Аязды күні алаңда тұрғандар
Желтоқсан жетсе жел қарып өтер ызғардан бұрын, аязды күні алаңда тұрып, тепсініп теңдік талап еткен жастардың аққан қаны мен төгілген жасы жан тітірентеді. Міне, біркездердегі байрақты жұрттың қайратты шағына жетуіне жасалған алғашқы дүмпуді осы күні – Желтоқсан көтерілісі дейміз. Ал, сол көтеріліс көсегемізді көгертіп, Тәуелсіздік алуымызға арқау болғанына да биыл 31 жыл толып отыр екен-ау…
Бұл толқуға басты себеп, тарихтан егжей-тегжей білетініміздей, 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Д.Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде беймәлім Г.Колбиннің тағайындалуы болды. Іле-шала қазақ жастары «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен Брежнев алаңынан табылды. Айтып-айтпай не керек, Кеңес өкіметінің керзі етігіне тапталған ұрпақтың жанайқайы еді-ау бұл. Мұны үкімет басшылары да түсінбеді дейсіз бе? Түсінді. Түсіне тұрып, түске кіріп-шықпас сорақылыққа барды. Бейбіт шерудің соңы бейберекет тепкі мен оқудан шығаруға, қала берді темір торға қамауға ұласып кете барды. Бұл – қазақ рухының салтанат құрғаны да, шалқалап құлағаны да. «Ұлтшыл, маскүнем» деп айыпталған жастарды «ауыздықтау» үшін Алматы қызметкерлеріне көмекке Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосибирскіден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 адам милиция қызметкері тартылғаны да кейбір деректерде қылаң беріп қалады. Сонда дейміз-ау, жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспарын қолданарлықтай не көрініп еді? Бұл – бізге белгісіз. Белгілісі – Одақ басшыларының қазақ жастарына жасаған опасыздығы. Әйтсе, Алаш Арыстарынан кейін адамзаттың көзіне тік қарап, бас көтерер жан қалмады деп сенсе, өстер ме еді? Неде болса, қақаған аязда қасқайып тұрған жастарды суық сумен атқылап, ит қосып қуғандары – Одақ шаңырағының опырылып ортасына түсерін сезген «көсемдердің» тұңғыш тітіркенісі деп ұққан абзал болар. Сол күндері жалпы шеруде 8500 адам ұсталып, түрлі жаза тартты. Басым бөлігі – студенттер.
Алатау етегінде басталған толқудың Алаш топырағына жайылмай қалуы мүмкін емес еді. Бір кездері осы «Орталық Қазақстан» газетінің қарымды қаламгерлері болған Аман Жанғожин мен Ермағамбет Лұқпанның «Желтоқсан жаңғырығы. Қазыналы қарашаңырақ» атты мақаласын көзім шалып қалды. Сондағы мақалада «1986 жылдың қоңыр күзіңде 15 қараша, сенбі күні Қарағанды облыстық комитетінің пленумы өтіп, оңда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына В.Локотунин деген азамат тағайындалды. Бұл есімді ол кезде қазақстандықтар біле қоймайтын. В.Локотунин 1980 жылдан 1986 жылғы сәуірге дейін Липецк облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қарағандыға келерден бұрын, тек 6 айдай ғана, СОКП Орталық Комитетінің инспекторы болған. Жаңа басшыға қарағандылықтардың көзқарасы әрқилы болды» деп бастайды қос журналист. Байқап отырғандарыңыздай, бұл оқиға Д.Қонаевты қызметінен босатудан тура бір ай бұрын болған оқиға екен. Арада отыз күн өтер-өтпесте Г.Колбин Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып шыға келді. Бұл кезде қарағандылық жастар қайда қарап отырды дерсіз. Жоқ. Отырмады. «Сол кездегі астана – Алматыда басталған жастар толқуының жаңғырығы республикамыздың бар аймағына, соның ішінде Қарағандыға да жетті» дейді қос автор. Яки, жерлес жастарымыз да қарап қалмаған. Сол кездегі астанамыздағы толқу 17-18 желтоқсан күндері болса, Қарағанды шаһарында 19-20 желтоқсан күндері орын алады. Жергілікті билік өкілдері шұғыл түрде жедел топтар құрып, студенттерге насихат жүргізуді қолға алғанымен, одан ештеңе шықпаған. Нәтижесінде, 19 желтоқсан күні сағат кешкі 20.00-де жастар Гагарин алаңынан табылады. Құқық қорғау органдары оларды күшпен таратып, ендігәрі мұндай «сорақылыққа» баратын болса, оқудан шығатындарын ескерткенімен, бұл жайт ертесін 20 желтоқсанда да қайталанады. Ақыры, алаңға шыққандардың соңынан шам ала түсу де болмай қоймады. «Қарағанды университетінен 12, политехникалық институттан 6, мединституттан 28, кооператив институтынан 3, сондай-ақ, пединституттан да бірнеше студент оқудан шығарылды. Мәдени-ағарту училищесінен 9, есеп-кредит техникумынан 2 оқушы оқудан кетуге мәжбүр болды» дейді авторлар. Мұнымен қоса, білім ордаларындағы 59 оқытушыға қатаң сөгіс жарияланып, өзгелері жиналыстарға салынып, толқуға қатысы бар дегеннің бірі де жазадан құтылмады. Қызметінен төмендетілгені бар, партиядан шығаруы бар, сотталғаны бар талай азамат азаттық жолындағы алғашқы ащы дәм де татып кете барды. Тіпті, сол «басбұзарлардың» есімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да көпке масқара болғанға ұқсайды.
Қош. Тәуелсіздік жолында басын тауға да, тасқа да ұрған жастардың сол күндердегі ерлігі жадымызда мәңгілік жаңғырып тұрмақ. Тек, ертеңгі ұрпаққа ертегі боп қалар сол толқуға қатысқандар, бассыздыққа жол бермей, бас имегендер арамызда барын ұмытпасақ игі еді…
Рауан ҚАБИДОЛДИН