Автобан құрылысы қашан аяқталады?
Облыс аумағында жол-көлік оқиғалары саны 175-тен 283-ке дейін көбейді. Оған қоса, қаза болғандар саны да көп. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» Қарағанды филиалының басшысы апат жиі болатын «Қарағанды – Балқаш» тасжолының құрылыс жұмыстарына тоқталды.
«ҚазАвтоЖол» өңірлік филиалының басшысы Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, облыс бойынша жалпы ұзындығы 513 шақырым «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал» трассасын қайта жаңарту жұмыстары әлі де жалғасады.
– «Қарағанды – Балқаш» учаскесінің жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Оның биыл 50 шақырымға арналған қозғалыс бағыты ашылды. Жалпы, осы жобаны іске асыруда бес елдімекен – Жұмабек, Ақсу, Ақсу-Аюлы, Ақшатау, Балқашты айналып өтуге болады. Ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін жасалған 32 жол өтпесі, 11 көпір, екі көлік айрығы және теміржол жолдары арқылы бір жол өтпесі бар.
Биыл жолға арналған жабынның жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге жұмыстар 76 пайызға аяқталды. Сондай-ақ, қолданыстағы инженерлік коммуникация желілерін қайта құру 97 пайызға аяқталды, – деді Ерлан Жұмағұлов.
Филиал басшысының сөзіне сүйенсек, жолдың 50 шақырымында барлық жолақтар бойынша қозғалыс ашық. Тамыздың соңына дейін «ҚазАвтоЖол» компаниясы тағы 50 шақырым жолды Ақбастаудан Нұраталдыға дейін ашуды жоспарлап отыр. Тағы 50 шақырымы трассаны жаздың соңына дейін Балқаштан Ақшатауға дейінгі учаскеде ашу жоспарда. Қалған 210 шақырым жолды қазанның соңына дейін пайдалануға беруге ниетті.
– Жалпы, ұзындығы 151 шақырым болатын «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолында «ҚазАвтоЖол» компаниясы бұрын жолдың 91 шақырымындағы жол қозғалысын ашқан болатын. Биыл Тасарал ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жұмыстар жүруде. Қалған 60 шақырымын жол жұмысшылары жыл соңына дейін тапсыруға уәде берді, – дейді ол.
Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, «Қарағанды – Балқаш» тасжолыавтобанын толығымен ашу мүмкін емес. Өйткені, барлық жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тосқауыл қоршаулар орнатылмаған.
– Төрт жолақ тосқауыл қоршаулары жабдықталып, тиісті белгілер болған кезде ғана қозғалыс жолы ашылады. Өйткені, тосқауыл қоршаулары мен белгілер – жол қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Әзірге тек абаттандыру бойынша жұмыстар толық аяқталған учаскелердегі жолды аштық. Қазір тосқауыл қоршауын орнату жұмыстары белсенді жүргізілуде, – дейді филиал басшысы.
Облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар жолдардағы апаттылықтың алдын алу үшін жасақтар саны 17-ден 37-ге көбейді.
Қызмет кезінде патрульдік полиция қызметкерлері апаттылыққа әсер ететін бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жүргізушілермен ұйқы және демалыс режимін сақтау туралы профилактикалық әңгімелер жүргізді. Халық арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы 7 200 мыңнан астам парақшалар таратылғанына қарамастан, оң нәтижелерге жеткенше жұмыстар жалғасатын болады.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz