Жаңалықтар

AYALA-ның аялы алақаны

Биыл облыста AYALA қоры жалпы сомасы 135,2 миллион теңгеге жеті қайырымдылық жобасын іске асырды. Өңірдің мыңнан астам аз қамтылған отбасылары, екі балалар үйі, №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Теміртау қаласының №5 арнайы мектеп-интернаты, Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы және Теміртаудағы Ана мен бала орталығы көмек алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің сайтында жарияланды.«Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысының 11 қаласы мен кентінен, сондай-ақ, жеті аудан орталығынан мыңдаған отбасы 50 килограмм азық-түлік жиынтығын алды. Олардың әрқайсысында күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шай және кәмпиттер бар. Аталмыш акция қордың биыл «Халық» ҚҚ бастамасын қолдау мақсатында өткізген үшінші азық-түлік тарату шарасы. Көмек аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, материалдық жағдайы қиын, ерекше қажеттіліктері бар бала асырап отырған отбасыларға көрсетіледі.

Екі бала тәрбиелеп отырмын. Бұл біз үшін жақсы көмек. Қазір азық-түлік қымбаттады, дәрі-дәрмекке ақша жетпейді. Қарапайым адамдарды қолдайтын қорларға рахмет, – деді Назым Аманбаева. 

Балалардың денсаулығы мен зияткерлік әлеуетін сақтау үшін Қор Samruk Kazyna Trust қолдауымен Қарағанды қаласының облыстық клиникалық ауруханасының неонаталды бөлімшесінің реанимациясына автоматты гипотермияға арналған жабдықтар жиынтығын алып берді. Аппараттың арқасында осы жылдың мамыр айынан бастап, дәрігерлер жеті кішкентайдың өмірін сақтап қалды.

Біздің кішкентай пациенттеріміз үшін, әсіресе, асфиксия кезінде орташа ауыр жағдайға тап болған адамдар үшін гипотермия аппараты арқылы жүргізілетін терапияның нәтижесі өте жақсы. Ауыр асфиксиядан өткен балалардың орталық жүйке жүйесіне зақым келеді. Бірақ, автоматты гипотермияның арқасында біз неврологиялық көріністерді азайтып, сәбилерге толыққанды саламатты өмір сүруге мүмкіндік береміз, – деді Қарағанды қаласының облыстық клиникалық ауруханасының перинатология орталығының жетекшісі Гүлнар Ғалиева.

Жазда AYALA қоры «Арселор Миталл Теміртау» компаниясының көмегімен Қарағанды қаласының №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне және Теміртау қаласының №5 арнайы мектеп-интернатына арналған құлаққап жиынтығы бар екі TOMATIS Talks Up аппаратын сатып алды. Жабдық ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қажет. Осы жылдың қараша айында AYALA қоры бірден екі жобаны жүзеге асырды. «Таңшолпан» балалар үйі мен ерекше даму мүмкіндіктері бар балаларға арналған балалар үйі Cummins компаниясынан тігін және ағаш шеберханасына арналған заманауи жабдықтар жиынтығын, сондай-ақ аспаздық шеберлік сыныптарын өткізуге арналған жабдық алды. Осының арқасында жыл сайын 190 бала кәсіптік бағдар беру тренингінен өтеді. Қазақстандықтардың жинаған қаражатына өкпені инвазивті емес желдету функциясы бар өкпені жасанды желдету аппараты және Теміртау қаласының Ана мен бала орталығына үш фототерапия шамы сатып алынды. Бұл заманауи жабдық жаңа туған балалардың, соның ішінде, дене салмағы өте төмен балалардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Ол осы медициналық орталықтың жансақтау бөлімінде 2022 жылдың басында орнатылады.

Біз 2021 жылды осындай толымды істермен аяқтағанымызға өте қуаныштымыз. Қордың барлық серіктестері мен демеушілерінің көмегі облыс тұрғындарына болашаққа сенімін күшейтеді деген үміттеміз. Баршаңызға зор денсаулық, істеріңізге сәттілік, амандық, еліміздің гүлдене беруін тілейміз, – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

AYALA қайырымдылық қоры 2007 жылдың наурыз айында құрылған. Оның барлық жобаларының негізгі мақсаты – балалардың өмірін жақсартуға арналған қоғамдағы оң өзгерістерге септігін тигізу.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button