Қазақ спортшылары туралы комикс
Журналист Аслан Қаженов пен ақын, жазушы, журналист Азамат Әбілқайыр балалар аудиториясына арналған бес кітаптан тұратын «Қазақ чемпиондары» комикс жанрындағы тұңғыш топтамалар шығарды. ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының демеушілігімен жарық көрген туындының қатарында әлемге әйгілі боксшы, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинге де арналған кітап бар. Комиксте Париж Олимпиадасының жүлдегерлері де бейнеленген.
Жерлесіміздің Париж Олимпиадасы кезінде спортшыларға берген ақыл-кеңесі күні бүгінге дейін ел аузында. Әсіресе, Олимпиада алтынын алған Елдос Сметовке айтқан ақылы, күміс жүлдегер Нұрбек Оралбайға берген кеңесін ешкім естен шығарған жоқ. Жас толқынға үлгі етті. Осындай ел аузында жүрген немесе ел естімеген әңгімелерді кітап авторлары арқау еткен.
– Мақсатымыз – комикстер арқылы қазақ баласына ел намысын қорғап жүрген спортшылардың нағыз батыр екенін және сол батырлардың арамызда екенін көрсету. Әр үлкен арман жолында қажырлы еңбек тұрғанын түсіндіру. Бұл комикстер балалар әдебиетінде өзіндік орнын табарына сенім артамыз, – деді кітап авторлары.
Сонымен бірге, туындыларда дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай, балуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевтың жеңіс жолы суреттелген. Спортшылардың балалық шағы, алғашқы додаларынан үлкен сайыстарға дейінгі кәсіби мансабы бала тілінде жазылған. Жазбалар шынайы оқиғаларға негізделген. Енді комикстер топтамасы спорт мектептеріне тегін таратылмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет авторлардың әлеуметтік желідегі парақшасынан