Жаңалықтар

Аза бойым қаза болды

«Хабар-24» телеарнасының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Ардақ Қабыханов досымнан айырылып, аза бойым қаза болды бүгін. Өмірден ерте озған әкесінің суретін жиі салып отырушы еді осы әлеуметтік желіге. Сол Асқар тауының жасаған ғұмырына екі жыл жетпей 45 жасында фәниден бақиға аттанып бара жатыр. «Жалғыз сен ғана әкесіз қалып па едің? Біз де жүрміз ғой міне», деп айтпағаныма енді өкініп отырмын. Жазда еңбек демалысымды алып ел жақта жүрсем телефон соғып тұр:
– Әй, Бағдат, қайдасың?
– Ақтоғайдамын.
– Әй, мен Алматыдамын ғой.
– Ее, дұрыс болыпты. Бір жола қайтар кезіңде хабарласпадың ба? – деймін мен де әдеттегідей қалжыңдап. Өзіне қатты жарасатын кеңкілдеген күлкісінен кейін:
– Досым-ау, ештеңе етпейді. Қызым, ҚазМУ-дің журналистикасын бітіріп диплом алған, соған келдім. Ұлым да жоғары оқу орнын аяқтады. Амандық болса, осы дипломдар бар сосын Тоты екеу­міздің қосылғанымызға биыл 25 жыл. Барлығын қосып шілденің аяғында той жасаймын, соған келерсің, – деді. Дәм жазып тойына ортақтасып та қайттым. Келгеніме балаша қуанып, ерекше ілтипатын білдіріп еді сол кезде.

 

Ардақ екеуміз ертеден араластық. Облыстық телеарнада бірге қызмет атқардық. Таңды таңға ұрып шаңырағында талай болдық. Бүгінге дейін жұбымыз жазылған жоқ. Ән салғанымды, жазған өлеңдерімді басқасын қайдам, осы досым алабөтен бағалайтын. Сосын, сағынса болды түн демейді, таң демейді, хабарласа беретін. Бертінге дейін солай болды. Осы жайсаң жігіттің көңілін қалдырмас үшін, таңғы 3-4-те тәтті ұйқымды қиып, ас бөлменің есігін жауып алып немесе балконға шығып қолды сермеп өлең оқимын, жынды адам құсап. Қызды-қыздымен: «Домбыраң қасыңда ма? «Көзкөргенді» айтып берші», – дейді әй-шәй жоқ.

– Әй, қой, отырайын енді жеті қараңғы түнде азынап, – деп тарс ете қалам. Ол күледі ішек-сілесі қатып. Анасынан арда туған абзал досым-ай, сенен қапыда осылай көз жазып қалам деп кім ойлаған? Соңыңда аңырап қалған Анаңа, жарың Тотыға, бала-шағаңа, туған-туыстарыңа Жаратқан ием сабыр берсін! Көрмеген көшеңнен жарылқасын! Алла сені панасына алсын, Ардош. Бақұл бол, досым!

Ардағым-ай,

Жете алмай-ақ кеттің-ау, арманыңа-ай.
Жан-тәнімен тілеулес болып жүрген,
Енді маған бұндай дос, бар ма, Құдай?
Ардошым-ау, деуші едім, Ардошым-ай,
Сенсіз мына дүние қалды осылай.
Жаны таза,
Жүрегі ақ,
Жүзі жылы,
Жөнің бөлек еді ғой, жан досым-ай!

Жүретін шағымызда дүркіреп құр,
Аспаным қоя берді-ау күркіреп бір.
Ақсораңның басынан ауған бұлт,
Соқырдың бойына кеп сіркіреп тұр.

Артыңдағы ұрпағың көктесе екен,
Бұдан кейін Тоты жас төкпесе екен.
Қарқаралы барлығын көтереді,
Қайран шешең, езіліп кетпесе екен.

Білесің жалғызсырап, жабығамын,
Мендегі сырдың саған бәрі мәлім.
Кеңкілдеп күлгеніңді, қайран досым,
Еңкілдеп, енді жылап сағынамын…

Бағдат МҮБӘРАК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button