береді.
– Ол науқастың алған деміне дейін бейімделіп, тек зақымдалған тіндерге әсер етеді. Былтырдан бері онда 80 науқас емін аяқтады. Әр адам 1,5 ай емделеді. Ем – күнделікті 3-3,5 минут. Алатын сәуле көлемі күнделікті 0,6-0,7 грей шамасында. Науқас айығуы үшін 60 грей жеткілікті, бұл терапевтік доза саналады, – деп түсіндірді аурухана басшысы.
Науқастар хирургиялық, химиотерапиялық және сәулелік әдістер арқылы емделеді. Кейде оның біреуі жеткілікті болса, кей жағдайда бірнеше ем түрі қолданылады. Ол қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін мультидисциплинарлық консилиум нәтижесінде анықталады.
Гамаль Тоқсамбаев қазір сәулелік терапия жылына мың адамды қамтитынын жеткізді. Екінші аппарат алынса, ем алатын науқастар екі есе өседі.
Аймаққа тағы бір осындай аппараттың қажет екенін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева да атап өтті.
– Қоғамдық қор өңірлердегі онкологиялық қызметті дамыту және жаңа деңгейге көтеру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытта заманауи құрал-жабдықтардан бөлек, дәрі-дәрмек пен мамандарды оқыту мәселесі де бар. Былтыр Қарағанды облысына 2 млрд 650 млн теңгеден астам қаражатқа алынды. Жалпы, былтыр ел бойынша бес өңірге алынса, биыл төрт өңірге беріледі. Оның ішінде, Қарағанды облысы да бар. Қарағанды облысына тағы осындай құралдарды алуды жоспарлап отырмыз. Себебі, мұнда науқастар Ұлытау облысынан да келеді, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов институттың бірқатар мамандары осында келіп, шеберлік сағаттары мен ота жасап жатқанын атап өтті.
– Онколог, радиолог, физиктер, химиотерапевтер үш күн бойы ұйымдастырушылық әдістемелік жұмысты жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізді, шеберлік сағаттарын өткізіп, ота жасады. Сондай-ақ, бірлесіп асқынған жағдайларды талдадық. Өңірдегі онкологиялық орталықтың жұмысымен таныстық. Химиотерапиялық орталық науқастарға көп көмек. Сәулелік терапиямен қамту деңгейі Қарағанды облысы бойынша 40%, ел бойынша 47% көлемінде, – деді басқарма төрағасы.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғысын білдірді.
– Қоғамдық қор тікелей Президенттің бастамасымен құрылған болатын. Бүгінгі таңда қордың нақты көмегін көріп отырмыз. Аймақта онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеу ісіне қатысты бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз, алдағы уақытта да бірлесіп атқара береміз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