Автолизинг: бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Несиеге белшеден батып, автосалондардан жоғары пайызбен жаңа көлік алып жатқандардың қатары көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Үкіметке нақты әрі жедел шаралар әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес желтоқсанның бірінен бастап, автолизинг бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда бұл жоба Алматы мен Астанада пилоттық режимде жүріп жатыр. Бағдарлама бойынша кез келген азамат бастапқы жарнасыз, жылдық шекті мөлшерлемесі 36%-ға дейінгі автолизингке, яғни, ұзақ мерзімге қалаған көлігін ала алады. Алайда, бағдарлама «Әне-міне халыққа ұсынылады» дегенше компаниялар 10 пайыз алғашқы жарна енгізу талабын қойып үлгеріпті. Дегенмен, жаңа бастамаға қатысты түсініксіз тұстар әлі де көп. Соның салдарынан ел арасында жаңа бағдарламаның түсініксіз тетіктері туралы сауал да көбейіп тұр. Ал, жауап аз. Мәселенің мән-жайын тарқатып көрсек…

Жаңа бағдарлама жарылқай ма?
Жалпы, лизингке көлік алу – көлікті жалға алу деген сөз. Лизингті толық өтеп бітпейінше көлікті пайдаланасыз, бірақ, иесі атанбайсыз. Егер, көлікке қандай да бір зақым келсе немесе ұрланса, оған тұтынушы жауапты. Сондықтан, көлікті міндетті түрде сақтандыру қажет.
Лизинг тетігі – жаңадан шыққан ұғым емес. Оның құқықтық негізі бұрыннан бар. Бұл механизм Азаматтық кодексте көрсетілгенімен, Қаржы туралы заңда жеке тұлғаларға қатысты нақты нормалар болмаған еді. Онда тек заңды тұлғаларға арналған лизинг талаптары қарастырылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ішкі сауда қағидаларына өзгеріс енгізіліп, жеке азаматтардың да лизинг рәсімдей алу мүмкіндігі ресми түрде бекітілді.
Лизингке көлік беру жолы жеңілдетілген. Мәселен, сіз көлік алғыңыз келіп жүрсіз делік. Дәл осы бағдарламамен жұмыс істейтін компаниялардың біріне барып, аз ғана уақыт ішінде рәсімдей аласыз. Ол үшін сізден несиелік жүктеме, зейнетақы жинағындағы қаражат көлемі талап етілмейді. Бірақ, ай сайынғы табысыңыздың 85 пайызы несие төлеміне жұмсалмауы керек. Егер, осы критерийге сай келсеңіз – су жаңа темір тұлпар сіздікі. Ал, лизингке алынатын көліктер Қазақстанда, шет елде шығарылған деген талап жоқ. Ең бастысы, салоннан алынуы керек.

Бұл бастаманы ForteLeasing және отандық автомобиль өндірушісі Allur компаниясы жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта Алматыда дәл осы бағдарламамен елден бірінші болып жаңа көлік алғандар бар. Олар ұсынылған шарт бойынша көліктің 10%-ын құйып, 15% жылдық мөлшерлемемен рәсімдеген. Алайда, мамандар бұл сандар кейбір тұтынушы үшін өзгеріп тұратынын айтады. Бақсақ, әрбір қарыз алушының қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі ескеріледі екен.
Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков 24.kz телеарнасына берген сұхбатында автолизингтің артықшылығын айтып берді.
– Негізі бастапқы жарна болмауы керек еді. Бірақ, автолизинг беретін компаниялар 10 пайыз жарнасын қойып отыр. Бұған жауапты Сауда және интеграция, Өндіріс және құрылыс министрліктері оларға ешқандай шектеу қойған жоқ. Бастапқыда жылдық мөлшерлеме 45% деп бекітілген болатын. Бірақ, қазір автонесиенің өзі 45% екенін ескере отырып, оны төмендеттік.
Компания тұтынушыға несиенің айлық төлемі мен жылын қолжетімді етіп жасап береді. Лизингтің бір артықшылығы – көліктің аз пайызбен берілетіндігінде. Бірақ, қандай да бір жағдайда несиенің ай сайынғы төлемі екі есептік кезеңнен кешіктірілсе, келісімшарт автоматты түрде бұзылады. Ал, келісімшарт бұзылса, компания сізден көлігіңізді алып кетеді. Бірақ, ол сіздің несие тарихыңызға әсер етпейді. Бұл – екінші артықшылығы. Осындай жағдайда сіз тек компаниямен ғана ат құйрығын үзесіз. Сізге тек екінші мәрте лизинг қарастырылмайды. Ал, компания бұл жағдайда ешқандай шығынға ұшырамайды. Сол көлікті басқа компанияларға жалға бере салады.
Несие рәсімдеу кезінде көлік бағасына сақтандыру компаниясы мен техникалық қызметтердің бағасы қосылады. Одан бөлек, зауыттан кепілдендірілген болса, екі жыл кепілдік сомасы да есепке алынады. Шыққан баға тұтынушының ахуалына қарай мерзімге бөлінеді, – деді депутат.
«ForteLeasing» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Үрпежанов «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында елде жеке тұлғаларға арналған бірінші автолизингтің пилоттық жоба екенін атап өтті.
