Руханият

Қауырсын тағдырлы құдірет

Биыл егеменді еліміздің тарихи тұлғаларының бірі – Сарыарқаның саңлағы, ақын-жазушы, сазгер әнші, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толмақ. Бүгінде күні кешегі көп мақтап, ел жақтаған Сәкенді даттап, «большевик», «сатқын» «Алаш қайраткерлеріне теріс» қараған адам ретінде бағалаушылар да бар. Олардың Алаш қайраткерлерінің өзі айтулы ақынға адал бағасын беруін қаперге алмауы таңқалдырады.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Соғыс сұрапылын көріп, өмірге өне­рімен қараған Сырбай Мәуленов сөзіне құлақ түрсек:

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын, – дегеніндегі қазақтың тілін, өнерін, салт-дәстүрін дәріптеген тұлға Сәкен еді. Оған оның өмір жолы, өнері, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі толық жауап береді. «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында «Алаш туралы қаралауды көп айтқан» деген Сәкенге сын айтылып келеді. Егер бұл кітап болмаса, жұрт «Алаш» туралы түсініксіз қалуы да мүмкін еді. Сәкеннің осы кітаптың беташарында: «Бұл кітапта «Алаш» туралы көп әңгімелер айтылды. «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда, ол әңгімелер тарихи мағлұмат ретінде баспа жүзінде шықсын деген оймен  айтылды», – деп жазған еді. Бұндай мәселелерге мән беріп жатқан кім бар? Сол «Тар жол, тайғақ кешу» кітабы неше рет түзетіліп, қанша рет басылғанын бүгінгі халық ұмытқандай. Күні кешегі «Желтоқсан оқиғасында», «Қаңтар оқиғасында» елдің көзі мен сөзі тым құрымаса құлағы бола алмаған ағаларымыз бен бауырларымыз Сәкеннің сағын сындырып, қаһарман болғысы келіп, дауыстары қарлығады. Көзі тірісінде Сәкеннің шыққан биігін қызғанып, арызды қарша боратқандар да дегеніне жеткен. Аз ғана уақыт ел басқарғанда «Қазақ» деген атты қайтарған қайраткерлігі үшін де тарихи баға бере алмадық. Заманында кеңесшіл болған, бүгін жасанды алашшыл болғандардың жаласына қалған ақын, қоғам қайраткері туралы ой-пікірлерді ортаға салғанды жөн көрдік. Біз сын айтуды шындықты айтуға емес, қаралауды «халық жауларын» атқандардан үйренгендігіміздің бір дәлелін тағы да түсіндік. 

Данышпан жазушы Л.Толстойдың: «Адамның қоғамнан тыс болуы ақылға сыймайды» деген пікірі бар. Біз адамның өмірі мен өнегесі, қабілеті мен қызметі, адамгершілік асыл қасиеттері туралы танымдық тұрғыдан зерттеулер жүргіземіз. Алайда, тексеріліп отырған мәселеге қатысты дәуір тынысы, қоғамдық оқиғалар, кезеңге қатысты әлеуметтік мәселелер туралы толғанбайтынымыз таңқалдырады. Бір кездегі әлемге әмірін жүргізген Кеңес Одағы құлап, ел аңсаған егемендікті алдық. Кезіндегі Кеңес Одағына қатысты  «Жасасын!», «Даңқымыз арта берсін!», «Бақ-дәулетіміз шалқи берсін!» деп ұрандағандардың өткенін ұмытып, жаңа заманның жаңалығына қалай қосылғанын көзбен көрдік. Советтік дәуір сән-салтанатын алға шығару үшін «салт-дәстүрін ұмытып, жұмақ заманның көсемі Ленинді құдай қылып», оның ізін жалғас­тырушыларды да аспаннан асырмасақ та, асқардан асырып тастадық. Жаңа заманда да ел басқарған көсемдерді көкке жеткізіп, одан да асырып жіберуге әрекет етіп жатырмыз. Біздегі эстетикалық таным-түсінік өзгермей, этикалық мәдениеттің қалыптаспағанын өмір көрсетті. Жаңа заманды айту үшін өткен өмірмен салыстырып, келмеске кеткен Кеңес дәуірін жамандауға жарыса кірістік. Шығыс жұлдызы Рудаки: «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз… Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі ойға оралады. Жанталасқан уақытта жақсылық пен жамандық үнемі айқасып келеді. 

