Руханият

«Қаз баса ғой, қарағым…»

«Бала – адамның бауыр еті» деп ұрпағын төбесіне көтере қастерлейтін қазақтың ең асыл мүддесі – сәби. Оның дүниеге келуі көл-көсір шаттыққа бөлесе, алғаш езу тартып күлгенінен бастап, өз бетінше кеудесін игеріп құйрық басып отыруы, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Отбасы баланың әрбір елеулі қимылдарын көз жазбай қадағалайды, қуаныш көреді. Сондай ұлағаты мол, бала өміріне арналған салттардың бірі – «тұсаукесер» деп аталады.

 

Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделе бастайды. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Ол – Алланың өзі жаратқан пендесінің басынан өтуді қажет ететін өсу кезеңі. Еңбектеу баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық еттерін шынықтырып, нығайтады. Сәби еңбектеу арқылы айналасын, кеңістікті таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңдарын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбекте», «тез еңбектеп кетсін» деп жеті рет өткізеді.

Еңбектеуге әбден машықтанып алған нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талпынады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-анасы «балам тез жүріп кетсін» деген оймен тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер тойы да, сүндет тойы секілді, әрбір қазақ ауылында міндетті түрде аталып өтетін дәстүрлі қуаныш.

Тұсаукесер тойына арнайы әзірлік жасалады. Шақырылған кісілерге табақ тартып, сый-сияпат әзірлейді. Асқа үлкен кісілердің біреуі бата жасайды. Сәбиге ізгі тілектер арналады.

Дастарқан жиналған соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Бұл жерде қалау ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді. «Оның үлгі тұтарлық ерекше артықшылықтары, жұртты сүйсіндірер қасиеттері болуы шарт. Соның бәрі жұрт алдында аталады. Сол арқылы елгезек, жүрдек, іс тындырғыш, ақжарқын, тиянақты, табанды кісілер таңдалады» – дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана, ұлағатты ұстаз Райхан Төлешева. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Жүрісі сылбыр, жайбасарға, дімкәс, аурушаң адамға, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісіге, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігітке, тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кескізбеген екен. Тұсау кескен адамға сәбидің тұсауына байланып, арнайы тұсаукесер сыйлығы беріледі.

Тұсаукесердің бұрыннан келе жатқан әрі ел ішіне көп тараған түрі – ала жіппен кесу. Ақ жіп пен қара жіпті айқастыра, кезек алмастыра отырып еседі. Ала жіптің мәні туралы жазушы Зейнеп Ахметова былай дейді: «Ақ пен қара түс – өмір-тіршіліктің нышаны, тұспалды бейнесі. Бір Құдай – жалғыз, қалғанының бәрі қос-қостан. Мысалы, күн мен түн, көп пен аз, биік пен аласа, жақсылық пен жамандық, аштық пен тоқтық… Сондықтан, «жақсылық болып басына бақ қонғанда асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасын, өмірдің күңгейі мен көлеңкесінен тең өтсін!» – деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі.

Тұсаукесердің жібін дайындаудың бірнеше түрі, жолы, сенімі де бар. Көбейіп, көгере берсін деп жіпті көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Алайда, бұл жаппай сипат алып барлық жерге таралмаған әрі ала жіпке қосымша ретінде қолданылған.

Рәсім жасар алдында сәби шомылдырылып, жаңа киімдер кигізіледі. Өйткені, бұл іс – жаңалықтың басы. Тұсау кесуші (ер не әйел ) істі бастар алдында сәбиді аялап, жерден көтереді. Еркелете демеп, аяғын бастырып тік тұрғызады. Бұған баланың анасы септеседі, жатырқаса еркелетіп жөнге салады. Сол кезде тұсау кесуші баланың екі аяғын арнайы дайындалған ала жіппен тұсап байлайды. Ала жіп адалдықтың белгісі, суық қолдан сақтандырушы. Әрқашан адал адамды қазақ ешкімнің ала жібін аттамағанға балайды. Жіпті байлап болған соң тұсау кесуші тілегін жаудырады:

Желдей жүйрік бол,
Қарағайдай сүйрік бол!
Өз ісіңе берік бол,
Әке-шешеңе серік бол!…

Ниетін айтып болған соң баланың аяғы тұсалған ала жіпті пышақпен кеседі. Қайшымен кесуге болмайды. Өйткені, бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді.

Тұсауы кесілгеннен кейін сәбиді оң қолынан ұстап жетелеп, әрлі-берлі жүргізеді. Шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Мысалы:

Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайын,
Басқаныңды санайын,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып, бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.

Бұдан кейін ойын-тойға келген балаларды жарыстырып, күрестіріп, озғандарына бәйге береді. Балаларға өлең, жыр, тақпақ, жаңылтпаш айтқызады. Тұсаукесер баланы үлкен өмірге бастар жолының алғашқы баспалдағы. Ол ата-ананың «перзентіміз жақсы адамға ұқсасын, қадамы сәтті болсын, тіршілікте кездесер жетістік пен сәтсіздіктен тең өтсін» деген өрелі ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірегейі. Тұсаукесер болашаққа игі тілеумен жол ашудың нышаны, үміттің оты.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button