Қазаққа сөз емес, бір үзім нан керек еді…
1921 жылғы Торғай уезіндегі ашаршылықтың негізгі себебі империялық замандағы заң актілерінің нормаларынан бастау алады. Ашаршылыққа себеп болған басты үшеуінің атын атап, түсін түстеп өтер болсақ, олар – 1822 жылғы Сібір қазақтары туралы Устав, 1861 жылы шаруаларды басыбайлы тәуелділіктен жерсіз босату актісі, 1868 жылғы Уақытша ережесі. Оқырманға түсінікті болуы үшін жоғарыдағы үш актіге қысқаша түсіндірме де бере кеткен жөн болар.
1822 жылғы Уставта империя өзінің қазақ жерін отарлау ісін заң актісі арқылы бекітіп, жатжұрттық басқару жүйесін енгізді. 1861 жылы жерсіз босатылған шаруа, қара шекпен Сібірге, қазақ жеріне ондап, жүздеп, мыңдап, миллиондап қоныс аудара бастады. Отарлау әкімшілігі 1868 жылғы Уақытша ережемен қазақ елінің жерін империяның мемлекеттік меншігі деп жариялады да, 1891 жылы Орал, Торғай, Семей, Ақмола облыстарын басқару туралы Уақытша ереже қабылдады.
1917 жылы билікті заңсыз иеленіп кеткен бұзық большевик те қазақ аймағын басқаруға құрылған революциялық комитетіне (ресми атауы – Кирревком) қатысты заң актісін Уақытша ереже деп атайды. (Орталық Мемлекеттік Мұрағат Қ. – 14. т.1 , іс 13, бет 2;. ары қарай ОММ)
Уақытша ереже бойынша қазақ даласында басқарушы орган Кирревком аталғанымен азамат соғысының соңына дейін нақты билік Түркістан майданының әскери басшылығында болды. Және де 1918 жылдың жазында Азық-түлік халық комиссариаты Қостанай мен Торғай уездерін бөлек Челябинск ауданы қылып қойды. Қостанай уезін 1919 жылдың тамызында құрылған «Сібірревкомы» туралы заңы бойынша ұйымдастырылған жаңа губерниялық орган деген мәртебесі берілген Челябинск аудандық басқармасына қаратты.
Осы уақытта Семей және Ақмола облыстары ақтардың қолында тұрғандықтан Кирревком олармен ешқандай байланысы болмады. (ОММ. Қ. – 14, т.3, іс 4, б. 1-2.)
Сібірревком 1919 жылдың соңында ақтардан босатылған Семей мен Ақмола облысына 1921 жылдың жазына дейін иелік етіп, Кирревкомды басқару ісіне мүлдем жолатпады. (Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы Қ. – 72.т.1. іс.13. б,95 ары қарай ҚЗТҚО)
Қажетті әкімшілік басқарусыз, қараусыз, иесіз қалған Торғайда астық пен малды әскерге, жай жұртқа сатып алу ісі жүйесіз жүріп жатқанда Кирревком 1920 жылдың 27 наурызында Қазақ жерінен мал әкетуге тыйым салу қажет деген сөз көтереді. ( ОММ. Қ. – 14, т.3, іс 17, б.17.)
Ашаршылыққа ұрынған қазаққа сөз емес, бір үзім нан керек кезде Кремльдегі қиянатшыл қызыл комиссарлар Москваның аш-жалаңаш жұртына қазақ даласынан астық жеткізіп, биліктерін сақтап қалуға жанталасты.
1920 жылдың 7 ақпанында РСФСР Совнаркомның төрағасы Ленин Омбыдағы Сібірревкомына соққан жедел телеграммасында Москва пролетариатына 7 млн. пұт астық жеткізуді талап етті.
1920 жылдың қазан айының басында Торғай облысынан 400 түйеге астық артып келе жатқан адай елінің керуеншілері қызыл әскермен қарулы қақтығысқа барған (ОММ Қ. – 14, т.1, іс 61, б. 166).
1920 жылдың қарашасында Қазақстанға арнайы келген Бүкілресейлік староста аталған М.Калинин Сібірревкомның бар басшыларын Қызылжарға жиып, Ақмоладан 3 млн. пұт астық, 43 мың бас малды үш айдың ішінде жіберуге тапсырма бергеніне куә болған жазушы С.Мұқанов өз естелігінде баян етеді.
1921 жылдың қазан айында Семей атқару комитеті Москвадан орталыққа миллион пұт астық жіберу туралы бұйрығын орындауға жедел кіріскенін растайды архивтік құжаттар (Қ. – 73, т.1, іс 13, б. 14. ҚЗТҚО).
Мәскеу, Омбы, Орынбор қалаларындағы больщевиктік билік қазақ елінде ашаршылықтың басталғанын, қыр қазағының қырылып жатқанын біліп отырса да, оларға нақты көмек көрсетпеді.
Үкіметтің ашаршылыққа кез болған қазақ ұлтына қатысты ала саясат ұстанып отырғаны жайлы М.Әуезов 1922 жылдың 16 ақпанындағы «Серпілмеудің себептері» деген өткір мақаласында «қазаққа сөз емес, бір үзім нан керек деп» ашық, ашына жазды.
Торғай халқы ашаршылыққа кезігетіні туралы М.Дулатов 1921 жылдың 9 сәуірінде «Ел күйзелді» деген мақаласында: «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазға салым ашаршылық күтіп тұрмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ» деп нақты жазды. Көлік неге қалмады?
Оның себебін бізге азамат соғысы кезінде Торғай даласындағы төтенше қызыл комиссар Ә.Жангелдиннің 1918 жылдың 26 сәуірінде Москваға жазған хаты ашып, тауып береді. (Алиби Джангильдин. Документы и материалы. 89-б.)
Жангелдин хатында Қазақстан ерекше әскери округ болып бөлінуі тиіс, оған керекті азық-түлік, астық, мал, жемшөп қырда, оның ішінде Торғайда жеткілікті дейді. Бұл жақта кавалерияға, артиллерияға, жүк артатын арбаларға қажетті жұмыс аттары баршылық. Оның ойынша осынау мол ресурсты уақыт өткізбей тез арада пайдаланып, Қызыл Армияның екі-үш дивизиясын құруға болады. Қазақстанда әскери ерекше округ құру арқылы қырда жеке дара билікке ұмтылған қызыл комиссар Ә.Жангелдиннің нұсқауымен қызыл әскер, түрлі жабдықтау органдары Торғайдың бар байлығын тонай бастады. (ОММ. Қ. – 14, т.1, іс 52а, бб.5, 44, )
Торғайдың жылқысы мен қара малы әскерилердің талан-таражына түскені аздай қазақтың сауынды сиыры мен сүтті ешкілері қажетті жемшөбімен бірге Москваның ашжалаңаш пролетариаты, мұғалімі саудалап әкетіп жатты. (ОММ. Қ. – 14,т.2, іс 10, 11, 12.)
Қазақстаннан жоспарсыз жаппай мал әкетуді тоқтата алмаған Кирревком тым құрмаса, бұл істі ретке келтіріп, бір жөн жолға салмақты ойлана бастады (ОММ. Қ. – 14, т.3, іс 2).
Бірақ, топан судай басқан тобырлық тонауды тоқтату ісі Кирревкомның қолынан келер қызмет емес-тін. Бұл 1919 жылы уақытша құрылған комитеттің не қарулы күші, не қаржысы, не кәсіби кадры жоқ қауқарсыз қуыршақ кеңсе еді.
Қазақ күйзелген кезде елін сүйген Алаш азаматтары қол қусырып, қарап отыра алмады. Олар 1922 жылдың 9 наурызында Семейде жиналыс өткізіп ашаршылыққа ұшырағандарға көмек ретінде елден мал жинап, қырдың төте жолымен жеткізбекке ұйғарады.
Ж.Аймауытов пен М.Дулатов Семей мен Қарқаралы жұртынан жиналған қыруар малды Қостанайға қарай айдайды. Бұлар Ақмола тұсына келгенде Ә.Жангелдин басқарған «Қызыл Керуен» жолығып, «Торғай халқының халі нашар, малдың басын сол елге бұрыңдар» деп кеңес берген соң малды Торғай жұртына қарай айдаған. (Алаш ісі. 1920-1930 ж. сот процестері)
Алаш азаматтары Қарқаралы, Семей жұрты берген жылу малын 1200 шақырымды 40 күн жүріп ашаршылыққа ұшыраған елге жеткізгеннен кейін бір жыл өткенде «мал дұрыс таратылмады» деген желеумен 1924 жылдың басында заңсыз тергеу ісі қозғалады да, ол 1926 жылдың көктемінде сот процесіне жалғасады.
Бұл мемлекеттік билікті заңсыз басып алып, қарулы күшпен саяси басымдылыққа ие болған большевиктік партия тергеу мен соттарды өздерінің саясаты мен мақсат-мүддесін жүргізетін мәңгүрт мекемеге айналдырып үлгерген кез еді.
Іс жүзінде Семейдегі Алашқа ашаршылыққа ұшыраған жұртқа ел ішінен мал жинауға рұқсатты басында ресми билік өзі берген болатын. Алаштықтар малды ел байларынан кесім қылып алса, бұқара өз еркімен, сұрауы жоқ деп атаған. Бірде бір қазақ, байы бар, орташасы бар, кедейі бар жылуға өткізген малымды қайтар деп үкімет пен сотқа талап арыз түсірмеген.
Әділет ісінің заңына сай жылуға жиналған малға меншік құқығы ашаршылықта күйзелген халықтың меншік құқығына көшкен-тін.
Шындық заңсыз қылмыстық істің қозғалуына Ә.Жангелдиннің 1922 жылдың 17 қыркүйегінде обком партияға қырдағы саяси ахуал туралы жазған есеп хаты себепші болғанын жоққа шығара алмайды, (Алиби Джангильдин. Документы и материалы. 171-б.).
Жангелдин өз баяндамасында Алаш азаматтарының ашаршылыққа ұшыраған елге мал жинап, көмек көрсетуі жақсы іс, бірақ негізгі мақсаты, идеясы, ниеті өздерінің көпшіліктің алдындағы беделін көтеру еді, бұл олар үшін саяси маңызды болатын деп көрсеткен.
Торғай қазағын ашаршылық қырып жатқанда Әліби Жангелдиннің саяси беделді сөз қылуы орынсыз болатын.
Қазаққа сөз емес, бір үзім нан керек еді.
Марат АЗБАНБАЕВ