Қазақшасы қайран қалдырды
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде өзге ұлт студенттері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыс өтті.
Сайыс барысында қазақстанда ұлттар арасында татулық пен тұтастық, ынтымақтастық пен достықтың берік қамалы орнағанына, олардың мемлекеттік тілге деген құрметінің арта түскендігіне куәгер болдық. 6 кезеңнен тұратын топтық сайыста қатысушылардың қазақ тіліндегі тұщымды жауаптары қайран қалдырды. Топтардың таныстыруы, тапқырлығы, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді мүдірмей айтуы, салиқалы сұхбат құруы қазылар алқасының көңілінен шықты. Ана тіліміздің терең иірімдеріне бойлай білген сайыскерлер Отанды сүюдің, тілді сүюдің құдіретті биік сезім екендігін жарыс кезінде жеткізе білді. Бірі: «Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, Алаштың айбыны, ұлттық байлығы» десе, бірі: «Ана тілі – ардың өлшемі, жанның – бөлшегі» деп ой түйді. Қазылардың шешімі бойынша экономика және басқару факультетінің «Қайсар» тобы – бірінші орынды, есеп қаржы факультетінің «Жұлдыз» тобы – екінші орынды, бизнес және құқық факультетінің «Сұңқар» тобы үшінші орынды еншіледі.
Нұрдос КӘРІМ