Қазақ рухани қазынасының жоқшысы
Зерделі зерттеуші, академик Зарқын Тайшыбайдың 1998 жылы «Болашақ-баспа» баспаханасынан шыққан «Алтын бесік ән орда» кітабында Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов кезекті еңбек демалысына шыққан кезде қазақ музыкасын зерттеуші Александр Затаевичті Қарқаралы – Қу өңіріне өзімен бірге ала келіп, Шығыс Сарыарқа аймағында жасаған күйші, әнші композиторлардың мұраларын жазып алуға, олардың шығармаларын орындаушылардың шеберлігін сыннан өткізіп, баға беруге мүмкіндік жасағанын баян етеді. Александр Викторович бұл сапарда Әміре, Қали, Мұсылманқұл, Ғаббас, Ұсайын, Қадыс, Мұқан (кейінгі төртеуі Қоянды жәрмеңкесінің түндігін желпілдеткен Айтбай Демікпеұлының балалары) және басқа да өнерпаздардың орындауында көптеген әндерді нотаға түсіреді.
А.В.Затаевич – қазақ ұлттық музыкасының жанашыры һәм жоқшысы. Өзге жұрт өкілдері арасында халқымыздың ежелден жеткен асыл мұралары, өткен ғасырларда жасаған композиторлардың күйлері мен әндері, кеңестік кезеңнің туындылары жайлы оңды, салиқалы, салмақты пікір айтқан, ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосқан зерттеушілер де, музыка майталмандары да жеткілікті. Бірақ, олардың барлығының жұмысы Александр Викторовичтің толағай еңбегінің ширегіне де шендеспейді десек, асыра айтқандық болмас.
А.Затаевичтің есімі қазақ музыкасының тарихынан хабары бар әрбір мәдениетті азаматқа жақсы таныс болса керек. Қазір біз мақтанышпен айтатын ұлы мұрамыздың негізгі бөлігі Александр Викторовичтің халқымыздың өзге жұрттарда қайталанбайтын ерекшелігі бар, бай музыкалық мәдениетіне деген ынтасы мен сүйіспеншілігінің нәтижесінде ғана сақталып, ұлтымыздың рухани қазынасына айналып отыр. Білімі мен тәжірибесі толысқан, жігіт ағасы жасына жеткен музыка зерттеуші 1920 жылдары сол кездегі Қазақстанның батыс бөлігіне тұяқ іліктіріп, жергілікті халықтың ғасырлар қойнауынан жеткен әуендеріне таң-тамаша қалады. Қарапайым аспаптардың сүйемелдеуі арқылы орындалатын қазақ музыкасының табиғатына ден қойып, жинақтап, нотаға түсіре бастайды. 1923 жылға дейін Қазақстан республикасының алғашқы астанасы Орынборда тұрған ол әрбір күнін тиімді пайдаланып, осы қалада орналасқан мектептер мен орта дәрежелі оқу орындарын, жатақханалар мен казармаларды, құрылыстарды аралайды. Автономияның әр түкпірінен съезге, конференцияға, кеңестерге келгендерден, театр мен клубтарда, базар мен маусымдық сауда орындарында өнер көрсетіп жүрген қазақтардан әндер мен күйлер жазып алады. А.Затаевичтің қазақ музыкасына құмарлығын аңғарған қала жұрты мен маңайдағы ауылдардың өнерлі тұрғындары өздері білетін күйлер мен әндерді нотаға түсіртуге асығады. Сөйтіп, шамалы уақытта ол 1500-ден астам күй мен әнді жинақтап үлгереді. Қазақтардың жаңалыққа әуестігі, әр нәрсені білуге құмартуы пайдаға жараған тұстардың бірі осы болса керек. Сол себепті, зерттеушінің алғашқы жинағының ішінде оның іздеп жүріп әдейі жазып алған немесе кездейсоқ табылған музыкалық дүниелер болуы әбден заңды.
