Коронавирус

Қазақстан – 73-і сатыда

Сәл шыдас берсек, күн де жылынады. Әлбетте, бұл сол кезде карантин режиміне бағынбай, еркін жүріп-тұра береміз дегенді білдірмейді. Ғалымдар әр жерге қонған вирус адамға жұғып үлгермесе, 1-2 аптада өздігінен өліп қалатынын айтады. Тіпті, COVID-19 күннің ыстығына төтеп бере алмауы да мүмкін. Шынында да, карантин талаптарының енгізілуі вирустың жұғуын толық тоқтатпаса да, таралу көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Жазылып шыққандар қатарының күн сайын артып келе жатқаны – жағдайдың бақылауда екендігінің айғағы.

Әлемдік статистикаға зер салсақ, індет тұзағына іліккендер саны 1,6 миллионнан асып жығылған екен. Алғашқы үштіктің басында АҚШ болса, одан кейінгі орында – Испания мен Италия. Ал, Қазақстан – 73-і сатыда. Әлем бойынша кеселден жазылғандар саны 3 миллионнан асады.

Елімізде COVID-19 жұқтырған 802 адам тіркелсе, оның 61-і – Қарағанды облысында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 594 адам – үй карантинінде, 818 пациент – тәуліктік бақылауда. Облыста көпқабатты тұрғын үйлердің 14 кіреберісі – карантинде. Тұрғындарға 14 күнге дейін сыртқа шығуға рұқсат етілмейді. Жағымды жаңалық та жоқ емес. Бұған дейін жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың жағдайы жақсаруына байланысты палатаға шығарылған. Дәрігерлер олардың қарқынды терапияға мұқтаж еместігін айтады. Кейін анықталған 4 науқас та қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланған және емдеу курсынан өтуде.

Ал, ғалымдар болса, індетке қарсы вакцина табу үшін тынбай ізденуде. Коронавируспен алғаш бетпе-бет келген Қытай ғалымдары 21-ғасыр індеті – COVID-19 адамның иммун тапшылығы вирусымен ұқсастығын дәлелдеген болатын. Сондықтан, аурудың бетін қайтару үшін иммун тапшылығы кезінде қолданылатын «Ретиновир» препараты пайдаланыла бастады. Үнді ғалымдары да қытайлық әріптестерін қолдап, коронавирус геномында АИТВ геномына ұқсас белгілер бар екенін анықтағанын мәлімдеді. Ресейде де «Ретиновир» тектес «Лапиновир» препаратын қолданумен қатар, инфекциядан жазылып шыққандардың қанының плазмасын құю арқылы емдеуді бастады. АҚШ ғалымдары болса, вирусты бұғаттайтын жасанды вирус ойлап тапты. Олардың айтуынша, оны коронавирусқа қарсы вакцина ретінде пайдалануға болады.

Біздің елде де вируспен күрес әлемдік тәжірибеге сәйкес жүргізілуде. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева бірқатар дәрілердің тізбегін атаған болатын. Олардың қатарында – «Лопинавир» антибиотиктерден «Азитромицин», вирусқа қарсы «Рибавирин» препараттары бар. Сондай-ақ, тізімге әзір клиникалық зерттеудегі «Ремдесивир» препараты да енген. Ләззат Мейрашқызының айтуынша, қазір аталмыш препараттарды жеткізушілермен келіссөздер жүргізілу үстінде.

Ал, медицина қызметкерлері дерттің жұғуынан сақтану мақсатында «Гидроксихлорохин» препаратын ішуде.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button