Ауылдың тынысы ашылып келеді
Қазақ баласының қашан да ауылға аңсары ауып тұрады. Ауылға деген сағыныш пен ауыл романтикасынан бөлек, мұнда тұтас елдің әл-ауқаты, тіршілігі жатыр. Ауыл жоқ болса, ет те, сүт те, нан да, ән де жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың отырыстарында, әр жылғы Қазақстан халқына Жолдауларында ауылдың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз», – деп еді. Қолда бардың қадірін білмек керек. Ауылға қатысты Президент тапсырмаларын орындауда аймағымыз көш басында тұр деуге толық негіз бар. Бүгінде ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсарту үшін ауқымды жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, жас мамандар көші ағылып жатыр. Кәсіпкерлер саны көбеюде.

Мәселен, аймағымызда бір ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдарды дамытуға жаңа серпін берді. 2023-2025 жылдар аралығында жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрайтын 705 шағын несие беріліп, мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Тек 2025 жылдың өзінде 2 млрд теңгеге 296 несие беру жоспарланыпты. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 11 млрд теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша 3,3 млрд теңге бағытталды. Субсидиялау, кепілдік беру және грант ұсыну бағдарламалары жүзеге асуда. Жалпы, 2025 жылы бизнеске қолдау ретінде 14,5 млрд теңге қарастырылған. Кадрмен қамту мәселесі де басым бағыттардың бірі. Тағы бір ең маңызды жетістік – жас мамандардың ауылдарға баруы. Кейінгі бес жылдың көрсеткішіне үңілсек, облыс аумағындағы ауылдарда 968 маман қызмет істеп жатыр. Олардың ішінде 572-сі – мұғалім, 251-і – дәрігер. Бірақ, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салалары бойынша да мамандар тапшылығы әлі де бар екен.
Арқа жұрты қайтарылған активтердің игілігін көруде. Мәселен, өңірде қайтарылған активтер есебінен 51 медициналық нысан салынған. Медициналық нысандарды ашуда облыс еліміз бойынша көш бастап тұрғанын атап өткен жөн.
Қайтарылған активтерден түскен қаражат сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға да бағытталып жатыр. Бұл мақсатқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңгеден астам қаражат үлестірілген. Өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тоғыз жоба іске асырылуда. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ірі су құбырлары мен елдімекендер ішіндегі су құбыры желілерінің құрылысы бір жолға қойылды.
Өркендеу жолындағы аудандардың бірі – Нұра ауданы. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен жас мамандарды қолдау бағытында қарқынды дамып келе жатыр. Ауданда «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі» сынды мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда.
Кейінгі екі жылда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 100 жас маман көтерме жәрдемақы алып, 25 маманға бюджеттік несие берілген. Алдағы уақытта тағы 16 маманға бюджеттік несие беру жоспарланған.
Жыл сайын ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы Изенді және Ақмешіт ауылдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Қайнар ауылында жалғасын тапты. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен биыл Нұра кентінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген үйлер орналасқан көшелерге жаңа жол төсемдері салынды.
Ауылдардағы ең өзекті проблемалардың бірі – ауыз су. Президент «Жалпы, ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», – деген еді 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Нұра ауданы бұл тапсырманы толықтай орындады. Биыл аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Тіпті, шалғай ауылдарда тұщы су қондырғылары орнатылып, тұрғын үйлерге сапалы әрі таза су жеткізілуде.
Аудан әкімінің орынбасары Салтанат Мұқанова ауданда интернет мәселесі де оң шешімін тапты деп отыр.
– «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шалғай ауылдарға интернет желісін орнату және қоғамдық Wi-Fi жүйесін қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Жаңақұрылыс, Бестамақ, Қарақасқа, Өндіріс, Ақтүбек және Нығыман ауылдары интернетке қосылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан жүзеге асырылып отыр. Енді ауыл тұрғындары онлайн білім алу, электронды мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу және жақындарымен еркін байланысу мүмкіндігіне ие болды, – деді Салтанат Мұқанова.
Биыл Нұра кентінде медициналық қызметкерлерге арналған «Дәрігерлер үйі» ғимаратының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, Республика күні қарсаңында 8 жас медицина маманына пәтер кілттері табысталған. Сонымен қатар, Нұра ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде Балықтыкөл ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Жаңа нысандар заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда дәрігерге дейінгі қабылдау, қарау, процедура және науқастарды қабылдау бөлмелері қарастырылған. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады.
Қазіргі таңда ауданда тағы бірнеше медициналық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Атап айтқанда, Қарой, Алғабас, Құланөтпес, Жанбөбек және Шұбаркөл ауылдарында медициналық пункттер, ал Изенді, Мұзбел және Тассуат ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Сонымен қатар, К.Мыңбаев ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін 6 мыңнан астам аудан тұрғыны сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізбек.
Жас мамандардың табысты еңбек етіп, ауыл өміріне серпін беріп жатқан жарқын мысалдарының бірі – Жанарыс Саятұлы Елтай. Ол Нұра ауданындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 2015 жылдың қыркүйегінен бастап, физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2021 жылдан мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары, 2024 жылдан мектеп директорының міндетін атқарушысы болса, 2025 жылдың қаңтар айынан конкурс нәтижесі бойынша мектеп директоры болып тағайындалды.
Жанарыс Елтай – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін сезініп жүрген жас мамандардың бірі. Ол еңбекқорлығымен, білімге деген ұмтылысы және ауыл болашағына деген жанашырлығымен ерекшеленеді. Бүгінде үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке, үлгілі отбасы иесі.
Осындай жетістіктер мен игі істердің нәтижесінде Нұра ауданы әлеуметтік салада серпінді дамып, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты үлгісін көрсетіп отыр.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



