Автобустағылар неге «алаңсыз»?
Қазір Қарағанды облысы – қызыл аймақта. Карантин күшейтілген. Тіпті, демалыс күндері облыс орталығына қашықтау орналасқан қалааралық автобустар жүрмейді. Ал, қала ішіндегі автобустарда карантин талаптарын ескеріп жатқан адам аз.
Мен күнде Майқұдықтың «Горняк» аялдамасынан №53 автобусқа отырамын. Мінерде бетперде тағып аламын. Өйткені, қара басымның ғана емес, отбасым мен жақындарымның, әріптестерімнің де жайына алаңдаймын.
Автобус түпкі екі аялдамадан-ақ толады. Одан кейін аузы-мұрнынан шыққанша тығындау басталады. Солардың арасында бетперде таққан бірен-саран адам болмаса, көпшілігі қаннен-қаперсіз. Арақашықтық деген атымен жоқ. Ең болмаса, бетпердесі болса-шы. Бетперде тағу әлеуметтік арақашықты сақтау, қолға гигиеналық құралдар пайдалану – індеттен қорғанудың негізгі жолы.
Автобус жүргізушісінен санитарлық талап жөнінде сұрағанда айтқаны мынау болды:
– Әр рейстен соң, автобус тазаланады және желдетіледі. Автобуста бетперде тағу керектігі туралы қоғамдық көліктегі телеарнадан қайталап айтып отырады. Шамамен әр 10 минут сайын жолаушыларға автоматты түрде ескертіледі хабарлағыш арқылы. Бірақ, «бетперде тақпадың немесе арқашықтықты сақтамадың» деп жолаушыны түсіріп кете алмаймыз. Онсыз да таңертең және кешке қарбалас кезде ғана адам толы болады. Басқа уақытта көп емес. Ал, өзіміз жұмыста күнделікті бетперде тағып, оны ауыстырып отырамыз, – дейді 015 нөмірлі №43 автобустың жүргізушісі Айдос Аринов.
Ал, кондукторлар жұртшылықтың ескертуге құлақ аспайтынын алға тартады.
Байқасақ, мәселе жеке бастың жауапкершілігіне келіп тіреледі. Яғни, әр адам өзінің және айналасындағы адамның қауіпсіздігі үшін карантин талаптарын сақтауы керек.
Ал, мен күнде таңертең қоғамдық көлікке мінген сайын «осы коронавирус инфекциясы автобустағыларды айналып өтетін болар, сірә» деп ойлаймын. Өйткені, жұрттың індеттен қаймыққан түрін көрмейсің. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп», автобустарда арақашықтық сақтау мүмкін болмай жатса да, бетперде тағу қолымыздан келеді емес пе?
Жәлел ШАЛҚАР.