«Қазақстан балалары» бағдарламасы іске қосылады
2026 жылдан елімізде балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған ұлттық «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы іске қосылады. Бұл құжат – баланың өмірге келуінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі барлық кезеңін қамтитын кешенді стратегия. Бағдарлама әлеуметтік қолдау, білім, денсаулық, қауіпсіздік және даму бағыттарын бір арнаға тоғыстырады.

Балалардың демалысы мен қосымша білім беру саласында да жаңа талаптар енгізілуде. 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап балалар лагерьлерінің қызметі лицензиялауға жатады. Бұл норма Мемлекет басшысы 2025 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған заңда көзделген. Лицензиялау талаптары балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруына арналған бірыңғай стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді. Лицензия мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылып, әкімшілік жүктеме азайтылады.
Сондай-ақ, биыл 1 ақпаннан бастап балаларға арналған ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді уәкілетті орган қызмет басталар алдында және қызмет көрсету барысында кенеттен тексеру жүргізе алады. Бұл заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау саласында да қатаң талаптар енгізілді. Қазіргі таңда елімізде 20 мыңнан астам осындай бала бар, олардың 82 пайызы отбасылық тәрбие жағдайында өсіп келеді. 4 ақпаннан бастап күшіне енетін жаңа заңға сәйкес, соттылығы бар немесе психикалық, наркологиялық есепте тұрған тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады. Қабылданып жатқан бұл шаралар Қазақстанда бала құқығын қорғау саясатының жаңа, жүйелі кезеңге өткенін көрсетеді. Бұл орайда мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдараламасы енгізілгенін де естен шығармаған жөн.
Мемлекеттің балаға тек әлеуметтік топ емес, елдің ертеңі, ұлттың болашағы ретінде ерекше көңіл аударып, инвестиция құя бастауы – қауіпсіз әрі гуманист қоғам құруға негізделген. Қазақстанда балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаның нығайғаны – «баланың ертеңгі күнге сеніммен қарауы үшін өте маңызды».
Қазақстанда балалар саны халықтың 34 пайызын құрайды. Бұл – елдің демографиялық әлеуеті тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет осы серпінді ескере отырып, бала құқықтарын қорғау мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНИСЕФ Қазақстанның бұл саладағы қадамдарын оң бағалауда. «Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс» екенін Президент ерекше атап өтті.
Аяулым СОВЕТ
«Ortalyq Qazaqstan»



