Жаңалықтар

Қазақ баспасөзінің темірқазығы

«Қасым үйінде» мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының 160 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан және қазақ баспасөзі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Келелі жиын Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп, қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына Әлихан Бөкейханұлының қосқан үлесін кеңінен талқылауға арналды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Маңызды жиынды Ресурс­тық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан жүргізе отырып, басқосудың басты мақсаты – ұлт зиялысының қазақ баспасөзін дамытудағы тарихи рөлін насихаттау, оның мақалалары мен қоғамдық ойға әсер еткен публицистикалық еңбектерін талқылау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелге алаштанушы ғалымдар, журналистер, өлкетанушылар, тіл мамандары және студенттер қатысты. Қатысушылар қатарында Қарағанды медицина университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафед­расының ассистент-профессоры, алаштанушы-ғалым Камшат Абдрахманова, ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Аңғар Смағұл, әлихантанушы-ұстаз Тілеуғалы Әміртаев, әлихантанушы қаламгер Сүйіндік Жанысбай және журналист, тарихшы-ғалым Ерғазы Қадаш бар. Сонымен қатар, «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің мүшелері мен Қарағанды медицина университетінің студенттері, Ресурстық тіл орталығының мамандары да белсенді түрде пікір алмасты.

Кездесу барысында баяндамашылар Әлихан Бөкейханұлының публицистикалық мұрасына тоқталып, оның қазақ қоғамындағы ағартушылық миссиясын ерекше атап өтті. Қатысушылардың айтуынша, Әлихан Бөкейханұлы ұлттық баспасөзді халықтың ой-санасын жаңғыртатын, қоғамдық пікір қалыптас­тыратын маңызды құрал ретінде қарастырған. Оның мақалалары мен зерттеулері елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерін қозғап, қазақ қоғамының жаңғыруына ықпал етті.

Ғалымдар мен қаламгерлер Әлихан Бөкейханұлының журналистикадағы мұрасы тек тарихи құндылық қана емес, бүгінгі ақпарат кеңістігі үшін де маңызды бағдар екенін атап өтті. Оның публицистикасында ұлттық мүдде, білім мен ғылым, жер мәселесі, тіл мен мәдениет тағдыры кеңінен қамтылған. Бұл тақырыптар қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жойған жоқ. Дөңгелек үстел барысында жас буын өкілдерінің де пікірлері тыңдалып, студенттер ұлт көсемінің идеялары мен баспасөздегі қызметі туралы өз ойларын ашық білдірді. Бұл өз кезегінде тарихи тұлғаның мұрасын жас ұрпаққа таныту мен олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағаланды.

Шара соңында қатысушылар ұлттық баспасөздің қалыптасу тарихын зерттеу, алаш қайраткерлерінің публицистикалық еңбектерін кеңінен насихаттау және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осылайша, «Әлихан және қазақ баспасөзі» тақырыбындағы басқосу ұлт тарихындағы ірі тұлғаның мұрасын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беріп, қазақ журналистикасының рухани тамыры тереңде жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

– Дөңгелек үстелдің маңызы өте зор деп есептеймін. Өйткені, Әлихан Бөкейханұлы – тек саяси қайраткер ғана емес, қазақ баспасөзінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан публицист. Оның мақалалары сол дәуірдегі қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың санасын оятуға қызмет етті. Бүгінгі басқосуда сол рухани мұраны қайта зерделеп, жас ұрпаққа таныстыру бағытында мазмұнды пікірлер айтылды. Мұндай жүйелі кездесулер Алаш зиялыларының идея­ларын терең түсінуге, ұлттық баспасөздің тарихи негіздерін ұғынуға үлкен мүмкіндік береді, – деп пікір қосты тарихшы-ғалым, әлихантанушы Ерғазы Қадашұлы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button