Медицина

Облыста 24 ақпан – 24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы айлық өтуде

Облыста 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған айлық өтуде. Оның түпкі мақсаты – тұрғындарды туберкулездің алдын алуға жұмылдырып, ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беру.

Сурет автордан

Туберкулез – бүгінгі таңда да әлем үшін өзекті қауіптің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде бұл дерттен күн сайын мыңдаған адам көз жұмып, ондаған мың адам сырқаттанады. Ал, бұл күресте уақыт – шешуші фактор. Өйткені, ерте анықталған жағдайда емдеу нәтижесі де анағұрлым тиімді.
Айлықтың негізгі бағыты – халыққа қолжетімді профилактиканы күшейту. Соның бір көрінісі – жылжымалы флюорографиялық пункттер. Қазыбек би атындағы аудан бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Салтанат Тулакпаева көшпелі тексерулердің не үшін дәл базар маңына орналастырылғанын түсіндірді.

– Туберкулездің алдын алу айлығына орай туберкулезбен күресу бойынша іс-шара лек-легімен өтіп жатыр. Флюоромашиналар адамдар тез флюорографиядан өте алатын қолжетімді жерлерге қойылады. Бұл жерде адам нөпірі көп, әсіресе, мереке алдында адамдар сауда жасауға келеді. Кейбіреулер жыл сайынғы тексеруден өту керектігін ұмытып кетеді, сондықтан, біз адамдарды туберкулездің алдын алу үшін флюорографиядан өтуге шақырамыз. Нәтиже флюраға түскен бетте шығады. Сурет 5 минут ішінде жасалады және нәтижені сол жердегі дәрігер бірден береді. Егер нәтиже жағымсыз болса, дәрігер педиатрдың кеңесін тағайындайды. Барлық мәліметтер жүйеге тіркеледі. Егер патология анықталса, емханадағы учаскелік дәрігерлер адамды тіркелген жері бойынша емханаға шақыртады, – дейді ол.

Қазыбек би атындағы ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әсет Омар айлық аясындағы жұмыстардың тек флюорографиямен шектелмейтінін атап өтті.

– Айлықтың негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ел аумағында тұтастай туберкулездің алдын алу, анықтау, емдеу және флюорографиядан өту қызметтерінің барлығы тегін көрсетіледі. Тексеруден тек жылжымалы пункттерде ғана емес, өз емханаңызда да кез келген уақытта тегін өте аласыз, – деді Әсет Тілеу­мұратұлы.

Айлық аясындағы көшпелі флюорография кестесі де жарияланған.

Тексеруден 15-17 жастағы жасөспірімдер және 18 жастан асқан ересектер өте алады. Қажеттісі – жеке куәлік қана.

– Саран қаласынан шаруаларыммен келіп едім. Базар маңында қараша халықтың флюорографиядан өтіп жатқанын көріп, бірден кіріп шықтым. Күйбелең тіршілікті күйттеп жүріп, жыл сайынғы тексеруді ұмытып кетеді екенсің. Осындай жерде, осылай ұйымдастырылғаны өте қолайлы болды. Уақыт та көп алмайды, нәтижесі де тез, – деді ол.

Мамандар туберкулездің ауа­-тамшы жолымен жұғатынын, сондықтан, қоғамдық орындарда қауіп жоғары болатынын ескертеді. Бұл дерттің ең осал тұсы да – кеш байқалу. Сол себепті флюорография секілді тексерулердің мәні – тұрғынды қорқыту емес, керісінше сақтандыру, ерте анықтау арқылы асқынудың алдын алу.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button