Жаңалықтар

«Ауылына қарап, азаматын таны»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында кәсіпкерлерді туған жерін дамытуға үлес қосуға шақырып, әрбір табысты азамат өзінің өскен өлкесіне қамқор болуы тиіс екенін атап өткен еді. Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында заманауи спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған нысан Балқаш қаласының Құрметті азаматы, кәсіпкер әрі меценат Серік Қасымбековтің жеке қаржысына салынуда.

Сурет Серік Қасымбековтің отбасылық мұрағатынан

Серік Қасымбеков – Бал­қаштағы құрылыс компания­ның директоры. Ол осы қаладағы спортты да қолдап келеді. Сонымен қатар жетім балаларға, зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар жандарға, жас спортшылар мен әншілерге көмектесіп жүр. Бұл қайырымдылықты өзінің атындағы қор арқылы да, жеке өзі де жүзеге асырады.

Баянды бастама – туған ауылында спорт пен мәдениетті дамытуға 20 жылдан астам уақыт бойы үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің көпжылдық қайырымдылық жолының жалғасы. Ол жыл сайын Ауған соғысында қаза тапқан сыныптасы, 1986 жылы ерлікпен қаза болған Серікбай Оразалинді еске алуға арналған волейбол турнирін өткізіп келеді. Батыр сарбаз «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Жыл сайын өтетін тұғырлы турнир ауыл жастары үшін рухани сабақтастықтың нышанына айналған. Қазір ауыл жасөспірімдері волейболмен белсенді түрде айналысып, аудандық және облыстық жарыстарға қатысып жүр. Сондықтан, жастар үшін кәсіпкер толыққанды жаттығу базасын құруды ұйғарды.

– Мен Қызыларайда өстім. Жастардың өсуіне, дамуына мүмкіндік жасау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Егер біз қолдамасақ, ауылды кім көтереді?! – дейді Серік Қасымбеков.

420 шаршы метрлік спорт кешені барлық заманауи талаптарға сай салынып жатыр. Мұнда волейбол, мини-футбол, ауыр атлетика және фитнеске арналған залдар қарастырылған. Жарықтандыруы мен еден жабындысы да сапалы материалдармен жабдықталады. Ашылуы қыркүйек айына жоспарланған. Алдағы уақытта кешен маңынан ашық спорт алаңы мен демалыс орны да бой көтермек.

Серік Қасымбеков тек спортпен ғана шектелмейді. Ол он жылдан бері ауыл жастарына арналған «Ақсораң жұлдыздары» шығармашылық байқауын өткізіп келеді. Биылғы мерейтой аясында жаңа спорт кешенінде ән фестивалін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

– Ауылдың жандануына ең алдымен мейлі денешынықтыру, не рухани жаңғыру болсын серпін қажет. Спорт – денсаулық, өнер – өзін-өзі таныту құралы. Екеуін де қатар дамытқан жөн, – дейді меценат.

Атымтай азаматтың айтуынша, жақын арада Балқаш қаласында үлкен мешіт салу жобасы іске қосылмақ. Серік Қасымбековтің өңір дамуына қосқан үлесі мемлекеттік және қоғамдық марапаттармен аталып өткен. Алайда, меценат үшін ең үлкен сый – ел құрметіне бөлену және көзге көрінетін нақты нәтижеге қол жеткізу.

– Мен ешқашан атақ-даңқ үшін әрекет еткен емеспін. Ең бастысы, адамдықты жоғалтпау, ар-ұятпен өмір сүру және тәкаппарлықтан аулақ болу. Сонда ісің де оңалады, адал жандар да жаныңнан табылады, – дейді Серік Қасымбеков.

Серік Қасымбековтің тағы­лымды істері – бүгінгі қазақ қоғамында кәсіп пен қайырымдылықтың, табыс пен тектіліктің қатар өрбуі мүмкін екенін дәлелдеген жарқын мысал. Ол туған ауылына тартынып емес, тамыр тартқан перзенті ретінде қарайды. Жетімнің көз жасы мен жау­қазын жастың арманына бейжай қарамайтын азамат – ел үшін елеулі, ұрпақ үшін өнегелі тұлға. Қызыларайдағы бой көтеріп жатқан спорт кешені – жөнекей құрылыс емес, үміт пен сенімнің іргетасының ізашарындай. Мемлекет басшысы айтқандай, әр азамат туған жеріне тіреу болса, ауыл – ұлттың алтын ұясы болып қала бермек. Осындай адал, арлы азаматтардың арқасында ел еңсесі биіктеп, жас ұрпақ жарқын болашаққа сеніммен қадам басады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button