Автоеріктілер ерледі
Полицейлерге қар құрсауынан адамдарды құтқаруға көмектескен автоеріктілерді Қарағандының бас полицейі марапаттады.

Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың 29 желтоқсаны мен 2024 жылдың 2 қаңтары аралығында өңірде ауа райы күрт өзгеріп, аймақ ақтүтек боранға оранды. Дереу көлік ағынына барынша шектеу қойылып, полиция департаментімен республикалық маңызы бар автожолдарға бекеттер орнатылғаны белгілі.
Өткен бес күн ішінде полиция қызметкерлерінің пәрменімен жолда қалған 18 мың автокөлік жақын маңдағы елдімекендерге жетті. Тек, Астана қаласына қарай бағытта 4 мыңнан астам, яғни, қоғамдық, жүк және жеңіл көліктер жиналып қалған еді. Жеті мыңнан астам адам, оның ішінде, 800-дей бала жолда қалды.
Тәртіп сақшылары мемлекеттік орган қызметкерлерімен бірлесіп, 500 адамды, оның ішінде, 80 баланы эвакуациялап, жылы орынға жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Айта кету керек, осындай жұмыстар кезінде полицияға көмек қолын созған автоеріктілер де өздерінің жол талғамайтын көліктерімен жолда қалғандарды құтқаруға көмектесті.

Жақсылық жерде қалмайды. 3 қаңтар күні Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділов жанашыр жандарды полиция департаментіне арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетті.
– Жаңа жыл қарсаңында ауа райының күрт нашарлауынан жолдағы қозғалыс қиындап, бірнеше адам діттеген жеріне жете алмай қалды. Сол қысылтаяң шақта тәртіп сақшыларына автоеріктілер көмек беріп, өздерінің азаматтық борышын адал орындады. Сондықтан, біз ол азаматтарды марапаттағанды құп көрдік. Барша еріктілерге алғыс білдіремін. Қоғам тыныштығы жолында атқарып жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз ешқашан еленбей қалмайды, – деді Санжар Әділов.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен үш азаматқа Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағат табысталса, жеті адамға өңірдің бас полицейінің алғыс хаты берілді. Өз кезегінде еселі еңбектерін елеп, риясыз құрмет көрсеткен департамент басшылығына автоеріктілер де рахметін жеткізді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz



