Ресми

Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің стратегиялық бағдарды жүзеге асыра отырып, мән беруі тиіс мәселелерді атады.

Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру.

Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек.

Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.

Инфрақұрылымды дамыту қажет. Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады.

Қазір тауар газының тапшылығы күшейіп барады. Үкімет еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеу керек.

Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет. Бұған дейін қолға алынған көлік және логистика жобаларын түгел уақтылы бітіру өте маңызды.

Аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы оңтайлы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе.

Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Осы ретте Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруға тиіс.

Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Мен мұны бірнеше рет айттым. Сондай-ақ агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аударған жөн. Үкімет осыған қатысты заңның мүлтіксіз орындалуын және жоспарланған жұмыстың тиімді атқарылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Әйтпесе көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз.

Экономиканың өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады.

Сондай-ақ қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру – өте маңызды міндет. Биліктің өзгеріс жасауға ықыласты және дайын екенін жұрт көруі керек. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажет. Ел басқару және шешім қабылдау ісіне азаматтарды барынша тартқан жөн.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button