«Қазақмыс» компаниясы акциясының бір бөлігі Ресейге сатылды ма?

Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Қазақмыс» компаниясы акциясының бір бөлігін ресейліктерге сату туралы ақпарат тараған болатын. Ол сөз Ресей Федерациясының үш азаматы корпорацияның топ-менеджері болып тағайындалғаннан шыққан екен. Бұл қауесетке компания мамандары жауап берді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақын арада Ресей азаматтары «Қазақмыс» компаниясына жаңа қызметке тағайындалған. Олег Копытов – «Қазақмыстың» бас директоры болса, И.Перетолчин – техникалық директоры, Е.Козак – ұйымдастырушылық даму және персоналды басқару жөніндегі директоры болған. Осы тағайындаудан кейін ел арасында «Компания акциясының бір бөлігі Ресейге сатылды» деген алып-қашпа сөз тараған. Алайда, компания басшылығы бұл сөзге жауап берді. 

– Кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Қазақмыс» компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін арандатушылық материалдар пайда бола бастады. Бұл жағымсыз ақпараттың еш негізі жоқ және тек компания басшылығының беделін түсіруге және қазақстандық қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған. Қазақмыс компаниялар тобы әрқашан қазақстандық холдинг болды және болып қала береді, – делінген.

Кәсіпорынға шетелдік мамандарды тарту ерекше жағдайларда ғана жүргізілетіні атап өтті.

– Мәселен, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің бас директоры қызметіне жақында ғана тағайындалған Олег Копытов өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Оның тау-кен саласындағы еңбек өтілі 22 жыл. Ал ол біздің компанияда 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Игорь Перетольчиннің жағдайы да осындай. Оның тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық тәжірибесі компанияға өндірістік процестерді жақсартуға көмектесіп келеді. Компанияның тағы бір шетелдік маманы Евгений Козак, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС ұйымдық даму және персоналды басқару жөніндегі директоры, ол Украина азаматы, – деді компания өкілдері.