Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген еді. Осы тапсырма аясында облыс аумағында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтсақ, Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданы Жаңа Тихоновка аталған бөлігінде су құбыры төселуде. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы былтыр дайындалып, тиісті қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін Қарағандының жеке секторы сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында мамандар бұл туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Ауыз сумен толық қамтылады
Осы уақытқа дейін аталған ауданның тұрғындары ауыз суды құдықтан ішіп келген. Енді су құбыры тартылып болған соң су әрбір үйге қолжетімді болады. Жоба аясында диаметрі 63-тен 160 миллиметрге дейінгі магистральдық құбырлардың 22 шақырымы және диаметрі 25 миллиметр үйлерге жеткізуші желілердің 32 шақырымы төселеді.
– Жыл соңына дейін Жаңа Тихоновкада 1012 үй орталық сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, қаладағы су құбыры желілерінің құрылысы бойынша 21 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама орталық сумен қамтамасыз етілмеген барлық аудандарды қамтиды. Атап айтсақ, қаланың Сұрыптау, Майқұдық, Пришахтинск, Федоров және Михайлов бөлігі. 67 шақырым жаңа су құбыры салынып, 2 341 үй қосылады. Осылайша, Қарағанды халқының орталық сумен жабдықтауға қажеттілігі толығымен жабылады, – деп хабарлады Қарағанды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Қоқышев.
Бұған дейін тұрғындар судың жоқтығын айтып шағымданған. Ал, қазір олар ризашылығын білдіруде. Су құбыры жүргізілгеннен кейін жолдарға асфальт төсеу де жоспарда тұр екен.
Мамандар кәріз мәселесіне су құбырын тартып болған соң кірісетінін айтады.
– Кейбір үйлер жекеменшік болғандықтан, олар орталық кәріз жүйесіне құлықсыздау көрінеді. Себебі, өздерінің септигі бар. Оның орнына жол салып беруді сұрайды.
Біз көше бойымен құбырды тартып, есік алдына дейін әкеліп береміз. Тұрғындар желіге қосылады деп ойлаймын. Өйткені, орталық су құбыры қысы-жазы жұмыс істейді. Құдықтан тасып ішкеннен гөрі әлдеқайда тиімді, – деп түсіндірді Ержан Ермекұлы.
Құрылыс үшін 50 жылға кепілдігі бар заманауи пластик құбырлар пайдаланылып жатқанын атап өткен жөн.
Мердігердің айтуынша, олар технологияны сақтай отырып, жұмыс істеуде. Осыған дейін тартқан су құбырларында 15 жыл ішінде бірде-бір ақау кездеспеген.
– Қазір құбыры тартылып жатыр. Әзірге 2,5 шақырым төселді. Бұл – барлық жұмыстың 20 пайызы. Мұнда 4 бригада жұмыс істеуде. Жұмысқа 5 экскаватор, 2 жүктеуші, 1 кіші жүктеуші, 1 манипулятор, 2 көлденең бағытталған бұрғылау техникасы мен 30 адам тартылған. Осы жерден екі сорғы станциясы қойылады. Бұл – судың ағыс күшін жоғарылатады. Су құбырлары аязда да төзімді. Себебі, олар жер астында 2,8 метр тереңдікте орналасқан. Тапсырыс бойынша сорғылардың ішінде суды тазартуға арналған сүзгілер орналасқан. Апаттық жағдайға қарсы 3 жылға кепілдік береміз. Шамамен 50 жылға дейін шыдайды. Пластик құбырдың астына және қойылғаннан кейін үстіне жұмсақ топырақ төселіп, пайдалануға берілгеннен соң жарылып кетпеуіне баса назар аударудамыз. Құдықтар 2-3 үй сайын қойылады. Жоба бойынша жұмысты аяқтау мерзімі 13 ай. Бірақ, жұмыс кедергісіз, қарқынды жүріп жатқандықтан қараша айында жұмыс аяқталады деген жоспар бар, – дейді бас мердігер «Агропромремстрой» ЖШС директоры Сатыбалды Жолдыбаев.
Төсеудің стандартты әдістерінен бөлек көлденең бағытталған бұрғылау да қолданылады. Бұл – құбырларды ор қазбай-ақ төсеудің жабық тәсілі. Бұл тәсіл жол мен тротуардың беткі қабатын бұзбай, электр-ток желісінің тіректері бар учаскелерді және басқа да коммуникацияларды сақтауға мүмкіндік береді.
– Бұл әдістің артықшылығы іс жүзінде атқарылған жұмыстардың ізі қалмауында. Құбырлар шығатын жерлерде жобада коммуникациялық құдықтар орнату көзделген. Бұрғылау кезінде бентонит пайдаланылады, ол құбырды орап, қатқаннан кейін берік қорғаныш қаптамасын жасайды, – дейді учаске бастығы Нұрлан Сағынаев.
Жұмыс толық аяқталған соң су құбыры «Қарағанды Су» ЖШС теңгеріміне беріледі.
Қалпына келтіру жұмыстары құрылыс және монтаж аяқталғаннан кейін басталады.
Ал, келесі жылдары жеке сектордағы жолдарды асфальттау көзделіп отырғанын атап өткен жөн.
Нөсерағарлар қалай реттеледі?
Кеншілер астанасындағы тағы бір өзекті мәселе – нөсер кәріздері. Қаланың кейбір бөліктеріндегі аулаларда жаңбыр жауса, су жиналып қалады. Бұған дейін тұрғындар судың кесірінен жүріп-тұру қиындайтынын айтып дабыл қаққан болатын.
Қазір қала аумағында нөсер кәрізін тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су басатын және су тұрып қалған аудандарға ерекше назар аударылуда.
Ольга Кукина Пришахтинскідегі 23-ықшамауданы №17 үйде 12 жылдан бері тұрады. Ол бұрын бұл жерде нөсерағар болғанын, алайда, бірнеше жыл бұрын ауланы жөндеу кезінде оны қате орнатқанын айтады. Осының кесірінен су жиналып, дұрыс ақпай қалады екен. Шалшық пайда болып, су жиектастың бойына дейін жетіп, кейде жертөлеге құйылатын көрінеді.
– Енді мәселе шешілді. Кейінде жауған жаңбыр суағардың дұрыстығын көрсетті. Жаңбырдан кейін судың бәрі бірден ағып кетеді, ауламыз құп-құрғақ. Елдің мұңына құлақ түріп, осы ауқымды тапсырманы қолға алғанына мың алғыс, – деп атап айтты Ольга Кукина.
Аталған ықшамауданда тазалау, ретке келтіру жұмыстары былтыр басталған. Бірінші кезекте негізгі коллектор тазартылды. Қазір магистральді және орамішілік желілерді тазарту жалғасып жатыр. Бұл аудандағы кәріздің диаметрі – 600 мм. Бұл мамандандырылған техниканы тартуды талап етеді.
Қосымша 15 жаңбыр қабылдағыш асфальт қабатының астында. Мамандар оларды тазалап, көтеріп, жүйеге қосады.
Жұмыстар жүйелі
Ержан Қоқышевтің мәлімдеуінше, қалада су бұруды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.
– Соңғы үш жылда 20 шақырымға жуық жабық нөсер желісі тазартылды. Одан бөлек, 10 шақырымға жуық арық қалпына келтірілді. Жұмыстар көше-жол желісін жөндеу және қайта жаңарту бойынша жоспарларға енгізілген. Бұл ретте су басу қаупі бар учаскелер міндетті түрде ескеріледі. Өткен жылы бас коллектор, қазір кварталаралық коллекторлар тазартылуда. Бұл коллекторлар қала құрылған кезде бірге салынып, картада болған. Кейін жоғалған. Осы аумақтағы жұмыс барысында жұмыс істемей тұрған 15 жерасты нөсерағарды таптық. Енді оларды негізгілеріне қосамыз. Жұмыс аясында жауын-шашын кәрізін орнатып, жалғап, ретке келтіреміз, – деп нақтылады бөлім басшысы.
Дерекке сүйенсек, Қарағандыдағы жабық нөсер желілерінің жалпы ұзындығы 120 шақырымнан асады. Тазарту жұмыстары жыл сайын жүргізіліп, әр су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша инженерлік іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспары жасалады. Су басатын учаскелерге ерекше назар аударылады. 2022-2024 жылдар аралығында 19,4 шақырым нөсер желісі тазартылып, 9,8 шақырым ашық арық желісі қалпына келтірілген.
Қазір мамандар 23-шағынауданда, Штурманская көшесі мен теміржол вокзалы ауданында жұмыстарды жалғастырып жатыр. Жұмыс барысында Пришахтинскідегі Методическая көшесінде картада көрсетілмеген коллектор табылған. Оны қосу Кемеровская көшесінің қиылысындағы су басу мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өту керек.
«Баракат» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Иван Журвейдің айтуынша, шамамен 5 жылдан бері нөсер ағындарын тазалап, кеншілер астанасының өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді.
– Жұмыс гидравликалық түрде жүргізіледі. Біз құбырлардың ластануын сумен тазалаймыз. Жұмыс барысында жеке секторларды су басқан кезеңде біз бірнеше апатты жойдық. Атап айтқанда, Балқантау көшесінде, 19-ықшамаудандағы, 53 үйде проблемалар болды. Қазіргі уақытта бұл мәселелер шешімін тапты. Шынында қала тіршілігіне араласып жүргендіктен бұл бағытта көбірек жұмыс істеу қажет екенін айтқым келеді. Өйткені, желілер, нөсерді ағызу құбырлары тозған. Мәселен, әр құдықты тазалау жағдайы әр түрлі. Бірі жылдам бір сағатта тазаланса, кейбірінде күні бойы жүреміз. Өйткені, олардың ластануы әртүрлі. Мәселен, Майқұдықтағы 14-ықшамаудандағы құдықтарды тазалау барысында өте көп қоқыс шықты. Әбден бітеліп қалған. Тіпті, құбырларда торкөз де болмаған. Ал, қазіргі уақытта олардың кейбірі қолмен тазартылуда. Десе де, бар күшімізді салып, барлығын тазалап, реттеп, іске қосып жатырмыз, – дейді Иван Журвей.
Бұдан басқа, қаланың көше-жол желісін салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жобаларын іске асыру аясында міндетті түрде су бұру жүйелерін орнату бойынша іс-шаралар жүргізілмек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»