Жаңалықтар

Ауылдың тынысы ашылады

Ауылды дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекеттің стратегиялық міндеті. Осы мақсатта 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келеді. Бағдарламаның басты міндеті – ауылдардың даму әлеуетін анықтап, оларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту. Сол арқылы тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау – басты назардағы міндет.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдарды кешенді дамытуға бағытталған. Жоба аясында тек құрылыс немесе жөндеу жұмыстары ғана емес, сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әлеуметтік өмірін жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады.

Дамуға әлеуеті бар ауылдар респуб­ликалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Қаражат әр бағыт бойынша: әлеуметтік салаға, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Әрбір жобаның нақты жоспары жасалып, ауылдың мұң-мұқтажы ескеріледі. Жобалар орындалған кезде уақытша және тұрақты жұмыс орындары пайда болып, ауыл тұрғындарының белсенділігі артады. Бағдарлама мәдениет, спорт, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық салаларын қамтып, ауылды заманауи орынға айналдырып, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бағдарлама аясында өткен жылы облысымызда 29 жоба іске асырылды. Бұқар жырау ауданы Доскей және Үштөбе ауылдарында мәдениет үйлері пайдалануға беріліп, Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентінде және Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Ғабиден Мұстафин ауылында бой көтерген «Арлан» спорт кешені – осы бағдарламаның айшықты көрінісі. Есігін айқара ашқан спорт кешені бүгінде 9 түрлі спорт бағыты бойынша жұмыс жасап, 500-ге жуық жас спортшыны тәрбиелеуде. Мұнда 11 жаттықтырушы жеткіншектерді шынықтырады.

– Бағдарлама аясында ашылған спорт кешені ауыл өміріне оң септігін тигізді. Жас спортшылар спортпен айналысып, саламатты өмір салтын дәріптесе, ата-аналар мен ауыл тұрғындары үшін де оңтайлы шешім болды. Алдағы уақытта бағдарлама аясындағы қолдаудың ықпалымен біздің сайыпқырандарымыз халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндіктеріне ие болып, аймағымыздың спорт саласының дамуына оң септігін тигізеді, – деді спорт кешенінің басшысы Ерназар Баткенов.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама ауылдың инфрақұрылымы жаңартылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы артып келеді. Осакаров ауданы Қаракөл ауылы, Бұқар жырау ауданы Дос­кей және Трудовое елдімекендерінде 59 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылды. Ауыл тұрғындарының таза суды тұрақты әрі сенімді пайдалануы үшін жол ашылды. Сонымен қатар, 23 ауылда 93,8 шақырым кентішілік жол жөнделіп, 139 уақытша жұмыс орны құрылды. Жөнделген жолдар ауыл тұрғындарының жұмысын жеңілдетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа жеткізуге мүмкіндік берді.

– Өткен жылы бағдарламаның қаражатына 29 жоба іске асырылды. Ауылдарда су құбыры желілері салынды. Ауылдардың жолы жөнделді. Биылғы жылға бюджет тарапынан 8,4 млрд теңге бөлінді. Ол қаражатқа 31 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының аймақтарды дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Қайратқызы.

Қазіргі таңда Нұра ауданы Нұра кентінде Өнер үйі­нің құрылысы, Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ақтоғай ауданы Сарышаған кентіндегі мектеп-интернаты ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Бұқар жырау ауданы Қушоқы кенті және Қарқаралы ауданы Көктас ауылында спорт кешендері, Шет ауданы Ақсу-­Аюлы ауылында жабық бассейн ғимаратының құрылысы басталды.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық саласында Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде қазандық салу және Шет ауданы Красная Поляна ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 22 ауылда кентішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары арқылы 90,5 шақырым жол жаңартылмақ.

Сәуле Қайратқызының айтуынша, биылғы 30 елдімекенді қамтыған 31 жобаның ішіне: білім беру саласында 1 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 2 жоба, мәдениет және спорт саласында 6 жоба, ал 90,5 шақырым жол жөндеу бойынша 22 жоба бар. Жобаларды іске асыру кезінде әр ауылдың ерекшелігі ескеріліп, қаражат тиімді пайдаланылмақ.

Ауылды дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдық өмірді жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрмысын түбегейлі жаңғыртады. Әрбір жаңа мектеп, спорт кешені, жол немесе су құбыры – ауылдың тіршілігіне жаңа серпін береді. Осылайша, бағдарлама ауылды тек көркейтіп қана қоймай, еліміздің де әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button