Затаевич 1920 жылы Орынбор қаласында белгілі әнші Иса Байзақовты кездестіреді. Бар болғаны жиырма жастағы талантты жігіттің суырып салма ақындық, әншілік, музыкалық дарыны оны таңғалдырады. Зерттеуші Исадан Арқаның кең тынысты әндері мен халық әуендерін естиді. А.В.Затаевичтің Исадан жазып алған «Бике», «Маныш-Қонша», «Жар-жар», «Танысу» әндері 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» деп аталатын жинағына енді. Ол кітапқа 280 орындаушыдан жазып алған күйлер мен әндерді топтастырған. Сөз реті келгенде айта кетейік, кітап Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚазОАК) және Халық ағарту комиссариатының сыйлығына ие болды. 1935 жылы, Затаевич И.Байзақовтан «Гәкку», «Алтай», «Қалқа» және басқа әндерді жазып алады. Е.Брусиловский Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» кейін «Қыз Жібек» операсына пайдаланды. Қазақ халқының ғажап әуендерінің және Күләш Байсейітова тәрізді керемет талантты әншінің арқасында опера республика жұртына ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында белгілі болды.
А.Затаевич 1926 жылы Семей губерниясын аралап жүріп оның орталығы Семейде, Павлодарда болады. Кейінгісінде ол әнші Майра Шамсутдиновамен кездесіп, 14 ән жазып алады. Сөз басында айтқанымыздай, осы жолы ол Н.Нұрмақовтың жолбасшылығымен Қарқаралыға барып қайтады. Семейде Әміре, Қарқаралы өңірінде Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов тәрізді әншілермен кездесіп, олардың талантына қайран қалады. Бір қызығы, Александр Викторович бұл үшеуін де Қарқаралы өңірінің әншісі деп атайды. Жалпы, осы тұста Әміренің ата жұрты Қу болысы, таудың шығыс бетіндегі Бастал қонысы екенін айта кеткен артық болмас. Қазақтың «артық» жерлерін анықтау және Ресейдің ішкі өлкелерінен келгендерінің пайдасы үшін алу мақсатымен жасақталған Ф.Щербина экспедициясына қатысқан Әлекең (Әлихан Бөкейхан) «Қырғыз (қазақ) жер пайдалану материалдары» жинағының «Семей облысы. Қарқаралы оязы» бөлімінде Әміренің әкесі Қашаубай Қу болысында тұрғанын көрсетеді. Қудағы және Дегелеңдегі тарақтылар өзара жақсы қарым-қатынаста болған. Ұлы ер жетіп кәсіп іздегенде Қашаубай Семейге таяу орналасқан Дегелеңге қоныс аударуы әбден мүмкін.
Александр Викторович құрастырған «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағы 1933 жылы баспадан шықты. Этнограф ғалым дер кезінде үлгерген екен, оған халық қазынасын жеткізгендердің талайы 1931-1932 жылдары кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған аштық нәубетінің құрбаны болса, біразы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті немесе каторгаға айдалып, итжеккенде өлді.
Ақиқатын айту керек, ат, өгіз жеккен арбамен, кейде жаяу-жалпы жүріп қазақтың ұлан-ғайыр даласын аралап, халықтың қымбат қазынасын жинаған ол керемет ерлік жасады. Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Біржан сал, Ақан сері, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит сияқты алыптардың асыл мұрасын тұңғыш рет А.В.Затаевич жарыққа шығарды. Жоғарыда аталған кітаптарға қоса «Песни разных народов» (1971), А.Затаевичтің тірі кезінде баспа бетін көрмеген «Қазақ музыкасының 3-томы» аталатын жинақтарында қазақтың классикалық әндері мен күйлеріне кеңінен тоқталады. Қазақ ән-күйлері дүние жүзіне осы кісінің еңбектері арқылы тарады және әлемге әйгілі музыка танушылардың назарына ілініп, жоғары баға алды. Жазып алған шығармаларға, олардың авторлары мен орындаушыларына А.Затаевичтің берген сипаттамалары мен мінездемелеріне қазіргі өнер зерттеушілері тәнті болуда. Оның еңбектері халқымыздың кәсіби музыкасының дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. А.Затаевич жинаған ән-күйлер кейінгі кәсіби композиторлардың опералық, симфониялық, камералық туындыларына негіз болды. Оның нотаға түсірген мұраларын қазақ кәсіби музыкасын дамытушылармен қатар С.С.Прокофьев, Н.Я.Мясковский, М.М.Ипполитов-Иванов сияқты орыс композиторлары да пайдаланды.
Қазақ рухани мұрасының жоқшысы, этнограф А.В.Затаевичтің еңбегін жаңғыртып, есімін ұмытпау үшін М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 1963 жылы ғалымның «Қазақ халқының 1000 әні» кітабын, 2007 жылы «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбегін қайта басып шығарды. Ерекше атап өтетін жағдай, 1958 жылы институт ғалымдары «А.В. Затаевич. Исследования, воспоминания, письма и документы» деген жинақты оқырман назарына ұсынды. Оған кезінде Қ.Сәтбаев жақсы баға берген болатын. Осы институт бас болып, Ғылым академиясы қабырғасында Александр Викторовичтің туғанына 100, 125, 150 жыл толған мерейтойларында халықаралық конференциялар ұйымдастырылды.
Кейінгі дүбірлі жиында «А.Затаевич пен Алаш ғалымдарының өнерге қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Ісмақова қазақ жеріне келген зерттеуші-ғалымды Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан, Орынбордағы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды ұлт көсемдері өз қолдарындағы қазақ өнеріне қатысты мағлұматтармен таныстырып, қай өңірге барып, кіммен кездесу керектігі туралы бағдар беріп отырғанын мәлімдеді. Яғни, ғалым кездейсоқ бағытқа жүре бермей, алдына қойған мақсатқа жетуі үшін белгіленген жоспармен жұмыс істеген екен. Айгүл Серікқызының айтуынша, А.В.Затаевичтің ісі сәтті жүруіне Әлекеңнен бастап, Ахмет пен Міржақып, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов, Иса Байзақов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б. ұлт зиялылары үлес қосқан көрінеді.
Этнограф ғалым халық ән-күйлерін нотаға түсіріп, оларға сипаттама берумен ғана шектелмей, сол әуендерді ойнайтын музыкалық аспаптардың, мысалы домбыраның, қобыз бен сыбызғының үн шығару ерекшеліктеріне тоқталып, олардың туыстас басқа ұлттардың аспаптарымен ұқсастығына және айырмашылығына да көңіл бөледі. Осының өзі-ақ Александр Затаевичтің танымы мен талғамы зор ғалым екенін көрсетеді.
Ресейдің Орел облысындағы Болхов қаласында 1869 жылы 20 наурызда жарық дүние есігін ашқан поляк баласының өзі бұрын-соңды естіп, білмеген қазақ ұлтының музыкасына ықыласын оятқан не деген сұрақтың туы заңды. Әрине, ұлы далада пайда болып, ғасырлар сүзгісінен өткен, халқымыздың гауһардай асыл, тау бұлағының суындай мөлдір, Қарқаралының табиғатындай сұлу әндері мен күйлері. Сонымен бірге, Ресей империясының зұлымдығынан жапа шеккен қазақ және поляк халықтарының тағдырластығы.
Александр Затаевич 1936 жылы 6 желтоқсанда Мәскеу қаласында бақилық болды. Бері салғанда 50 ғасырлық тарихы бар қазақ халқының рухани мұрасын – әндері мен күйлерін жинап, мәңгілік ұмытылмауы үшін еңбек жасаған адамның есімі халықтың есінде мәңгі қалады деп пайымдайтынымыз бар. Бірақ, ол әрқашан осылай бола бермейді екен. Айталық, А.В.Затаевичке облыс орталығы Қарағандыдан шағын бір көше бұйырғанына бірер жылдың ғана жүзі болды. Тағдыры тығыз байланысты Қарқаралы өңірінде этнограф зерттеушіні еске саларлықтай ешқандай ескерткіш жоқ.
Қазақтың музыкалық мұрасын зерттеп, оны әлемдік рухани қазыналар қатарына қосуға айрықша үлес қосқан Александр Затаевичтің аруағына қазақ ұлтының атынан алғыс айтқан екі-ақ тұлға бар. Бірі – Алаштың ардақтысы, академик Қаныш Сәтбаев. Зерттеушіге жиырмадан астам әннің нотасын жаздырған ол этнограф ғалым қайтыс болған соң, зиратына ескерткіш орнату үшін өз қалтасынан шығарып қаржы беріпті. Екіншісі – Қарқаралы жұртының ер мінезді қызы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықова. Күйеуі Дмитрий Гусинцов екеуі өз жандарынан ақша жұмсап, Затаевичтің зиратына «Қазақ халқы саған риза!» деген тақта орнатқан екен. Дегенмен, тағдырын осы қасиетті жермен тығыз байланыстырған этнограф-ғалым А.В.Затаевичке Қарқаралыдан бір көше беру яки ескерткіш белгі орнату – кезек күттірмейтін парыз деп білеміз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
ҚР Мәдениет қайраткері