Қазақстанға АЭС ауадай қажет
Бұған дейін ядролық физика саласының маманы Амангелді Нұрлан АЭС Қазақстандағы энергия тапшылығының тек 10 пайызын қамтамасыз ететінін айтқан еді. Сарапшының бұл мәлімдемесімен Атыраулық ғалым, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов та келісетінін айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz el.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, Қазақстанда АЭС салынған күннің өзінде біріншіден, энергия қуатының тапшылығы толық жойылмайды, бірақ тапшылықты азайтады. Екіншіден, АЭС құрылысы «жасыл экономика» қағидатына сәйкес келуі керек, яғни экологияға зиянды әсерін тигізбеуі тиіс. Үшіншіден, егер Қазақстанда АЭС салынатын болса, оған қажетті отын көздерінің өзімізде жеткілікті екендігіне көз жеткізу керек. Мәселен, Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында шығатын таблеткалар немесе уран көзі. Төртіншіден, бұл экономикаға елеулі әсерін тигізеді. Елде атом энергетикасын тұтыну бір пайызға өссе, онда ЖІӨ 0,32 пайызға артады.
– Қазақстанға АЭС қажет. Мүмкіндік болса бір емес бірнеше АЭС болғаны дұрыс. Себебі, 2400 МВт-тық екі реакторлық бір АЭС бізге аздық етеді. Ол Қазақстандағы қазіргі энергия тапшылығының 8-9 пайызын ғана жабады деп есептеп отырмыз. Ал қалған энергия көздерін жел, күн, судан алып отырмыз, – деді Бекет Кенжеғұлов.
Маманның сөзінше, Қазақстанның 50-60 жыл бұрын салынған өз АЭС-і бар. Олар бүгінде бірінші-екінші буынды нысанды құрылыстар болып саналады. Күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді.
– Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан Алатау ауылында 6МВт-тық бір реакторлы АЭС бар. Ол ғылыми зерттеу институтына жатады. Бүгінде ядролық физика бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар Абай облысына қарасты Курчатов қаласында екі реакторлы АЭС бар. Маңғыстау облысында да су тапшылығын жою мәселесінде МАЭК жұмыс істеп тұр. Бізде реакторлар бар, бірақ олардың қуаты төмен. Қуаты төмен болғанымен негізгі істеу техникасы үлкен АЭС-пен бірдей. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардың тарапынан халыққа зиян келді, зардап шегіп отырмыз деген жағдайды естімедік. Дегенмен, Маңғыстауда қалдықтар қалады деген мәселелер айтылды. Онда қалдық қалатын себебі ол жердегі реакторлар өте ертеде салынған, бірінші-екінші буынға жатады. Сондықтан аздаған қалдықтар қалып келді. Дегенмен оның да жолы табылды, – деді Бекет Кенжеғұлов
Бүгінде әлемде салынып жатқан реакторлардың барлығы үшінші буынды АЭС-ке жатады. Демек, олардан ешқандай қалдықтар қалмайды және табиғат пен адамға зияны жоқ деп сендіреді мамандар.
Бекет Кенжеғұловтың сөзінше, 50-60 жылдан бері Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында француз технологиясымен АЭС-ке қажетті таблеткалар шығарылады. Бүгінде бұл таблеткалар Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Сапасы да жоғары және мемлекеттік стандартқа толық сай келеді. Бір таблетканың салмағы – 4,5 граммды құрайды.
– Таблетка жұмыс істеп қуаты біткеннен кейін оны зауытқа қайта өткіземіз. Зауытқа қайта өткізгенен кейін таблетканың сыртындағы қабығын зиянсыздандырады да, ал таблетканың өзін қайта қуаттайды. Одан қуатталып шыққан таблетканың сыртын қайта толық қаптап, кері АЭС-ке жібереді. Міне, сондықтан бұл жерде қалдық қалмайды. Барлығы толық процесспен жүріп жатады. Сол себепті зиянды қалдықтар шығады деп қорқудың қажет жоқ. Сондықтан қазіргі ғылымның жетістігі, технологияның дамуына байланысты болашақта АЭС 3+ блоктармен салынады. Болашақта төрт деген блоктың да жобасы қарастырылып жатыр. Осындай жаңартылған блоктардың арқасында зиянды қалдықтар пайда болмайды, – дейді ол.
Сарапшы Қазақстанда Францияның технологиясымен АЭС салу тиім екенін түсіндіре кетті.
– Егер АЭС құрылысы Францияның технологиясымен салынса біз отын көзін іздемейтін едік. Ал отын көзін іздемесек, шығын да болмас еді. Утилизация бойынша жоғарыда атап өткен таблеткаларды АЭС-тен алып зауытқа қайта өткізіп, контурлық процесс бойынша жұмыс істеп жатқан болар едік. Сондықтан Франция технологиясы Қазақстанға толық сәйкес келеді. Ал басқа мемлекеттердің технологиясымен салсақ, олардың АЭС-теріне біздің таблеткалар сәйкес келе ме, келмей ме, оның өзі үлкен сұрақ. Олар әрине өз мемлекетінен әкеліп салады, – деді.
Бекет Кенжеғұлов дерегінше, бір АЭС салу үшін кем дегенде 12 млрд. доллар қаржы керек. Оның 20 пайызын Қазақстан шығарса, қалған қаржыны технологиясын әкелген мемлекет шығарады. Сонымен қатар АЭС-тің эксплуатациясы іске қосылғаннан кейін алғашқы уақытта сол елдің мамандары жұмыс істейді.
Дегенмен АЭС жұмысы іске қосыламын дегенше, елімізде мамандар даярланатынын алға тартты. Сондықтан маман даярлау мәселесінде қиындық тумайтынын және АЭС-тен ешқандай қауіп жоқ екенін жеткізді.
Сөзінше, АЭС-ті жарылыстағы атоммен салыстыруға болмайды. Ал қазіргі біз айтып жатқан бұл бейбіт өмірде қолданылады. Жалпы АЭС тек қана электр қуатын ғана шығарып қоймай, медицинада да кеңінен қолданылады.
Бүгінде АЭС-тің орны ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы қарастырылып отыр.
– Үлкен ауылына екі реакторлы АЭС-ті салады деген жоспар бар. Ол 2400 МВт береді. Әрине, оның өзі аздық етуі мүмкін. Бәлкім ол жерге 3-4 реакторлы АЭС салып қалады. Оны мамандар шешеді. Себебі бір АЭС салу үшін 10-15 жыл уақыт кетеді. Сонымен қатар Курчатовқа да екі реакторлы АЭС салса дұрыс болар еді. Маңғыстауға бір реакторлы АЭС салса, себебі МАЭК-тің бүгінде әбден тозығы жеткен. Энергия тапшылығын сезініп отырған оңтүстікке де бір АЭС салу керек, – деді маман.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.