Кеңес дәуірінің қиянаты мен кесапаты, сұрқия саясаты мен дауылды және жылымық  жылдары туралы толымды, тағылымды еңбектер жарық көрді. Совет үкіметі жылдарындағы болған, болып кеткен оқиғаларға кінә тағып, ен таңбалауға кірістік. Сол дәуірдің айтулысы атанып, сөз бастаған шешені, ел бастаған көсемі болғандықтан ақиық ақын, ірі қайраткер Сәкен Сейфуллинді бүгінгі жікшіл желөкпелер желбуаз сөздерімен жақтыр­майтындарын айтты. Бұл жағдай ақынның көзі тірісінде де болған. Бірақ, ақын орынсыз кінә таққандарға жауабын беріп, айтар уәжін айтып кеткен еді. Кеңес туын көтерген Сәкеннің қатары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің неліктен ұсталып, халық жауы ретінде атылғаны туралы тарихтың шындығын аша алмаған ағайын, бүгінгі күні олардың атын өшіруге жанталасып жатыр. Ондай «боз­өкпелер» бұрын да болған. Оларды боз­өкпелер деудің себебін бірден нақтылап, толықтай түсіндіре кетейік. Тәуелсіздік алуымызға себепші болған «Желтоқсан оқиғасы» кімнің кім екенін анықтап берді. Біздің бүгінгі шешен, көсем болып жүргендер сол кезде жастарды қолдауға жарамай, үйді-үйлерінде тығылып, өсек айтып жатты. Ұлттың оянуына себепкер болған сол оқиғалар аяқталып, енді сол мәселеге қатысты «солақай» бағалар беріліп, жастарды айыптап жатқанда, үкімет деңгейінде болған үлкенді-кішілі жиындарда О.Сүлейменов, Ж.Молда­ғалиев, С.Шаймерденов, М.Шаханов­тардың қарсылықты пікірлері болмаса, көпшілігі үнсіз қалғаны баршаға аян. Ал, тәуелсіздік туралы, алашшыл әдебиет өкілдері жайында әңгіме басталғанда бұрынғыны мансұқтап, жаңағыны жарыса жазуға кірістік. Кеңес дәуірінің біздің бойымызға жақсысы жұқпай, жаманы жанды арбағаны осыдан белгілі болды. Жалпы, қазіргі және бұрынғы қоғамды жайлаған – парақорлық, менмендік, сауатсыздық дертін өз кезінде социализм­нің үш жауы екендігін Ленин де ескерткен еді. Сол дерттің асқынуы бар кінәні бұрынғыларға жауып, өздері «сүттен – ақ, судан – таза» болуды атқамінерлер меңгеріп алды. Өткен тарихқа көз салсаң таңданып, таңғаларлық жағдайлар жиі ұшырасады. Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы 20-30 жылдары білімге құштар, дарынды тұлғалар көп шыққан. Олардың идеялас болуы біріне-бірі қарсы шығуы да көпке мәлім. Сөзсіз, жиыр­масыншы ғасыр идеялар соғысы астан-кес­тең оқиғала­рымен ерекшеленеді. Түркі әлемін темірқазық еткен алашшыл көсемдер мен шешендер қалыптасып, елдің ертеңі туралы толғанды. Отарлаудың негізінде зорлық-зомбылық, теңсіздік пен тексіздік болатындығын көрген халықтың ашу-ызасы шегіне жеткен. Бұл қазақ елінде ғана емес, басқа да халықтардың басынан өткеріп жатқан тағдыр тая­ғы еді. «Тарихтың осындай зобалаңына тап болған біртуар тұлғалардың тағдыры айрықша күрделі күй кешетінін бүгінгі ұрпақ терең сезініп, парасатпен парықтай білуі қажет. Уақыт өткен соң «анау – алай еді, мынау – былай еді» деп төрелік айту немесе үкім шығару оңайдың оңайы. Ал, қаулаған өрт, жөңкілген сел сияқты заманалық идеологияның жалаң қылышы төбеңде ойнап тұрған шақта «халқым» деп соққан жүрегіңе, «елім» деп егілген болмысыңа әрі қиянат жасамай, әрі әрекетсіз қалмай тірлік құрып көр. Мұның бір ғана жолы бар еді, ол – «түлкі заманды тазы болып шалу». Дәлірек айтқанда, заманмен тіл табыса жүріп, халқыңа қызмет ету, халықтың мүшкіл халіне араша түсу». Дәл осы кезеңнің күшті идеясы, халықтың талап-тілегіне сай келгені социалистік идея болып, оқып, білім алғандар тарапынан насихаттала бастады. Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллиннің  өмір жолы, халықтың тағдыры үшін күресі осы кезеңге қатысты өрбіді. Оның ақындығы, жазушылығы, қайтпас қайсар күрескерлігі қоғамдық істе белсенділігі, ірі мемлекет қайраткеріне дейін жеткізді. Өмірдің өзі Сәкенді бірде асуларға шығарса, енді бірде аяусыз сүріндірді. Көзі тірісінде Сәкен аңызға айналып, «халық жауы» ретінде атылса да ұлты ұмытпады. Кеңес дәуірі Сәкеннің қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы екендігін дәлелдеп берді. Оған оның барлық өмір жолы жауап бере алатындығы нақтыланды. Сәкентанушы ғалымдар, өнер қайраткерлері, мәдениеттанушылар легі қалыптасты. Дәлел мен деректің жеткілікті екендігін Кеңес дәуірінде жазылған желөкпе тарихта, жарымжан әдебиеттану ғылымы мен сөз сүйерлері жазған көркем туындылар түсіндіріп тұр. Тарихи тұлға туралы «Сейфолланың Сәкені», «Кездеспей кеткен бір бейне», «Сәкен Сейфуллин», «Күміс қоңырау», «Сәкен Сейфуллин  (тарихи-танымдық энциклопедия)», монографиялық еңбектер мен кесек-кесек роман, повесть, хикая­лық шығармалар мен көлемді поэмалар, балладалар және көптеген естеліктер мен өлеңдер жазылды. Зерделей қарағанда Сәкеннің датталуы емес, мақталуы басым екендігі айқын білінеді. Бүгін бұған қатысты «Ол Кеңес дәуірі еді ғой» деп жауап беретіндер бар. Халық ұнатпағандарын сол дәуірде де айтып, түрін түстеп беріп кеткен. Жиыр­масыншы ғасыр соңы Кеңес дәуірінің құлауымен тынды. Соңғы бас хатшының «Қайта құру» деген ұраны қайтадан құлауға себепкер болды. Анығында ұлттарды кемсітіп, бір ғана ұлтқа тәуелді қылған заманның құлауын жалпы халық қуана қарсы алды. Тәуелсіздігін алған елдің өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге ұмтылатыны мәлім.

