«Қазақмыс» корпорациясы аймақтағы төрт ірі жобаны қаржыландырады
Қарағанды облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің кездесу қорытындысы бойынша жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын келісімге қол қойылды. Бұл қаражат Балқаш пен Қарқаралы қалаларында төрт ірі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бағытталады.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің орнықты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметовтің айтуынша, Балқаш қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақша салынады. Сонымен қатар, Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Ал Қарқаралыда Балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы көзделген.
Жобаларды жүзеге асыру бойынша тараптар жол картасына қол қойды. Құжат жаңа әлеуметтік нысандарға жер телімдерін анықтаудан бастап оларды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейн, үстел теннисі залы болуы және нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жөндеудің жобасын әзірлеп, оны қала тұрғындарымен кеңесе отырып іске асыру тапсырылды. Бұл ретте ғимараттың тарихи келбетін сақтау ерекше маңызды.
Сондай-ақ, Балқаш қаласында жаңа мектептің жанынан балабақша салу арқылы білім беру инфрақұрылымын жақсарту көзделіп отыр.
Барлық жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА