Қазақстан экономикасы өсім қарқынын сақтап, жаңа реформаларға бейімделуде
http://inbusiness.kz ақпаратынша, Қазақстан Үкіметі әлеуметтік тұрақтылық пен нарықтық реформалардың сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар уақытша шаралар қабылдады. Экономикадағы тұрақты өсім мен сыртқы қысым жағдайында қабылданған шешімдер – стратегиялық тұрғыдан ойластырылған қадамдар. Уақытша баға шектеулері мен тарифтерді тежеу шаралары – нарықтық логиканы бұзбай, азаматтар мен бизнестің жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Тұрақты өсім және макроэкономикалық теңгерім
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,3% өсім көрсетті. Бұл – жыл басындағы көрсеткіштен 2,3 пайыздық пунктке жоғары. Өсім негізінен көлік және қоймалау (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) салаларында байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%, ал өңдеу саласына инвестициялар 30,7% артты.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елге 10,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында арнайы экономикалық аймақтарда 532 жоба, оның ішінде 85-і шетелдік қатысумен іске асырылып жатыр. Биыл 115 жоба іске қосылып, 13,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 6,4 трлн теңгеге жетіп, 4,4% өсті. Тамақ өнімдері өндірісі 9,8% артқан.
Бағаны тежеу және уақытша тұрақтандыру шаралары
Премьер-Министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен отырыста Үкімет басты қағиданы айқындады: қысқа мерзімді қысымға қарсы тұрып, нарықтық реформалардан бас тартпау.
Сол мақсатта АИ-92 және дизель отынына баға өсіміне мораторий, коммуналдық тарифтерге 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін шектеу енгізілді.
Баға тұрақтылығын сақтау үшін стабфондтар мен отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау екі есеге артты. Сауда үстемелеріне бақылау күшейтілді.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерді. Үкімет 500 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген ипотекалық несие беруді қамтамасыз етуде.
Қайта жанданған «Әскери баспана» бағдарламасы жыл сайын 7 мың әскери отбасыны тұрғын үймен қамтиды.
Бизнесті қолдау және құрылымдық жаңғыру
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,17 млн-ға жетіп, олардың үлесі ЖІӨ-де 38,6% болды.
2024 жылы 26 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде 392 млрд теңге инвестиция «Өрлеу» бағдарламасы аясында тартылған.
10 мыңнан астам артық талап жойылды, ал жаңа реттеу тек екі ескі норманы алып тастаған жағдайда ғана енгізіледі.
396 нысан жеке секторға беріліп, ірі мемлекеттік компаниялардың IPO-сы (ҚазМұнайГаз, KEGOC, Air Astana) өтті.
Холдинг «Бәйтерек» арқылы 8 мыңнан астам жоба қаржыландырылды, олардың 96%-ы – шағын және орта бизнес.
Әрбір 1 теңге мемлекеттік қолдау 8 теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отыр.
2026 жылдан жаңа Салық кодексі
Жаңа кодекс ашықтық пен цифрландыру қағидатына негізделген.
ШОБ үшін тексерулер мен айыппұлдар алынып тасталады, ал негізгі салық мөлшерлемелері:
• КПН – 20%, банктер үшін – 25%,
• әлеуметтік сала үшін – 5%,
• ҚҚС – 16% (медицина үшін – 5–10%),
• ЖТС – 10–15% прогрессивті шкаламен.
Капиталдық инвестицияларға 100% шегерім, жаңа кен орындары үшін пайда салығынан босату қарастырылған.
Ұзақмерзімді бағыт сақталады
Үкіметтің қабылдаған шаралары – уақытша, бірақ стратегиялық тұрғыдан маңызды. Олар инфляциялық қысымды төмендетіп, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған.
Қазақстан ашық, бәсекеге қабілетті және технологиялық экономикаға көшу жолындағы бағытын сақтап келеді.
Мемлекет популизмнен емес, ұзақмерзімді тұрақтылық пен инвестицияға сүйеніп, адам капиталын басты ресурс ретінде айқындауда.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