Алғашқыда тіл, дін, әдебиет пен тарихтың «ақтаңдақ» беттері туралы тың бастамалар көтеріліп, ізгілікті  істер басталады. Бірте-берте бұл мәселелерге рушылдық, жершілдіктің жікшілдігі енді. Көп біле бермейтін батырлар, шешендер, көсемдер туралы беймәлім тарих жазылды. Тәуелсіздігімізге тоқтау салғандардың басына Сәкен есімін енгізіп, біздің «Қазақстандағы өз қандастарымыз» да желпінді. Оған қосылған қолшоқпарлары әлі де шоқпарларын көтеріп, өз пайымдау­ларын айтып келеді. Өмірде жоқ адамдар туралы көсіліп, өтірікті өрбіте айту оңайлау болса керек. Алғаш алашшыл айтулы тұлғалар ақталып, тарихымызға оралғанда Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабит және т.б енді оқу бағдарламаларынан шығады деген пікірлер айтылды. Солардың ішінде көбірек шүйілгені Сәкен Сейфуллин еді. Егер сол болмағанда Совет үкіметіне енбей, өз алдымызға «Алаш­орда мемлекеті болып тұратын едік» дегенді де асыға айтты.Тарихқа үкім айтып, оған тексеру жүргізу уақыт, кезең, дәуір, мезгіл деген ұғымдарға қарамайтын сәттерді бастан өткеріп жатырмыз. Кеңес әдебиетін жасаушылар «Бірыңғай ағым» теориясын қалыптастырып, көбіне дәулетті, байларды жеріне жеткізіп жамандауды дәстүрге айналдырды. Бүгінгі әдебиетші  ғалымдар, жазушы-ақындар байларды бірыңғай мақтауды бүгінгі сөз өнеріне орнықтыра  бастады. «Жалпы бұрында да және бүгінде де кедейлік жоқ екен. Реализмді кейінге ысырып, романтизмге қайта көштік».

