Білім

Нұржан Бокаевтың жас ғалымдарға ерекше қамқорлық танытуы – азаматтық болмысы

Қазақстан математика ғылымында өзінің терең білімімен, табанды еңбегімен және халықаралық деңгейдегі беделімен ерекшеленетін математик-ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұржан Әділханұлы Бокаев мерейлі 70 жасқа толып отыр. Функциялар теориясы, функционалдық талдау және функционалдық кеңістіктердегі операторлар теориясы саласындағы іргелі зерттеулері оны отандық ғылымның көрнекті өкілдерінің біріне айналдырды.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

1956 жылы дүниеге келген Нұржан Әділханұлының ғылымға деген ынтасы мектеп қабырғасынан басталды. Дәлірек айтсақ, 1972 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрлі орта мектебін алтын медальмен тәмамдады. Мектепке математикадан сабақ берген Асылбек Өтешев, Сейтқали Хамзин және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Мырзағали Қарсақбаев сынды ұлағатты ұстаздарына деген құрметтен болар, алғыр жас математика ғылымын таңдады.

Сол жылы елімізде екінші болып ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне түсіп, 1977 жылы оны үздік бітірді. Білім жолындағы биік көрсеткіштері оны университет ұстаздары Е.Смаилов, ­Т.Мустафин, А.Игіліков, Т.Сматов, Н.Әлмұханбетов сынды білікті оқытушылардың назарынан тыс қалдырмады. Жас маман жоғары оқу орнының математика факультетінде оқытушылық қызметін бастады.1978-1979 жылдар Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын абыроймен өтеді.

Ғалымның кәсіби қалыптасуында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі тағылымдама мен аспирантура рөлі ерекше. 1980-1984 жылдары ол ММУ-дың Функция­лар теориясы және функционалдық талдау кафедрасында білім алып, 1985 жылы Жалпыланған Уолш және Хаар жүйелері бойынша Фурье коэффициенттері және бірегейлік теоремалары атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалым аталған жүйелер бойынша Фурье коэффициенттерінің әртүрлі қасиеттерін зерттеп, функцияларды бейнелейтін қатарлардың жалғыз болуының шарттарын қарастыр­ды. Бұл тақырып бойынша ол ғылыми жетекшілері ССРО Академиясының корреспондент-мүшесі Д.Меньшовтың және ММУ-дың профессоры В.Скворцовтың күрделі әрі өзекті еңбектерін лайықты жалғастырды. Кейінірек 40 жасында, 1996 жылы Қазақстанның Теориялық және қолданбалы математика институтында аталған тақырыпты жалғастырып, докторлық диссертациясын сәтті қорғап, отандық математика ғылымына жаңа серпін беретін ізденістерін тереңдете түсті.

1984-2005 жылдары Нұржан Бокаев Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде елеулі еңбек етіп, кафедра меңгерушісі, кейін факультет деканы лауазымдарын атқарады. Сол кезде математика мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылып, көптеген жас мамандар диссертациялық жұмыстарын қорғап шықты, бірнеше жаңа мамандықтар ашылды. Осы кезеңде ұйымдастырылған математика бойынша Қарағанды университеті жаршысы журналы қазіргі уақытта әлемдегі жоғары рейтингті журналдардың тізімінде.

2005 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болып қызмет етуде. Көп жылдар бойы ол жоғары математика және іргелі математика кафедраларын басқарды. Қазіргі уақытта – докторанттарға жетекшілік ететін тәжірибелі ғалым. Оның жетекшілігімен 15 ғылыми жұмыс, соның ішінде, кандидаттық диссертациялар қорғалды, ал, соңғы жылдары үш докторант ғылыми атақ алып шықты.
– Ғылым мен білім – өмір бойы дамитын жол. Мен үшін әр жаңа зерттеу – теориялық нәтижемен қатар, қоғамға, жас ұрпаққа пайда әкелетін зор мүмкіндік. Шәкірттерімнің табысы – менің ең үлкен қуанышым, ал, олардың ойлау қабілетін арттырып, ынталандырып, білімін тереңдете түсу – басты бағдарым. Математика формула мен есеп қана емес, ол шығармашылық, логика мен эстетиканы біріктіретін өнер. Сол үшін мен үнемі жас ғалымдарға шабыт беріп, олардың ізденісіне қолдау көрсетемін. Өмірімнің әр күні – ғылым мен білімнің қызметінде, күзетінде, – деп толғанды Нұржан Әділханұлы.

Ғалымның зерттеулері функционалдық кеңістіктердегі күрделі интегралдық операторлардың қасиеттеріне, жалпыланған Рис және Бессель потенциалдарына, монотонды конустар теориясына арналған. Бұл бағыттар – қазіргі математикалық талдауда ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары Бокаевтың еңбектері қайта орналасу-инварианттық кеңістіктер теориясына және Рис потенциалының коммутаторларына жаңа нәтижелер қосты. Оның Уолш және Хаар жүйелері жөніндегі зерттеулері де цифрлық сигналдарды өңдеу мен толқындық талдау саласында қолданылу мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Сондай-ақ, 220-дан астам ғылыми еңбектің, оқулықтардың және монографияның авторы ретінде Нұржан Әділханұлы халықаралық ғылыми қауымдас­тықта кеңінен танымал. Соңғы бес жылда оның 30-дан астам мақаласы жарияланып, олардың он шақтысы Web of Science пен Scopus базасындағы беделді журналдарда жарық көрді. 1998 жылдан бастап, әр жылдары ол республикалық гранттық жобалардың ғылыми жетекшісі болды. Ал, қазір 2025-2027 жылдарға арналған жаңа ғылыми жобасына жетекшілік етуде. 1994-1996 жылдары сұңғыла ғалымның халық­аралық INTAS жобасына қатысқанын да атап айту қажет.

Ғалымның халықаралық байланыстары да аса кең. Әлемнің жетекші университеттеріндегі белгілі математиктермен бірлескен еңбектері, Падуя, Йена, Кардифф, Стамбул, Мәскеу, Сеул, Эрланген секілді орталықтарда жасаған баяндамалары оның ғылыми беделін айғақтайды. Ол дүниежүзілік математиктер конгрестерінде, ISAAC және Түркі әлемі математиктерінің конгрес­терінде Қазақстан ғылымын танытып келеді.

Нұржан Бокаевтың жас ғалымдарға ерекше қамқорлық танытуы – оның биік азаматтық болмысының бір қыры. Оның жетекшілігіндегі ғылыми семинарлар – функционалдық талдау мектебінің дамуына үлкен үлес қосатын орта. Шәкірттері бүгінгі күні еліміздің түрлі университеттерінде, ғылыми институттарында табысты еңбек етуде. Сегіз қырлы, бір сырлы сырбаз ғалымнан жас буын мол тәлім алып, жетіліп, өсіп келеді.

Атап айтсақ, шәкірттері Матин Дәурен, Гүлден Қаршығина, Гүлмира Кенжебековалар – бүгінде өз саласында танымал ғалымдарға айналып, өз жолдарын тауып, үлкен жетістіктерге жетуде. Нұржан Әділханұлының тәжірибесі мен ақылы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ғылымдағы іргелі істерін жалғастыруға септігін тигізіп келе жатқаны көз қуантады.

Ол – терең ойлы ғалым бола отырып, тумысынан ақынжанды, сезімтал жан. Оның жазған өлеңдерін оқыған сайын өмірді түсінуі мен адамгершілік даналығы айқын көрінеді.

«Айнымас асыл аға, тіл
қатпадың,
Сеземін жүрегіңде сыр
жатқанын.
Сабырлы даналықпен
өлшегендей,
Терең ой бұл өмірдің
ырғақтарын.

Өмірдің шындығынан
түңілмеген,
Тағдырдың тәлкегінен
бүгілмеген.
Қажымас қайратыңнан қуат
алам
Саналы жасқа келіп бүгінде мен!» деп, өмір хақында философия­лық ой түйеді. Ойы – жинақы, сөзі – шымыр, тілі – суретті, образды тіл. Көп оқитынын да аңғару қиын емес.

Домбыра шертіп, әуелете ән салғанда, қарапайым отырыстың өзі бірден мерекеге, думанға айналады. Бос уақытында үстел теннисінен жаттығып, шахматты шебер ойнайды. «Балуанға оңы мен солы бірдей» демекші, бұл оның жан-жақты дарынды тұлға, көрнек­ті ғалым екенін көрсетеді.

КарМУ және ЕҰУ-да осы екі спорт түрінен спартакиадада математика факультетінің оқытушылар командасы жүлделі 1-2 орындарды жеңіп алып жүр.

Соңғы 2025 жылдың қорытындысы бойынша үш бірдей шәкірті, ЕҰУ оқытушылары әрі PhD докторлары – Дәурен Матин, Талғат Ахажанов және Жайдары Мырзакулова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын жеңіп алды.

2014-2023 жылдары ғалым Түркітілдес елдердің математикалық қоғамының вице-президенті болып, түркі әлемі математиктерінің ынтымақтастығына елеулі үлес қосты. 2017 жылы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған түрік әлемі математиктері қауымдастығының VI Конгресінің ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. Аталған Конгресте 500 адам қатысқаны, оның ішінде, жүздей шет ел ғалымының болғаны Нұржан Әділханұлының ғылымдағы әлеуетін аңғартса керек.

Көпжылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Үш дүркін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған Нұржан Әділханұлының еңбегі ғылыми ғана емес, педагогикалық шеберлік тұрғысынан да жоғары бағаланған. Одан бөлек, ол министрліктің Құрмет грамоталарымен, «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Бүгінде Нұржан Әділханұлы – математикалық ғылым мен білім беруді дамытуға жан-жақты еңбек сіңіріп келе жатқан, Қазақстан ғылымының өркендеуіне қажыр­лы үлес қосып жүрген соқталы тұлға. Оның өмір жолы – жас буынға үлгі-өнеге, ғылымға адалдықтың айқын көрінісі.

Ендеше, жетпіс жасқа желіп жетіп, сексенге қарай желкенін керген сұңғыла ғалым Нұржан Әділханұлына мықты денсаулық, отбасына амандық һәм мол шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button