Бас тақырып

Қазақстан армиясы жоғары дайындық деңгейін пысықтады

Желтоқсан айының алғашқы күндерінде Қарулы Күштердің барлық бөлімшелері оқу дабылы бойынша жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірілді. Бұл іс-шара жаңа оқу кезеңінің басталуына орай ұйымдастырылып, әскердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын жан-жақты тексеруге бағытталған.

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметінен

Тактикалық-саптық сабақтар дәстүрлі түрде жауынгерлік дайындықтың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Олардың басты мақсаты – ескерту жүйесінің тиімділігін, жеке құрамның жедел жиналуын, қару-жарақ пен жабдықты белгіленген тәртіппен қабылдауын, сондай-ақ, техника паркiнен жауынгерлік машиналардың дер кезінде шығуын бағалау. Барлық элементтер шынайы жағдайға барынша жақын ортада пысықталады. Іс-шара барысында ерекше назар – мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге аударылды. Қызметке бір ай бұрын ғана келген «Астана» өңірлік қолбасшылығының 31775 әскери бөліміне жас сарбаздар үшін бұл – жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірудің толық цикліне алғашқы қатысуы. Қызмет өткерген уақыттары аз болғанына қарамастан, олар жоғары ынта мен жүктелген міндеттерді игеруге деген талпыныс көрсетуде.

– Біз бірнеше күн бұрын әскери ант қабылдадық, енді өзімізге жүктелген міндеттерді толық көлемде пысықтап жатырмыз. Дабыл бойынша тез тұрып, қару-жарақ пен жабдықты қабылдаймыз, әрқайсымыз өз бағытымызға бет аламыз. Бәрі біз үшін жаңа болса да, өте қызықты. Жыл ішінде барлық әрекеттерімізді автоматизмге дейін жеткіземіз деп ойлаймын, –  деді қатардағы сарбаз Арсен Нұрмұханов.

Мұндай сабақтар бөлімшелердің жоғары жауынгерлік даярлығын сақтауға ғана емес, әскери қызметшілердің кез келген жағдайда нақты әрі үйлесімді әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Жүргізілген тұрақты тексерулер жеке құрам мен техниканың жедел әрекет етуге дайындығын, басқару және ескерту жүйелерінің тиімді әрі сенімді жұмыс істейтінін дәлелдейді. Әскерді жоғары жауынгерлік дайындыққа келтіру – бөлімшелердің нақты дайындығын бағалаудың және әскери тәртіпті нығайтудың маңызды құралы. Мұндай іс-шаралар кемшіліктерді дер кезінде анықтап, жоюға, сондай-ақ, әскери қызметшілердің өз күшіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button