Көркем өнердің басты шыңы – оның шындықты шырқата алуында. Сәкен Сейфуллин жырлаған туған жер, өнер-білім, достық пен махаббат және басқа да сандаған тақырыптардың бәрінде де, оның шындықтан алыс кетпегендігін ұлы М.Әуезовтен бастап, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Е.Ысмайлов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, т.б. зерттеулерінде айтылды. Солай десек те, «Сәкеннің шыншылдығы неде?» деген сауалға көбіне оның төңкерісшіл ақын екендігін алға тартқан жауаптар жеткілікті. Бұл заманның ызғары мен ызбарына қатысты айтылған саясаттанған тұжырым. Біздіңше қандай шайырдың шыншылдығы – оның сезімталдығы арқылы аңғарылады. «Суреткер – өз елінің, өз табының сезімталы, оның құлағы, көзі мен жүрегі», – деп, М.Горькийдің айтуы соның дәлелі. Шытырман оқиғалар ортасындағы Сәкен қоғамдық құбылыстарды қалай көpiп, танып-түсінсе, солай жырлап шықты. Ақынның құдіреті көргенін дәлдікпен  бере алып, ақ-қарасын басқа пенделерден бұрын ажыратқандығы. Бұл – барлық ақындарға тән қасиет. Дүние туралы барлық пенде толғанады. Жалғанды шындықпен өрлестіру талант тұжырымы, ақын шеберлігінде жатыр. Әйгілі Төле бидің «Бидің айтқанын құл да айтады, бipaқ аузының дуасы жоқ», – деуі сондықтан. Ақын қоғамдағы болып жаткан оқиғалардан бейтарап қала алмайтындығын Сәкен де көрсетті. Өзінің анасына арналған алғашқы өлеңдері, туған жерге байланысты туындыларынан бастап адамгершілік, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті биікке көтере алған. Бұған Сәкеннің «Туған жер», «Жазғы кеш», «Нұра», «Боранда», «Бабаларыма», «Біздің жақта», «Жазғытұры» т.б. өлеңдерін атауға болады. Ал, махаббат сезімін, сұлулықты жырлаудағы «Құмарым», «Жүрегімнің соққаны», «Толқын», «Арқа сұлуына», «Сәулем», «Жаңа жыл» т. б. лирикаларынан мәңгілік  тақырыпқа қосқан шайырдың өзіне тән шеберлігін танисың. Сәкендегі сезім сұрапылы, жан сыры барынша оның лирикалық шығармалары арқылы ашылады. Адалдық пен арамдық ақынның өмір турасындағы өзекті тақырыбы екендігі Сәкеннің дос­тық-махаббат, адам және табиғат т. б. шығармаларынан аңғарылатыны аян. Бұл мәселеде Сәкеннің «Сыр сандығы» сандаған ұрпақ санасына сәуле боларлық бip биік белес. Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегені Сәкен тарапынан барынша ашыла түскен. Мысалы:

«Әр адамның ішкі сыры,
Берік қойма сақталған.
Сол қойманың бip түпкірін,
Достың досы-ақ ақтарған», – дегендегі шын достық пен жалған достыктың мән-мағынасы таразыға тамаша шеберлікпен тартылады. Сөйтіп, сатқындықтың кімнен шығатындығы өнер тілiмен түсіндіріледі.

«Шырқ айналар шіркін тауық,
Жемің болса, қолыңда,
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда.
«Досыңмен» деп ант береді,
Жем іздеген жанама.
Жем таусылса жалт береді.

Сенерлік дос, санама!» – деуі шын мәніндегі Сәкендей турашыл, таза, табанды адами қасиеті жоғары жандардың атынан айтылса керек. Ғасырға жуық киелі киік атты жануарға арналған «Ақсақ киік» атты аллегориялық тамаша толғауы өзіне сай лайықты мақаммен ұрпаққа ән болып жатталып, жыр болып таралды. Ақынның көңіл толқынын танытып, терең тебіреніс білдіретін бұндай өлеңдері лашын, аққу құстарға арналған лирикалық көркем туындыларынан  ерекше аңғарылатындығы ұрпақ зердесінен шықпақ емес. Рас, Сәкен революция жыр­шысы екендігі мәлім. Бұл тақырыпқа біреу ерте, енді бірі кеш келді. Шым-шытырық, аласапыран оқиғалар қалай да қоғамға өзгеріс керектігін көрсетті. Бұл істе жарамсақ өнер өкілдері күштілердің қолшоқпарына айналса, ел қамын, азаттық жолын іздегендердің өзі түрлі бағыт-бағдар ұстады. Заман ағымы сан тарау жолдарды алға тартып, тура даңғылдың табылуы таңдауға түсті. Отаршылдықтан құтылып, жаңаша өмірдің бастауын Сәкен атақты «Балуан шолақ» өлеңінде де көрсеткен еді. Отарлаудан кейінгі замандағы өркениетке жеткен Еуропаның сұғанақтығын Азияға көз тігуіндегі астарлы саясатты тап басып сипаттаған «Азия», «Қара бүркіт» өлеңдері кезінде С.Сейфуллин шығармаларына енбей қалған.

