Ауылын ардақтаған азамат
Белгілі қаламгер, журналист Тілеуқабыл Байтұрсынның туғанына – 75 жыл
Қалаға келіп тұрып жатқанымен өзінің туған ауылын бір сәтке де ұмытпай, әрқашан есіне алып жүретін, ауылын бәрінен де артық көріп, ардақ тұтатын азаматтар болады. Мен Тілешті сондай азаматтың қатарына жатқызар едім.

Менің айтып отырған адамым – өзімнің әріптесім, талай жыл қатар қызмет атқарып, қатар қалам ұстаған, біз қысқаша «Тілеш» атап кеткен – Қарқаралы ауданына қарасты Нұркен ауылында туып-өскен Тілеуқабыл Байтұрсынов.
Сол Тілеш 1974 жылы Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келіп, облыстық телерадиокомитетіне редактор (радиожурналист) болып орналасты. Сол жылдың желтоқсан айында мен телевидениеге редактор болып келген едім. Комитетіміз бір болған соң және менің жарым Нұрғайын Әліпбекқызы облыстық радиода істейтіндіктен, біз алғашқы күннен-ақ ет-жақын араласып кеттік. Ақкөңіл, аңқылдаған азамат екен. Адамды жатырқамай, бірден ішіне кіріп, ауыл адамына тән мінезбен өзінің ойындағысын ақтарылып айта жөнеледі екен.
Әуелде 26-шы орамдағы отбасылық жатақханада тұрған Тілеш пен Бақыт кейіннен Пришахтинскіден үй алды. Екі-үш жылдан соң біз де вокзалға қарсы 45-шы орамдағы бір бөлмелі пәтерімізді Пришахтинскінің 23 ықшамаудандағы үш бөлмеге кеңейттік. Бір ықшамауданда болған соң араласымыз бұрынғыдан да арта түсті. Біздің көршілермен араласып, Жаңа жыл сияқты мерекелерде бірге тойлап, бірге жүрдік. Сондай кездерде де Тілеш өзінің ауылын естен шығармай, ауылдағы жастық шағын, Жарлы өзенінің бойында өткен қызықтарын, бірге өскен қыздар мен жігіттердің қызықты әңгімесін майын тамызып айтып отыратын. Біз Тілештің әңгімесінен ауылдағы Егінтай, Ерентай, Құсайын, Серік, Амантай сияқты адамдардың аттары есімде қалыпты. Кейде бір отырыстарда: «Тілеш, әлгі ауылдың әңгімесі қалай еді?» – деп сұрайтындар болатын. Оған Тікең бір күліп алады да: «Е, ол былай», – деп әрі қарата айта жөнеледі. Бұл талай естіген әңгімеміз болса да, тағы да тыңдап мәз болып қалатынбыз. Өзінің ауылы, өзінің жерлестері туралы сондай әңгімелерді айтқан кезде рахат сезімге бөленіп, мағмұрлана түсетін. Сол әңгімелердің біразының кейіпкері Ерғазы Төлеуовпен «Орталықта» бірге қызмет атқардық.
Радиода біраз жыл редактор болып қызмет атқарған соң аға редактор лауазымына жоғарылатылды. Сонда істеп жүріп, Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға кетті. Екі жыл оқып келген соң біздің «Орталық Қазақстанға» қызметке тұрды. Тілші болды, бөлім меңгерушісі болды, редактордың орынбасары болды. Мен хат бөлімінде, құқық бөлімінде меңгерушімін. Біздің бөлімнің жұмысына басшылық жасайтын Тілеш алдына апарған материалдарыма оқымай-ақ қол қойып беретін. Мен сонда: «Оқысаңшы, түзететін жерлері болуға тиіс қой», – десем: «Жоқ, саған сенемін ғой», – дейді баппен.
Газеттің ауыл шаруашылығына қатысты материалдарын дайындады, сол бөлімнің жұмысына жауап берді. Кейіннен денсаулығы сыр берген кездері болмаса, негізінен өзінің міндетіне зор жауапкершілікпен қарады. «Мына, жүрек деген болмай тұр» деп қойып, зейнеткерлікке шыққанынша қызмет атқарды.
Ол зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырған жоқ. Өзі білетін, ардагер азаматтар туралы кітап жазуды жалғастыра берді. Компьютер дегенді үйрене алмай кетті. Жұмыста да газеттің мақалаларын машинкаға басып әкелетін ол қашан көзі жұмылар сәтке дейін қара машинканы тықылдатып өтті. Сол қара машинкамен талай кітаптар жазып шығарды.
Досқа дегенде, өзінің көңілі түскен адамына дегенде қолынан келген көмегін аямайтын. Ел жазғы демалысында шипажайлар мен демалыс үйлеріне кетіп жатқанда Тілеш болса, ауылға барып, ағасына қол шалғымен шөп шабысып, қорасын жөндеуге көмектесіп қайтатын.
Нұркен ауылында туған, Жарлы өзенін жалаң аяқ жағалап өскен Тілеш өмір бойы туған жерін ардақтап өтті. Оның өне бойынан, әрбір қимылы мен мінезінен, істеген ісінен ауыл адамына тән ашықтық пен жайдарылық бірден байқалып тұрушы еді. Қадыр Мырза Әлінің: «Қарыз алсам біреуден, қала құсап аламын, қарыз берсем біреуге, ауыл құсап беремін. Қала барсам биікпін, ауыл барсам жазықпын» деп айтқанындай, Тілеш те сол аңғал мінезден айнымай өмірден өтті.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі



