«Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды облысын дамытуға 6 миллиардтан астам теңге бағыттайды
Облыс аумағында өндіріс пен қоғам арасындағы сабақтастық жаңа мазмұнға ие болуда. Ірі кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілікті басты назарға алып, аймақтың дамуына қомақты қаржы бөлуі – жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам. Алдағы екі жылда өңірде ауқымды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, талай бастама өміршең болмақ. Атап айтсақ, «Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды облысын дамытуға 6 миллиардтан астам теңге бағыттайды.

Негізгі басымдық компания өндірістік қызметін жүргізіп отырған Балқаш қаласы мен ауылдық елдімекендерге берілмек. Жоспар аясында жаңа балабақша салынып, су спорты түрлеріне арналған заманауи база жасақталады. Сонымен қатар, медициналық пункттер ашу көзделіп отыр.
Әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Екі жылға арналған бұл құжат кеншілер өлкесі мен ірі бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
– Меморандум өндіріс мәселелерін ғана қамтымайды. Әңгіме әлеуметтік жауапкершілік, кәсіпорындар жұмыс істейтін елдімекендер тұрғындарын қолдау және әлеуметтік нысандар құрылысы туралы болып отыр. Өз тарапымыздан біз жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бүгін қол қойылған меморандум дәйекті түрде іске асырылады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жоспарланған жұмыстар төрт бағытқа топтастырылған. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және елдімекендерді абаттандыру. Балқашта жаңа балабақша мен су спорты базасының құрылысы – осы міндеттердің айқын көрінісі.
2026 жылы Шешенқара, Баймырза ауылдары мен Ақтау кентінде де бірқатар маңызды нысандар салу көзделген. Нақтыласақ, өрт сөндіру депосы, дәрігерлік амбулатория және ангар үлгісіндегі спорт кешені бой көтереді. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
– Қарағанды облысы – біз үшін стратегиялық маңызды өңір. Мұнда компанияның негізгі өндірістік активтері – Қарағайлы, Нұрқазған, Балқаш, КЛМЗ шоғырланған. Сондықтан да, өңірдегі жұмысты бастап, біз бірден жүйелі әлеуметтік және инфрақұрылымдық қолдауға баса назар аудардық. Бүгін қол қойылған меморандум – бұл формальдылық емес, аумақты дамытудың практикалық құралы. Бағдарламаларды іске асыру бізге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып, елеулі, ұзақ мерзімді нәтижеге жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Руслан Өскенәлі.
Сонымен бірге, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Сарыарқа» ӘКК және «Қазақмыс» корпорациясы арасында өнеркәсіптік ынтымақтастық жөніндегі үшжақты меморандум жасалды. Бұл құжат шағын және орта бизнесті дамытуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған. Келісім аясында жаңа өндірістерге жер телімдерін беру және қазақстандық компаниялармен ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі қарастырылған.
– Бізде компания бар жерлерде іске асыруға болатын тиімді серіктестік мысалдары бар, – деп толықтырды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, қол қойылған келісімдер Қарағанды облысының әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді. Өндіріс пен қоғам мүддесін ұштастырған бұл бастама аймақтың тұрақты дамуына негіз болып, тұрғындардың игілігіне қызмет ететін нақты нәтижелерге жол ашатынын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



