Ауылды түлетудің төте жолы
«Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор».
(Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан)
Болашақты бағамдаған Жолдаудың төртінші бөлімінде Елбасы Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруға байланысты нақты алты тапсырма берді. Осы тапсырыстардың ішіндегі кезек күттірмейтіні – екіншісі, яғни Жолдауда: «5 жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау кәзіргі күннің талабы» делінген.
Ел экономикасының басты саласы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тежеп келе жатқан проблемалардың бірі, басым жағдайда өндірістің ұсақ тауарлы сипатта болып табылатыны. Мұндай шаруашылықтарда еңбек өнімділігі төмен, өндірілген өнімнің өзіндік құны жоғары, нарықта бәсекеге қабілетсіз болып тұр. Осы жағдайларды шешу мақсатында ауыл шаруашылығын кооперациялау қажет.
Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заң 2016 жалдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл заңда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы мен қызметтерінің негізгі мақсаттары мен құқықтың мәртебесі анықталған. Кооперация – ауыл болашағы.
Оның пайдалылығы айдан анық: өндірілген өнімді делдалсыз, тұратын жерде тиімді өткізу; мемлекеттік қолдауға (субсидияға) қолжетімділік; төменгі салық төлеу режимі (70%-ға дейін), сонымен қатар, кооперативтер өз кезектерінде мал сою цехтарын міндетті түрде несиеге алатыны ауданымыздағы ветеринария саласындағы көп проблемаларды шешер еді.
Үстіміздегі жылы Елбасының тапсырысымен Үкімет «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға кірісті. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті жерде, ауыл, кент округтарында атқаратын жұмыстардың ауқымы өте кең. Үкіметтің тарапынан берілетін қаржылай қолдауды мақсатты пайдалануының нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін беретіні сөзсіз.
Ауыл тұрғындарына: ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, жеке үй шаруашылықтары мен ұсақ фермерлерге (шаруа қожалықтарына) жеңілдетілген 6% берілетін несие-қаржының Ережелерін (тәртібі мен тетіктерін) Республика бойынша жауапты Министрліктер айқындап, жақын арада жарыққа шығарып, облыс пен ауданның атқарушы органдары мен қаржы институттарына, біздерге (Кредиттік серіктестіктерге) жеткізеді. Осы шешім тез арада қолға тисе.
Бүгінгі күнгі ауданда 43972 жан өмір сүреді. Олардың 19868 немесе 45% еңбекке жарамды. Бұның ішінде 783 жұмыссыз (4%) мен 2225 (11%) өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар санатындағы адамдар. Қазіргі кезеңде осы екі санаттағыларды жұмыспен қамтуымыз қажет. Ол үшін олар өз істерін әрі қарай дамытуға несиемен қаржыландыруымыз керек. Бұның сыртында 01.01.2017 жылға аудан бойынша 1342 шаруа қожалығы бар. Дені ұсақ шаруалар есепте тұр. Оның 1335-і жұмыс істеп тұрғандар, осының ішінде 498-нің малы жоқ. Салық комитетінің деректері бойынша жұмыс атқарып тұрған шаруа қожалықтарында жұмысшылардың саны 2 мыңның маңында. Орташа есеппен бір шаруашылыққа 1,5 адамнан келеді. Осы шаруа қожалықтарының басым бөлігіне 1 адамнан 3 адамға дейін ауызша шартты түрде («договорники») жұмыс істейді. Бұлар салық комитетінде тіркелмегендер, оларға жұмыс беруші – шаруа қожалықтарының жетекшілері зейнет қорына жарна түсірмейді. Яғни, бұлар статистика органдарында өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар қатарында. Міне, осы жоғарыдағы адамдарға несие беріп, атқарып отырған жұмыстарына (бизнестеріне) қаржылай қолдау жасап, шаруашылық басшыларының бастауымен оларды жұмыспен қамтыған деңгейге шығаруымыз керек. Ол үшін оларға ауданның жұмыспен қамту орталығы арқылы кредиттік серіктестіктен жеңілдетілген жылдық сыйақы 6% бес жылға несие беруімізді қамтамасыз ету қажет. Несиенің көлемі несие алушының жағдайына байланысты «Іскер» бағдарламасы бойынша 500 мың теңгеден 6 млн. теңге мөлшерінде. Бұл соманы Жолдауда көрсетілгендей 16,0 млн. теңгеге дейін көтеруге болады.
Жоғарыдағы несие алушыларды қаржыландыруың екі жолы бар: Біріншіден, оларды кооперативтерге біріктіру. Бұл мәселе бойынша облыстың ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалы арқылы біршама жұмыстар атқарылуда. 2016 жылы Тағылы ауылдық округіне «Бірлестік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып басшысы Хайролла Акимов, құрамына 7 шаруа қожалығы кіріп, жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылдың аяғында Өспен ауылдық округінде «Алға» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, басшысы жоғарғы білімді жас жігерлі жігіт Мекім Дастан Есетұлы, құрамында 28 қосалқы үй шаруашылығы бар. Облыстың қаржылай қолдау қорынан 66,5 млн. теңге несие алып, кооператив мүшелерінің мал бастары мен өнімін көтеруге жұмыстар атқаруда. Осы тәжербиені әр округке жеткізіп, ауыл шаруашылық кооперативін құруды жалғастыру қажет. Бүгінгі күні Талды, Ақжал, Ақой, Көктіңкөлі сияқты ауылдық округтерінде осындай ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Мемлекет тарапынан салаға бөлінетін қолдаулардың біраз бөлігі осындай кооперативтерге бейімделетіні қуантады, сонымен қатар қазіргі таңдағы пайдаланбай жатқан жерлерді Үкіметке қайтару процесі қарқын алуда. Міне, осындай босаған жерлер кооперативтерге басымдылықпен бөлініп отырса, олар болашақта мал бастарын едәуір көбейте алатыны сөзсіз.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы барлық аудандарда облыс әкімінің орынбасары Ш. Мамалиновтың басшылығымен облыстың қаржы институттарының жауапты өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңестер өткізіліп, жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл үрдісті әрі қарай алып кету жергілікті әкімдер мен ауданның атқарушы және біздердің міндетіміз.