Мәселен, «Азия» өлеңінде:

«Сұм Европа! Арам, залым тас болдың,
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың.
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге,
Мұнша неге, уа, Европа қас болдың?!» – десе: «Қара бүркітте» осы пікір одан әрі жалғасады:

«Көп қорқау сыртыңнан жүр тісін қайрап,
Борсықтар жорғалап жүр іші қайнап,
Інінде қара жылан жатыр бағып,
«Шақсам» деп, аңдып сені, көзі жайнап».

Бұл ақынның Азияға қатысты ұстанымы. Бұдан кейінгі туындылары оқу-білімге арналды. Тақырыптық жағынан Сәкеннің  оқу-білім туралы түсінігі Абай, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев және т.б. үндеседі. Қазақ поэзиясының майталманы Мағжан да бұл тақырыпқа теріс қарамаған. Ақыңның революцияға арналған өлеңдерінде де оқу-білім қалыс қалмайды. Төңкерістің сол арқылы баянды болатындығы тұжырымдалады. Бұған оның «Жолдастар», «Кімде кімнің тасқын судай қайраты», «Кел, жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы» және Ленинге арналған өлең-жыр­лары дәлел бола алады. Революция жеңісінен кейінгі түрлі өзгерістердің бәрі де өнер-білім жетістігі болып ақын өлеңдерінде мақтанышпен жырланады. Отарба, автомобиль, трактор, аэроплан, т.б. Сәкен өлеңдерінен табылуы бұған айғақ Сәкеннің жаңашылдығы осында тұр.

Қазіргі көзқарас тұрғысынан Сәкеннің төңкеріске қатысты туындыларының құны арзан, айтары айғай-шу, даңғазы дақпырт екендігі туралы пайымдаулар барлығын несіне жасырайық. Бұдан «Сәкеннің беделі түсіп, шыққан биігі аласарып қалатын болды-ау» деп алаңдайтындардың көп екені тағы да аян. Ашу-ызадан айбарлы сес көрсету сәттері де кездесіп қалатыны бар. Керек десеңіз, осы істе дүрдараз болып, бір-бірімен аралары алшақтап бара жатқан жандар да баршылық. Ақын қаламынан туған төңкеріс тақырыбы негізінен бүгінгі таңдағы жершілдік, жікшілдік, рушылық т.б. астамшылықпен байланысып жатыр. Бүгінгі біздің көріп жүргеніміз оның қасында түк те емес. Екіншісі, Сәкенді төңкерісшіл қылған бұл қоғамның өзі еді. Қамауға алынып, азапты жолдардан өткен ақын шығармашылығы бұдан әрі біржола өршелене  түсті. Керек десеңіз, бұл істе Сәкеннің көркем сөздігі барлық қырын ашады.

Ақын Сәкен енді журналист, прозаик, драматург, педагог т.б. өнерімен танылды. Ақын ретінде көлемді поэмалар жазса, драматург ретіндегі шығармалары саханаға шықты. Асығыс естелік, романдар жазылды. Көлемді әңгіме, повесть, новеллалары жарыққа шығып жатты. Соның бәрінде де революция ісі мен жеңісі қалыс қалмады. Бұл тұрмыста ұлтжанды тұлғалардың бірі таза ұлтшылдық бағытқа түссе, келесілері төңкерісшіл ақындар болып қалыптасты. «Төңкерісшіл ақындар» деп қанша қараласақ та ұлтын мүлде ұмытып, тілі мен ғұрып-салтына сатқындық жасағаны болған жоқ. Туған халқына сәуле түсірудің жолын іздеп, аласұрып, шатасуы көп шытырман жолдан өтті. Құдайдай сенген жаңа үкіметтен үмітінің отын жағып, ел басқарған Сәкен өзінің басқару ісін «Кеңселерде іс қазақ тілінде жүрсін», «Қазақты қазақ дейік» деген ұлтына адалдығымен бастады. Бұл тұрғыда алаштың айтулысы Әлімхан Ермековтің: «Сәкенді «Қызылдар» жағында, ал бізді «Алашорда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді» дегені – әділ айтылған ақиқат.

