Жаңалықтар

Автобустағы әңгіме

  Түс ауа ауылға қарай жолға шықтым. Қолымдағы билетке қарасам автобустың артқы жағындағы орын. Жайғасып алдым. Жасы он үштер шамасындағы жас бала жаныма кеп отыра кетті. Мінезі тұйықтау көрінді. Көзінің оты бар, бірақ.


  – Ал, бауырым, жол болсын. Жол қысқарсын десең, әңгіме айтуға дайынмын, – деп сөзге тарта бастадым.
Менің көрші ауылдарымның бірінен екен.
  – Қалада интернатта оқимын. Үйге демалысқа бара жатырмын, – деді.
  – Әәә, жөн, жөн. Әкең қой сойып, анаң қуырдақ қуырып жатыр екен ғой ұлым келе жатыр деп қаладан, – деп едім үнсіз қалды.
Түрі бозара кетті. Тілімді тістедім. Нем бар еді? Артымды жуып-шайып:
  – Бауырым, бәрі жақсы ма? Жайсыз бірдеңе айтып қалдым ба? Әкең мен анаң бар ма еді? – деп сұрадым.
Үнжырғасы біршама түсіп кетті. Күн де күрт бұзылып, жаңбыр нөсерлетті. Ұзақ ойланып барып жауап қайтарды
  – Бары бар. Анам қуырдақ істейді, әкем қой соймаса да. Нағыз әкем ол – менің анам. Әкем анда-санда келіп, тәтті-пәтті әкеліп тұрады. Оған қарындасым алданады. Мен ол жаста емеспін, – деп тісін шықырлатқандай болды да, терезе жаққа бұрылып, бір нүктеге қадалды да қалды.
Жай түскендей болды төбемнен. Не деген намысты бала? Әлгіндегі нөсер жаңбыр үдете түскендей… Салқындық сезіле бастады.
  – Анау асқар тау менің әкем болса, анам жағасындағы бұлағы болса, біз құрағы болсақ  – қандай үйлесімді табиғат десеңші, ә! Еһ, осындай салқын күндері тез тоңып, жаным ауыратыны – әкенің қамқорлығы жоқтығынан ба екен? Шешім қабылдамас бұрын, баланың тағдырын талқыға салса қайтеді? Жауапты дүниеге жауапсыз қарағаны нелері? Аман болсыншы, әйтеуір! – дегендей мұң сезілді ауыр күрсінісінен.
Жәй жақындап қарап едім, көлік әйнегінің сыртындағы тамшы секілді ыстық жас ыршып барады екен жанарынан.
Ауыр ойдан арыла тұрайын дегендей, шырт ұйқыға кетті.
P.S:Статистика бойынша Қарағанды облысында осы жылдың 7 айында 5602 неке тіркеліп, оның 3608 ажырасқан. Қуантарлық дүние емес . Қаншама отбасы ойран болып, қаншама қаракөз жәудіреп қалды десеңізші! Маған серік болған мына бала – солардың бірі ғана.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button