Екіншіден; биылғы жылдан бастап ауыл тұрғындарына, жұмыссыз адамдарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жеке үй шаруашылықтары мен ұсақ шаруа қожалықтарына (фермерлерге) төменгі жылдық пайызбен (6%) бес жылға несие-қаржы облыстағы 11 кредиттік серіктестіктері арқылы «2020 жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 1 428 000 000 теңге Республикалық бюджеттен бөлінді. «Шеткөмек» Кредиттік Серіктестікке 129 818 182 теңге қарастырылды. Егер берілген қаржыны ерте игерсек, Республикадан, облыстан қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Осыған орай ауыл, кент әкімдері Серіктестіктен несие алу үшін, алатын адамдардың құжаттарын күні бұрын наурыз айының ортасына дейін дайындап, ауданның жұмыспен қамту орталығына және бізге, серіктестікке тапсыру керек. Бізден, яғни, серіктестіктен несие алушылар, міндетті түрде ауданның кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келулері керек.
Биылдан бастап, облыс, аудандар бойынша Кредиттік серіктестіктерден 2015-2016 жылдары 14 пайызбен берілген несиелер Үкімет тарапынан 10 пайызы субсидияланады деген оң шешімді облыстың ұсақ шаруа қожалықтары асыға күтуде.
Облыс бойынша Серіктестіктер арқылы (облыста 11 кредиттік серіктестіктер жұмыс атқарады) 2015-2016 жылдары 2,5 млрд.теңге көлемінде 14% несие берілген-ді. Субсидия мөлшері – 250,0 млн.теңгені құрайды. Бұл қомақты қаражат, шаруаларға үлкен қолдау.
Біздің аудан бойынша кейінгі екі жылда (2015-2016 ж.ж) 37 шаруа қожалығына 247 млн.теңгенің несиесі берілді. Олардың субсидия көлемі 24,0 млн.теңге. Бұл қаражат олардың шаруашылықтарын әрі қарай дамуына оң әсерін береді.
Елбасының ұйғарымымен ауылдық жерде тұрып жатқан азаматтарға, олардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаны жұртшылықтың көз алдында.
Қазіргі уақыттың талабы – ауыл шаруашылығы саласының әрі қарай дамуы ғылыммен тығыз байланыста болуы. Ауданымызда біраз шаруа қожалықтары асыл тұқымды малдарын асылдандырып, бонитировка жүргізуге, асыл тұқымды малдарын көбейту мақсатында ғалымдармен жұмыс атқаруда. Ал егістіктермен, шабындықтармен және жайылым жерлермен ғылыми негізінде сүйемелдеу жұмыстарын ешкім жүргізіп отырған емес. Жуырда ғана шыққан «Жайылымдар туралы» Заңның талаптарына қарасақ жайылым айналымын қатаң сақтау, оған геоботаникалық, агрохимиялық зерттеулердің қаралуы көрсетілген. Сонымен қатар, аудан көлемінде жылдан-жылға жер қойнауынан пайдалы қазбаларды алумен шұғылданатын өндірістік орындар көбеюде. Әрине, бұл заманның талабы, аудан экономикасына салынатын үлкен инвестиция, ауданның қосымша жұмыс орындары. Дегенмен, бұл ашылып жатқан кәсіпорындар көбінесе ашық тәсілмен жер қыртысын сыдыруда. Ал біздің өңірде жылына 70-100 күн жел тұрса осындай өндіріс орындардың маңындағы топырақтардың зиянды, басқа да қалдықтармен ластанбауына ешкім кепілдік бермейді. Жоғарыда көрсетілгендей біздің әр шаруа қожалығында 1-2 ғана жұмыскер бар екенін ескерсек, бұл кісілер өздерінің күнделікті жұмыстарына қоса жерлерін зерттеу жұмыстарын жүргізетін мүмкіншіліктері аз, сол себептен өзінің ең басты міндеті – жалға алған жерінің топырақ құнарлығын түсірмеуді тиімді орындауды атқара алмайды.
Осыған орай құрылатын кооперативтерді құр құрып қана қоймай, оларға ары қарай қолдау үнемі тұрақты түрде жасалуы керек.
Үкімет тарапынан тағы да субсидиялау көздерін қарастыру керек сияқты. Мысалы, кооперативке несиеге берілетін мал сою цехін алайық. Бұл цехтар біздің ауданға әсіресе, былтырғы атышулы «сібір жарасынан» кейін қажеттілігі бірінші кезекте. Осындай нысандарда сойылған әр басқа, немесе жылына 1 рет кооперативке субсидия қаралса, ия болмаса сүттің литріне, немесе еттің килограмына төленетін субсидия көлемін 1,5-2 есеге ұлғайтса деген ұсынысымыз бар.
Осындай ауқымды көмектерді нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушыларына кооперативтерге, ауылдағы ағайындарды біріктіруге және оларға жан-жақты қолдау жасап, қазіргі заманауи озық техника мен технологияларды алуға қолдау көрсету бүгінгі күннің басты талабы.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын абыройлы орындау баршамыздың міндетіміз.
Боранбай Жұмкеұлы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық саласының үздігі,
«Шеткөмек» Кредиттік Серіктестігі» ЖШС басқармасының төрағасы.