Басты тақырыпТұлға

Қазақ сахнасының анасы болған

    Хабиба Елебекова апамыз дүниеден озды деген суық хабарды естіп, жүрегім езіліп кеткендей күй кешкенім анық. Күні кеше М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 90 жылдығы мен өзінің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген салтанатты кеште ортамызда отырған Хабиба апамыздың жарқын жүзін, өзіне ғана тән қоңыр үнін енді естімейтінімізге тіпті де сенгім келмейді.

Негізінен, Хабиба апамыздың өмір жолын үш бағытқа бөліп қараған жөн тәрізді. Оның алғашқысы, әрине, небір ірі тұлғалар мен өнер майталмандары шыққан туып-өскен жері – қасиетті Қарқаралысына деген шексіз сүйіспеншілігін, жүрек түкпірінде жатқан аңсауы мен сағынышын ән-жырға қосып, мауқын басатындығы. Тіптен, өмірден өтерінің алдында ғана туған жеріне арнаған әнін айтып жатып, кете барыпты, шіркін, кейуана анамыз…

Ал, енді сахна саңлағына айналған апамыз киелі де құдіретті өнер жолын жастайынан таңдағандығын өз әңгімесінде: «Театрға 17 жасымда келдім. Театр – менің қарашаңырағым», – деп жиі еске алып отырушы еді. Алғашқы еңбек жолын Қарқаралыдағы жергілікті халық театрында қызмет атқарудан бастаған Хабиба Елебекова, халқымыздың басынан өткен небір нәубет жылдардың да куәсі бола жүріп, өзі сүйген кәсібіне деген шынайы адалдығынан әсте таймады. 1935 жылдан бастап Қазақ драма театрының актрисасы болған Хабиба Қарақбайқызы – осынау өнер ордасының іргетасын қалаған алыптар тобының көрнекті өкілдерінің бірі және қазақ театры тарихында ғасырлық мерейтойын тойлаған алғашқы адам әрі жерлесіміз екендігін де мақтаныш сезіммен ерекше айтқым келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әйгілі актрисаның театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі – Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» қойылымындағы Қарагөз бейнесі еді. Міне, осыдан бастап ойнаған рөлдерінің жалпы саны 100-ден асады екен. Осылардың ішіндегі ең көрнектілері – М.Әуезовтің «Абайындағы» Қаныкей, Ұлжан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Күнікей, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Қырмызы, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Айғаным және тағы басқалары. Мұның арасында Мұхтар Әуезовтің «Абай» драмасындағы Қанікей бейнесін елу бес жыл бойы сахнадан түсірмей, сексен жасқа келгенше сомдаған қажырлы ғажап еңбегін айырықша сүйсініспен атап айту басты ләзім.

Ал, өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, өнер атты кемеде қатар жүзген жан серігі, Қазақстанның халық артисі, белгілі әнші, сүйікті жары Жүсіпбек Елебековтің жарқын да кемеңгер бет-бейнесі мен шығармашылық жемісті жетістіктеріне, айтулы еңбектеріне арнап, «Үні кетпес құлақтан», «Ән-Аманат», «Қайран, Жүсекем» атты мазмұнды әрі тартымды кітаптарды жазып, оқырманның көзайымы етті. Сонымен қоса, бірнеше кинофильмдерді түсіртіп, қалың көрерменге ұсынды. Халқымыздың мәдени-рухани саласында теңдессіз мұра болып қалған осындай еңбектерін ерекше ілтипатпен айтар едім. Және де апамыз Арқа өңірінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан, небір талантты өрендер бақтарын сынайтын Ж.Елебеков атындағы республикалық өнер сайысының тұсауын кесіп, басы-қасында болып, талапкерлердің үкілі үміттеріне қанат бітіріп, батасын беріп кеткендігі көңілімізді әрдайым марқайтады.

Негізі, Хабиба апамыз сүйегі асыл, қайратты, ерік-жігері мен ой-санасы мықты жандардың қатарынан саналатын. Содан да болар 70 жылдан астам қалтқысыз қызмет еткен киелі сахнасымен тоқсан бес жасқа келгенде ғана қоштасып, сахналық киімдерін театрдың мұражайына өз қолымен тапсырған еді.

Сонымен, Алаштың аймаңдай актрисасы, сахна саңлағы, екі ғасырдың куәгері болған Хабиба Елебекова анамыз өзінің ғасырға толған торқалы тойында құшағы гүлге оранып тұрып: «Бұл қасиетті қарашаңырақта менің бар ғұмырым өтті. Маған сый-құрмет көрсеткендеріңнен көңілім көгершіндей көкке самғады. Дүниеде өнерге жететін ештеңе жоқ. Өнерсіз елдің өмірі – өмір емес. Жас ұрпаққа айтар ақылым – өнерді бағалаңдар. Болашақта қазақ өнерінің киелі қарашаңырағы саналатын Мұхтар Әуезов театры әлемдік деңгейдегі театрға айналуына тілектеспін!» – деп ақ тілекке толы алғысын білдіріп, батасын берген еді.

Талантымен, өнегелі де өрнекті өмірімен барша жастарға үлгі көрсеткен, халқына қадірлі болған Хабиба апамыздың жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталатындығы айдан анық.

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button