Медицина

«Ауырмайтын жол ізде»

2024 жылдың 4 айында облыста жіті ішек инфекцияларының 250 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда аурушаңдықтың 31%-ға төмендеуі байқалады. Жаппай топтық аурушаңдық тіркелген жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин мәлімдеді.

Сурет kzvesti.kz

Жалпы, инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша шаралар туралы баяндалған брифингте бүгінгі аймақтағы ахуал да жария етілді. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде жіті ішек инфекциялары ауруының жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 91%-ды құрайды екен. Бұл аурудың басты себебі – жеке және қоғамдық гигиенаның сақталмауы. Сонымен қатар, тез бұзылатын өнімдерді тұтыну ережелерін сақтамау да бар. Сату мерзімінің өтіп кетуі де ішек инфекциясына алып келеді. Барлық ішек аурулары инфекциясы тамақ, су, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұғады.

Сондықтан да, мамандар жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау­ды, азықтүлікті тұтынуда абай болуды сұрайды. Жылдам бұзылатын өнімдерді қолдану мен сақтау тәртібі, жеміс-жидектерді қолдану қағидаты да назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, қайнатылған, я болмаса, бөтелкедегі суды тұтыну керектігін де еске салады.

Аймақтың бас санитар дәрігері баса айтқан мәселенің бірі – кене. Кене энцефалиті, кене сүзегі, кене иксодиозы сынды көптеген аурулардың тасымалдаушысы осы жәндік.

Кене энцефалиті – бұл вирусты ауру, оның қоздырғышы орталық жүйке жүйесінің басым зақымдалуымен сипатталатын кене энцефалитінің вирусы. Кене энцефалиті инфекцияларының жұғуы сәуір, мамыр, маусым айларында көп.

– Жылы маусым басталғалы бері облыстың медициналық ұйымдарына кене шаққан 64 адам жүгінді. (Бұл көрсеткіш былтыр – осы уақытта 199 еді). Оларды кене саяжайда, табиғатқа шыққанда, аулада, бақта шаққан.

Қарағанды облысында кене энцефалитімен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ, бірақ, Алматы қаласынан келген бір адамда кене энцефалитіне күдік бар. Қазір ол адамнан талдаулар алынды. Облыста кене энцефалитіне қарсы жоспарлы иммундау жүргізілмейді. Сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдерге баратындарды вакцинациялау ақылы, – деді басқарма басшысы.

Жыл сайын кене энцефалитін тасымалдаушыларына мониторинг жасалып, олардың саны, түрлік құрамы және фенологиясы зерделенеді. 2024 жылы 6484 кене серологиялық әдіспен кене энцефалиті вирусын анықтау үшін зерттелген, нәтижелері – теріс шыққан екен.

Аурудың инкубациялық кезеңі немесе жасырын кезеңі бір күннен 30 күнге дейін, орта есеппен 7-14 күнге созылады. Кене энцефалитінің өту барысы жұқпалы-уытты болады. Науқас ең алдымен, әлсіздікті сезінеді.

Бас дәрігердің баяндауынша, әдетте, ауру жіті басталып, адам қалтырай бастайды. Басы қатты ауырып, дене температурасы 38-39°-ға дейін күрт көтеріледі. Жүрегі айнып, құсады. Бұлшықет ауырып, соның ішінде, көбінесе мойын аяқ-қолды ауырсынтады. Медициналық көмекке кеш жүгінген кезде аяқ-қолдың жартылай және толық параличі орын алуы мүмкін.

Кене энцефалитінің алдын алудың негізгі әрі жалпы шараларының бірі – кенелерден қорғаудың ережелерін сақтау, шағуына жол бермеу деседі мамандар.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button