– Бұл жобаны біз Allur Group компаниясымен серіктестік аясында жасадық. Негізгі шарттар заңды тұлғаларға берілетін лизинг шарттарына сәйкестендіріліп жасалды. Яғни, заңды тұлғаларға берілетін лизинг шартымен бірдей. Біз халықаралық тәжірибелерге көз жүгірттік. Енді бұл бағдарламаны әрі қарай жетілдіре бермекпіз. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныс түсті. Оның бәрін Үкіметпен, қауымдастықпен бірге пысықтаймыз, – деді Саят Үрпежанов.
Лизинг мерзімі аяқталған соң тұтынушыға үш түрлі таңдау берілетін көрінеді. Әуелі, төлемді толық төлеп болған соң көлікті өз атыңызға аудара аласыз. Немесе, жай ғана қайтарып бере салуға да болады. Болмаса, үшінші нұсқа, яғни, жүрілген көлігіңізді басқа бір жаңа көлікке ауыстыру құқығы да қарастырылған. Әлбетте, айырбастау да дәл осы лизинг арқылы жүзеге асады. Сондықтан, мамандар келісімшартқа қол қояр алдында мұқият танысып шығу қажеттігін айтады.
Сонымен қатар, сіз су жаңа көлікті бес жылға лизинг бағдарламасымен алдыңыз делік. Екі жылдан соң жалға алу мерзімі аяқталмаса да көлігіңізді компанияға тапсырып, орнына басқа көлік түрін айырбастап ала аласыз. Бірақ, әу баста компаниядан лизингке көлік алар кезде арада екіжақты келісімшарт бекиді. Көлікті айырбастар кезде сол келісімшартта көрсетілген тармақтарға сай болу қажет. Ол келісімшартты әр лизинг компания өзі ұсынады. Ал, жаңа көлікке жаңа лизинг шарты қайта жасалады.
«КАСКО» көмектеспей ме?
Автолизингтегі көлікті қатты сырып алсаңыз, немесе бұзылып қалған жағдайда жөндеу жауапкершілігі лизинг шарты мен сақтандыру түріне байланысты. Бірақ, бұл бағдарлама арқылы көлік алған тұтынушылардың 90%-ына компания «КАСКО» сақтандыру полисін рәсімдеуді міндеттейді екен. Бірақ, алда-жалда жол көлік оқиғасына түссеңіз немесе көлік жарамай қалса не болмақ? Ондай жағдайда «КАСКО»-ның шығындарды толық өтеп немесе өтей алмайтыны әлі белгісіз.
– Бұл бағдарламаның шикі тұстары көп. Бағдарламамен берілетін көліктердің бағасы көтерілетіні сөзсіз. Себебі, компанияны екінші деңгейлі банктер қаржыландырады. Яғни, мемлекет екінші деңгейлі банктерді қаржыландырса, олар лизинг компанияларына ақша құяды. Ал, екінші деңгейлі банктердің пайызы бесенеден белгілі. Демек, 10 млн-ға көлік алсаңыз, үстіне бес, тіпті, 10 млн теңгеге дейін қосып қайтаруыңыз әбден мүмкін. Біздің әлсіз тұсымыз неде? Кейбір компаниялар көлікті алғашқы жарнасыз беріп жатыр. Әрі, лизинг сіздің несие тарихыңызға да әсер етпейді. Несие тарихына қарамаса, төлем қабілетіңізге көз жүгіртпесе ел жаппай жаңа көлік мінеді. Әсіресе, «Жаңасынан мінейін. Такси қызметінде жүріп жауып тастаймын» деп ойлайтындар да жоқ емес. Бірақ, бұл қате шешім деп білемін. Біріншіден, көлік бағасы қымбатқа түседі делік. Ал, екіншіден, көлікті компаниялар үш немесе бес жылға береді. Бірақ, сол аралықта сіздің жағдайыңыз, көліктің аһуалы қалай болатыны бір Аллаға ғана аян. Егер сіз жаңа көлік алып, такси қызметінде жүріп соғып алдыңыз делік. КАСКО-ның сақтандыру шартында «Белгілі бір таксопарктерде тіркелген көлік болса, сізді сақтандыру компаниясы сақтандырмайды» деген тармақ бар. Осыны біз оқымай, аузымыз күйіп жатады, – деді автосарапшы Санат Нұрбаев.
Мәселен, сіз жаңа көлік міндіңіз. Несиенің айлық төлемін жыл бойы кешіктірмедіңіз. Бірақ, екінші жылы қандайда бір себеппен көлігіңізді жаңалағыңыз келіп, әлгі талаптарға сай көлігіңізді компанияға өткіздіңіз. Онда жыл бойы лизингке құйған ақшаңыз кері қайтарылмайды. Көлікті де, ақшаны да компания өзіне алып қалады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков өз сөзінде:
– Бұл бағдарламаға екінші деңгейлі банктерді кіргізбеу керек. Егер банктер іске кіріссе, онда бұл жеңілдетілген лизинг емес, автонесие болып кетеді. Сондықтан, бұл жерде бөлек бір компания құрылу керек, – деген еді.
Қазіргі таңда бұл іске ForteLeasing мен Allur компаниясы білек сыбана кірісті. Одан бөлек, еліміздегі алғашқы автосалондардың бірі ретінде Kia-да қосылды. Осы жобаларды қаржыландырып отырған – түрлі коммерциялық банктер. Жалпы, жыл сайын инфляция деңгейінің көтерілуі – үйреншікті құбылыс. Ал, инфляция артқан сайын банктердің пайыздық мөлшерлемені өсіретіні белгілі. Сәйкесінше, лизинг ұсынатын компаниялардың да өз пайыздық ставкаларын қайта қарауы әбден мүмкін.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