Алаштың айтулылары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатовтар шығыс­ты шынар тұтып, түбі бір түркі әлемін темірқазық етсе, өркениетке тез жетудің төте жолын Еуропадан іздегендер  батысқа біржола бет бұрды. Сөзсіз, Сәкен Батыстың бұқарашыл бағытын  қостады. Бірлік пен теңдік , азаттық пен бостандыққа шығарған ұрандар халықтың қолдауын тапқаны шындық. Мәселен, сол, «керемет» идеяның жүзеге асырылуы қаншама кесапат әкеліп, айтушылардың өзін сан соқтырды. Сенгенінен секем алдыртып, әділдік туралы толғаныс теңіздей толқыды. Сәкен бұл кезеңде бұқара халықтың көксеген арман-тілегі жүзеге аспай жатқанын журналист, жазушы және ақын ретінде сынады. Оның қаламынан «Тұрмыс толқынында», «Қызыл ат» т.б. туындылар жазылады. Қаншама айтыс­тар өтіп, әміршіл өктем саясат Сәкенге өз дегенін істетті. Өз қолымен құрған жаңа қоғам өзектен итеріп, ұлтшыл, алаш­ордашыл деген ат тағып, ақыры «халық жауы» деген қорытынды жасап, соңында аярлықпен атты. Атқызғандар  алақан соғып, ерін жоқтаған есіл елдің есі жиылмай, азалы әнін әлі айтып келеді. Жұрт жазушының «Жұбату», «Қыр балалары», «Сырын білмей-сыртына сенбе», «Бандыны қуған Хамит», «Айша», т.б. әңгіме-повестьтерін, «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Ашық хат», «Түркияның жайы», «Шаш қырқу туралы», т.б. жазғандарын оқып өзді-өзін жұбатты. Жалпы Кеңес дәуірінің кезеңінде қазақ зиялыларының ішінен екі тұлғаға таңдана қарайсың. Біріншісі – Әлихан Бөкейханов болса, екіншісі – Сәкен Сейфуллин еді. Біріншісі, «Мен Кеңес Одағына қызмет ете алмаймын» десе, екіншісі, «Кеңес дәуірінен халқыма жақсылық әкелемін» деген жолдан айнымады. Бұлардан басқалары «Бірде алашшыл, бірде кеңесшіл» болғаны мәлім. Тура жолдарын қалдырған аталған екі тұлға еді. Екеуінің де өмірі қалай болғаны көпке аян. Тура жолда не үшін күресті, нені арман қылды… Осы сұрақтың жауабын айталмайтынымыз өкінішті. Қазіргі жауап бірі – жақсы, екіншісі – жаман болып тұр.

Ақын Сәкен Сейфуллин де келмеске кетті. Өнер өрені өмірден өтсе де, көңілден кетпеді. Сандаған ұрпақ Сәкенге деген өз сезімін білдіріп, таланттың көркемдік дәрежесі жоғары шығармаларын асыра айтып, ағат деген кемшіл тұстарына үңіле бастады. Әділі солай…. Төрт құбыласы түгел, фәниде шатаспай өткен пенде жоқ. Жұмыр басты пенделерден оқшау тұрған Сәкеннің жетпес жетістіктерін жеткізе алмай келе жатқанымыз болмаса!?

Сейфолланың Сәкені өмірге келу мен өмірден өту барын ерте түсінген.

Келте ғұмырдың мән-мағынасын өлеңмен түйіндеген.

«Адам керуен, өмір жол,
Ешкімге жат із емес
Жолмен көшкен керуеннің,
Алды-арты да біз емес», – деп сөз түйінін былайша тұжырымдайды:

«Керуен көшер, керуен қонар – үйреншікті әңгіме.
Бізден қалар талай белгі, Кейінгіге, мәңгіге».

Бұл – өзінің өнеріне сенген Сәкеннің сөзі. Таразыға қалай салсақ та, айтулы азаматтың өнердің жүгін ақын, сазгер, жазушы, мәдениеттанушы, әнші-күйші болып өткенге аян. Бұған оның қоғамдық ісін, қайтпас қайраткерлігін қосыңыз. Иә, солай, солай болатын.

Бұл дарынның өмірі мен өшпес өнердегі өнегесі.

Берік РАХЫМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР үздік педагогы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button