Жаңалықтар

Аяғынан тік тұрған Айдана

Қарағандылық Айдана АЗАМАТҚЫЗЫ аяқ астынан арбаға таңылды. 2014 жылы. О баста оң аяғы жансызданып, кейін екі аяғы да бастырмай қалады. Дәрігерлер дендеп тексергенде, жұлынның ісігі бары анықталады. Бірақ, өрімдей қыз өмірдің бұл сынағына сынбады. Арбадан тік тұру үшін талпынып, күресіп, барын салды. Ерік-жігерін жаныды. Түбі арбадан тік тұрды. Осыдан кейін 27 жастағы қыздың қайсарлығына қайран қалмай көріңіз…

Айдана дерті белгілі болған соң Нұр-Сұлтан қаласындағы хирургқа ота жасатады. Ота ойдағыдай болғанмен, сырқаттан құлан-таза айыға алмайды. Қарағандыдағы оңалту орталығынан қайта ем-дом қабылдайды. Әпкесімен бірге жаттығу терапияларын қалт жібермей, массажды да уақытында алады. Ғажайыпты қарасаңызшы, жарты жылдан соң, бір бармағы қозғалады. Сол сәттен Айдананың жүзіндегі күдік сейіліп, үміт оты жылт еткен-ді.

«Қатты қуанғанымнан тоқтамай жыладым. Көзімді тарс жұмып, аяғымды қайта-қайта қимылдаттым. Аяғымның қозғалғанын елестете бердім. Сол күннен бастап, алдыма мақсат қойдым. Жаттығуды бұрыннан да жиілету керек деп. «Youtube» желісінен өзім сияқты қыздың аяққа тұрып кеткенін көріп, мотивация алдым. Жыладым да, құладым да, белімді бекем буып, арманыма жету жолында ештеңеден тайынбадым», – дейді Айдана.

Иә, қайсар қыздың мұндай қиындықтан өтуіне жанашырларының қолдауы һәм сенімі серпін бергені анық. Әсіресе, әпкесі үнемі қасынан табылып, жай-жайлап қадам басуына көмегін жасапты.

Күнделікті арнайы «ходунокпен» екі-үш қадам жасайды. Сөйтіп, күн өткен сайын қадамының саны артып, сенімі тіпті ұлғайды. Үйде ешкім жоқ кезде де қайта-қайта қадам басып, құлап та, жылап та алатын едім дейді. Міне, шыдам мен төзімнің арқасында жыл өткен соң Айдана арбадан тік тұрады. Арманына жетеді. Енді, балдаққа сүйеніп, әлсін-әлсін қозғала бастайды. Аз уақыттан соң астанаға көшуді ұйғарады. Астанадағы сұлулық салонына жұмысқа орналасады. Баппен балдақпен жүріп, еңбекке араласады. Фитнес-залға барып, жігерін әрі қарай шыңдайды. Табандылығынан таймайды, нәтижесіне көңілі толады.

Арман қаладан болашақ күйеуін кезіктіріп, тұрмысқа да шығады. Алла бұйыртып, сәби де сүйеді.

– Өзіме тіреу болатын жар жолықтырдым. Ең үлкен арманым – ана болу еді. Оған да жеттім. Әрине, жүктілік кезеңі оңайға соққан жоқ. Маған артық салмақ қосуға болмайды. Бірақ, бәрін жеңетініме сенімді болдым. Қазір сүйкімді қызымыз бар, Құдайға шүкір. Мен баламен үйдемін. Күйеуім жұмыста. Қарағандыға қоныс аудардық. Осының бәрі сабырмен келді мен үшін. Барымды бағалаймын. Енді, бар арманым – балдақсыз жүру. Басты қиындықтан өттім, балдақты да тастайтын күннің ауылы алыс емес екенін сеземін. Менімен тағдырлас жандарға айтарым – қиындыққа мойымай, күресе білу керек. Мақсат айқын болса, кез келген сынақтан өтуге болады. Бастысы Құдайға, сосын өзіңе сену керек, – дейді жігерлі қыз.

Иә, біз осылайша арбадан тік тұрған Айдананың қайсарлығына қайран қалып, табандылығына тәнті болдық. Және бойынан алға сүйреген алапат күшті аңғардық. Ол – сенім.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button