Жаңалықтар

Ауыр жүкке тыйым бар

Ауыр жүк көліктеріне шамадан тыс жүк артуға болмайды. Ондай жағдай бола қалса, айыппұл салынады. Жақында көліктік бақылау инспекциясы арнайы рейд жүргізді.

1-16 қыркүйек күндері аралығында «Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» ММ мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ қызметкерлерінің ауыр жүк көліктерін тексеру бойынша бірлескен бірнеше рейдтері болды. Осы уақыт ішінде ведомство қызметкерлерімен 67 заңбұзушылық анықталған. Мысалы, жүкті мейлінше көп тиеп, тас жолмен жүргендерге 700 мың теңгеден астам айыппұл салынған. 7 қыркүйек күні қарағандылық компанияға тиесілі жүк көлігі Сәтбаев қаласының Ұлытау көшесінің бойында тоқтатылған. Оған асфальт шамадан тыс көп тиелгені анықталған. Сондай-ақ, 16 қыркүйек күні теміртаулық фирмаға тиесілі жүк көлігі Мұстафин-Ботақара бағытындағы тасжол бойында тоқтатылған. Инспекция мамандары тексеру кезінде жүк көлігіне тиелген балласттың белгіленген шектен ауыр екенін анықтаған. Сол жерде әкімшілік хаттама толтырылып, 500 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Жыл сайын жолдарды жөндеуге, салуға қыруар қаржы бөлінеді. Қазіргі жол сапасына нұқсан келтіретін, өткір тұрған тағы бір себеп бар. Ол – ауыр жүк көліктерінің жаңадан салынған немесе жөнделген жолдармен шамадан тыс жүк тиеп жүруі. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының инженері Асхат Шахаевтың айтуынша, жүк көліктерінің жолмен жүруіне арналған шектік талаптар бар. Нақтырақ айтсақ, бір білікке деп шаққанда жүктің салмағы 13 тоннадан аспауы тиіс. Алайда, бұған көптеген фирмалар бағына бермейді. 25-40 тонналық ауыр жүк көліктері асфальттің тас-талқанын шығарады. Көлік және коммуникациялар министрі көлік қозғалысына қатысты арнайы шектеулер бекіткен. Онда «бір білікке түсетін жүк салмағы 13 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін ауа температурасы 25 градустан жоғарылағанда, республикалық маңызы бар автожолдарда жүруге мүлдем болмайды» деп жазылған. Мысалы, Қарағандының маңайы IV-V жол климаттық аймаққа жатады. V – аймақ Балқаш-Жезқазған өңірлері, IV жол климаттық аймақ – облыстың қалған өңірлері. IV жол-климаттық аймақ үшін, яғни, 23 наурыздан – 1 мамырға дейін, V жол-климаттық аймақ үшін 1 наурыздан – 1 сәуірге дейін шектеулер бар. Бұл арада табиғаттың ауа температурасы, жауын-шашыны бәрі ескеріледі. Ауа температурасы жоғары аймақта асфальт ондай ауыр салмақтарды көтере алмайды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button