Қазақстан футзал құрамасы Испаниямен тең түсті
Футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы ойынында Испания құрамасымен кездесіп, тең тарқасты.
Ел құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландия құрамасымен D тобында қатар түскен. Алғашқы кездесуінде олар тең нәтиже тіркеп, турнир кестесінде 1 ұпай еншіледі.
Кездесу барысында отандасымыз Біржан Оразов небәрі бесінші секундта қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Алайда, испаниялықтар ойынды қолға алып, допқа иелік етті. Қос құрама қақпаға соққыны кезек жасады. Өкінішке қарай, ойынның 9-шы минутында Дәурен Тұрсағұлов ойын ережесін бұзғаны үшін «қызыл қағаз» алып, ойыннан шеттетілді. 17-ші минутта қарсылас команда ойыншысы Хесус Гордильо таразы басын теңестіріп кетті.
Ойынның екінші бөлігінде қос команда тарапынан біршама соққы болса да, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Енді Қазақстан құрамасы 18 қыркүйекте Ливиямен, 21 қыркүйекте Жаңа Зеландиямен кездеседі. Айта кетейік, бұл топта Ливия мен Жаңа Зеландия құрамалары ойнаған еді. Нәтижесінде, 5:2 есебімен Ливиялықтар қарсыласынан айласын асырды. Осылайша олар 3 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде көш бастады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz